Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі  №75  мектеп-гимназиясы

Ғылыми Жоба

 Тақырыбы: Жүннен жасалған бұйымдар

Бағыты: Этномәдиениеттану

Ғылыми жетекшісі: Мадиева Д.П.

Технология пәнінің мұғалімі

Жобаны ұсынушы: Қуанқызы Балсая

Қуанқызы Балсая

ЖОСПАР

Кіріспе.

І.     Халықтың қазынасы – қолөнер.

І.1.  Киіз басу өнері.

І.2.  Жүн және күзем.

І.3.  Киізден жасалған бұйымдар.

ІІ.    Ұлттық қолөнердің заман талабына сай, жаңа қырынан көрінуі.

ІІ.1. Жүннен жасалған заманауи үлгідегі бұйымдар.

ІІ.2. «Мен анама жүзік сыйлағым келеді». Жүннен жасалған жүзік.

ІІІ.  Қорытынды.

  1. Иллюстрациялар.

№75 мектеп-гимназиясының 6в сынып оқушысы

Қуанқызы Балсаяның

«Жүннен жасалған бұйымдар» атты ғылыми жоба жұмысына жүргізілген жұмыстарына

КҮНДЕЛІК 

Қыркүйек Жүннен жасалған бұйымдар жайында материалдармен танысып, оны жан-жақты зерттеу.
Қазан Жүннен жасалған бұйымдар. Үлгілерін жинақтау.
Қараша Жүннен жасалған бұйымдарда қолданылатын негізгі әдіс-тәсілдермен танысу. Материалдар жинақтау.
Желтоқсан Қазақ халқының ұлттық мәдениеті жүннен жасалған бұйымдарды кездесетін ою-өрнектің түрлері, оның тәрбиелік мәні.
Қаңтар Шебердің қолданатын негізгі әдіс-тәсілдері. Түрлі бұйымдармен таныса отырып эстетикалық таным-талғамды шыңдау. Материал жинақтау.
Ақпан «Мен қолөнер шеберлігін дамытқым келеді». Жүнмен жұмыс, жүзік, білезіктің жасалу жолдары.

Кіріспе

Қолөнер – ежелден келе жатқан кәсіп. Ол халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге дамып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады.

Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» Қазақстан халқына арналған жолдауында «Біздің жас мемлекетіміз өсіп, жетіліп кемелденді, біздің балаларымыз бен немерелеріміз ер жетеді, олар бабаларымыздың игі дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр, жас мемлекетіміздің болашағы – мектеп оқушылары» деген болатын.

Халық өнерін оқытып үйретуде зерттеуші ғалым (қазір Е.А.Бөкетов атындағы мемлекеттік университетінің аға оқытушысы) А.Ш.Манабаеваның «Материалды дәстүрлі өңдеу теххнологиясы» оқу-әдістемелік құралы табиғи материалдың пайдасын, құндылығын ұқтырып, болашақ ұрпақ тәрбиесіне бағытталған.

Еңбектің өзі – өнер. Ал еңбек тәрбиесі өнерден туындайды, еңбек шеберлігіне үйренеді. Қазіргі нарықтық заман шығармашылықпен жобалау мен жоспарлай білуді талап етеді.

Фарабидің шәкірті, оның ілімін әрі қарай жалғастырушы Ибн-Синаның «Кімде-кім өзінің тіршілігі үшін өзіне пайда келтіретін еңбекпен айналысқанда ғана ел ада бола алады» деуі бекер емес.

Оқушыға ізденіс жұмысын бастап беру зерттеу жұмысын жүргізу оқушының танымын кеңейтеді, білімін тереңдетеді, дамытады. Материалды дәстүрлі өңдеу технологиясы бағдарламасы бойынша жүннің шығу табиғатынан, өңдеу жолын, одан жасалатын бұйымның тарихын зерттей отырып, қорғаған ғылыми жұмысымды ұсынып отырмын.

 І. Халықтың қазынасы – қолөнер

Қай халықтың болмасын ұлттық мұрасы, халықтық қазынасы – қолөнері болып табылған. Халық шеберлері ұлттық қолөнер бұйымдарын жасау арқылы сол халықтың этикалық және мәдени ұлттық дәстүрін көрсете білген. Зерттеліп отырған жұмыста халқымыздың қолөнерінің бір ғана қырын ала отырып, қазақ қолөнерінің ұлттық ерекшелігімен сол қолөнердің заман ағымымен дамып келе жатқандығы негізгі арқау болған.

Атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық қолөнерді өткен ғасырда жоғалтып ала жаздап, егеменді ел болғалы өз мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, рухани сән-салтанатымызды, ырым-наным, әдет-ғұрып, тұрмыс-тіршілік болмысымызды қайта жандандырып, қазақ қолөнері қайадан ел арасына, білім ордасына бірте-бірте тамаша үлгерімен еніп, оқушыларға жан-жақты білім мен тәрби беруге, жаңаша еңбек етуге талпындырып отыр. Әрине бұл халықтың педагогика негізі болып табылады. Қайта жаңғырып, жастар тәрбиесіне арқау болып отырған халықтық педагогика – бұл кезде педагогтар қауымына ғана емес, бүкіл қауымға ортақ әлеуметтік қозғалыс. Халықтық педагогика кешегі ойшылдар мен сал-серілерден, шешен-билерден, ақын-жыраулардан мирас болып қалған құнды тәрбие құралы. Ұлттық педагогика жаңалық емес, ол ежелден халықпен бірге өмір сүріп келе жатқан тәлім-тәрбие мектебі.

Болашақ ұрпақтың сана-сезімін, ұлттық психологиясын, оны ерте замандағы ата-бабалар салт-дәстүрімен сабақтастыра тәрбиелеу қазіргі күннің ең өзекті мәселесі екендігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Ұлттық педагогиканы насихаттауға қай пәннің болса да ыңғайы мен мүмкіншіліктері мол. Сонымен технология сабақтарында қолөнерге үйрету арқылы тәлім-тәрбиені оқу-тәрбие процесіне арқау ету қажеттігін күн тәртібі туындатты.

Киіз басу, сырмақ сыру, текемет, алаша, шым-ши, аяққап, құрақ көрпе және ұлттық киімдер мен кілем тоқу сияқты күні бүгінге дейін өз маңызын жоғалтпай келе жатқан сондай дәстүрлі қолөнер ұлгілерін үйреті – оқушыны еңбексүйгіштікке, әсемдікке талпындырып, халқының тарихын білім, мәдени мұрасын қадірлеп, дәстүрін жалғастыра білуге баулиды. Оның үстіне ұлттық қолөнер өзінің тарихы терең, мазмұны сан қилы ерекшеліктерімен болашақ жастарға рухани, эстетикалық, эмоционалдық, интеллектуалдық тұрғыда әсер етіп, олардың тұлғалық және сапалық қасиеттерін дамыта түсері сөзсіз.

Сәндік қолөнерге қолөнгерге үйреткенде белгілі шеберлердің туындыларына талдау жасап, мүмкіндігі болса еңбекерін көрсетіп, мұражайларды аралатып немесе шеберлердің жеке көрмелеріне апарып, оқушылардың қызығушылығы мен ой-өрісін ояту қажет деп санаймыз.

Оқушыларға тәрбиелік мәні бар халықтық мұралар аз емес. Қазақ халқының өнерін, іскерлігін, өнер шеберлерінің қолынан шыққан алуан түрлі заттар мен бұйымдарды айтып, бұрыңғысымен бүгінгісін салыстыра отырып, ұлттық өнерді сүюге, құрметтеуге баулу, бүгінгі шәкірттерді ертеңгі еңбеккер, жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелейді, оқушылардың жүрегіне жол тауып, олардың бойында еліне, жеріне, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін, пәнді оқып үйренуге деген ынтасын, құштарлығын арттыру, қазақ қолөнерін жас жеткіншектердің санасына жеткізудің құралы.

Ою-өрнекке мән беруге үйрену арқылы астарлы ойлау қабілетіміз қалыптасады.

Қолөнерді игеру арқылы кез келген істі төзіммен аяқтауға жаттығамыз және еңбек етуге үйренеміз.

І.1. Киіз басу өнері

Көшпенді шаруашылықтың экономикалық құрлысының ерекшелігі қазақтар өмірінде рулық, халықтық этникалық ескерткіш мәні материалдық және рухани мәдениет саласындағы бірқатар спецификалық құрлыстардың пайда болуына әкеп соқтырады. Мұндай құрлыстардың қатарына киіз басу өнерін толықтай жатқызуға болады. Киіз басу өнері фольклормен бірге халықтың білімін, тәжірибесін, даналығы мен философиясын сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін құрал болып табылады.

Киіз басу өнерінің пайда болған кезін молаларды қазған кезде археологтар тапқан заттарға қарап анықтауға болады. Мұнда қазақ қолөнерінің әдістеріне ұқсас алуан түрлі техникалық әдістерді, технология, түстік композициялық шешімдер мен кей кезде киізден жасалған бұйымдардың символикалық мағыналық мазмұнын, ерекшеліктерін айта кетуге болады. Әсіресе, бұл Пазырық (Алтай) және Нойын – Ұла (Моңғолия) қорғандарынан табылған киізден жасалған бұйымдар, зергерлік әшекейлер мен басқа да заттарға қатысты.

Тұңғыш рет мал шаруашылығымен айналысқан көшпенді ғұн тайпаларының күрделі мәдениеті туралы мәлеметтер алынып ғұн өнерінің көркем өнерлік сипатын ашуға қол жеткізілді.

Ғұндар жібек матамен қапталған, фетр (қоян жүнінен және мех қалдықтарынан басылған материал) сияқты жұмсақ киізбен киізден, жүннен жасалған шұғылаларды кең пайдаланған. С.И.Руденко былай деп жазған: «№6 Нойынұлылық қорғаннан табылған ғұндардың кең шалбарлары қалың қара қошқыл жүн матадан тігілген. Жаз мезгілінде жұқа сырылған киізден астар салынып, жібек матадан тігілген шекпен киген. Ер кісінің баскиімінің бірі – ежелден мал шаруашылығымен айналысқан еуразиялық тайпаларға тән шошақ төбелі. Бұл осы күнге дейінгі түркі халықтарының тұрмысында батыста башқұрттардан бастап шығыста қырғыздарға дейін сақталып келеді».

Ғұндардың аяқкиімі былғарыдан тігілген. Уақыт өте келе көшпенділер іштен киетін киіз етіктерге байпақ деген атау берген. Ол еш өзгеріссіз күйінде қазақтар арасында XVIII-XIX ғасырға дейін кең қолданылып келген.

Х ғасырдағы «Худуд ал – алам» (Әлем шекралары) атты кітапта Ертіс бойында мекендеген қимақтар тайпасы жайлы айтатын мынадай жолдар бар: «адамдар жаз және қыс мезгілдерінде киіз үйде тұрады, жайылым жер мен су іздеп көшіп қонып жүреді».

Саяхатшылар мен зерттеушілер қазақ киіздерінің жоғарғы көркемдік деңгейі, олардың ескерткіштері туралы көп жазған. IX-XIV ғасырларда еуропалық, ортаазиялық және араб деректерінде Плано Карпини, Гильом де Рубрук, Ибн Баттута, Шараф аддин киізді қолданудың әр түрлілігі жайлы бірнеше рет атап көрсеткен. Сондай-ақ олар мына қызықты фактіні келтіріп өткен. «Олар жүзім шабақтары мен ағаштарды, құстар мен аңдарды бейнелей отырып, түрлі-түсті немесе басқа да киіздер тіккен». Оны әдемі, әрі алуан түрлі «кескіндемемен» өрнектелген киіз арбалардың өте көп мөлшерінің бір жерге шоғырланғандығы қатты таң қалдырады.

ХІХ ғасырдың ортасында, қазақтардың үй іші қолөнер кәсібіне алғашқылардың бірі болып назар аударған Г.Колмогоров, қазақтар киіз, шекпен, әр түрлі кең шалбарлар, кілем және тағы басқа бұйымдардың өте көп мөлшерін жасап даярлаған деген. Халық өнерін зерттеуде Ш.Уәлиханов орасан зор үлес қосты. Оның жұмыстары әр түрлі салттық жораларда, көзқарастар мен түсініктерде жүзеге асқан көшпенді қазақтардың рухани әлемінің спецификалық ерекшеліктерін бізге жеткізді.

Киіз басу, қой қырқу, жүн сабау, киіз басу сияқты жұмыстар жылына бір-ақ рет келетін науқанды жұмыс саналған. Сондықтан ауыл жастары мұндай жұмыстарға ерікті түрде араласуды, көмектесуді өздерінің міндеті деп біліп, оған бар ынтасымен қатысады. Жүн сабау, киіз басу жұмыстары жастардың бас қосып, әзіл айтысатын өте көңілді сауық-сайран орны болған. Қазақтың «киіз басу» биі, «қойбасты» ойыны, жас балаға бір шүйке жүн беріп жіберіп, құрт-май және басқа да дәмді ас алдырып жеу дағдысы да, еңбектің өзіне тән ерекшелігіне байланысты өз кезеңінде туған салт-дәстүрлері.

І.2. Жүн және күзем

«Жүн» дегеніміз – жан-жануардың үстіндегі түгі, қылшығы екені баршаға аян.

Халқымыздың ғасырлар бойына мал шаруашылығымен шұғылдануы ма жүнін пайдалануына табиғи негізі болды. Өйткені көшпенді тұрмыс қажетіне өтейтін өнімдерге мүқтаж еді. Жүннен жасалған бұйымдар мықты, шыдамды, түрмысқа қолайлы, денсаулыққа пайдалы (суыктан, ызғардан, күн көзінен т.б. қоргайды), алып жүруге ебдейлі және жеңіл. Бұл өнімдер тұрмыс тәжірибесі барысында сараланып, дамып отырды. Осы негізде пайдаланылған баспана, төсеніш, үй жабдығына қажетті заттарды көліктерге (атқа, түйеге) артып-тартуға, беріктеу, сәндеу, мініс көліктерін, сауын малын, төлдерін қолда ұстау, жұмысқа жегуде арқан-жіп, бау-шу, ноқта, көген, желі сияқталардың да алуан түрі жасалынды. Жүннен киіз басылып, үй жабылды. Текемет, сырмақ сияқты төсеніштер мен қабырғалық дорбалар, мүліктердің қабы барлығы дерлік киізден жасалады.

Сырмақ, көркемдеуге, үй сәндеуге алуан жіп түрі дайындалып, жиектер есілді. Осындай жамылғы, төсеніш, беріктеу, байлап- матау, сәндеу жұмыстарында жүннің ролі ерекше болды. Ал мал шаруашылығымен шұғылданған халқымыз жүнді төрт түлік малынан, яғни қой, ешкі, жылқы, түйе күземі арқылы жинап алып отырды.

Күзем алу – дәстүрлі науканды жұмыстардың бір түрі болып есептелді.

Күзем алу

Күздігүні мал қырқылатын мезгілде мал жүнінің қырқылып алынуы – күзем алу делінеді. Киіз басылатын жүн негізінен қойдан алынады. Сондықтан «күзем» сөзі күзгі мезгілді меңзейтін ұғымнан шыққан. Бірақ әр түліктің күзелу мезгілі әркелкі.

Қой күземі 9-шы айдың ортасынан бастап 10-шы айға дейін алынады. Қозы күзем 7-ші айдың ішінде, 8-ші айдың басында алынады. Қойдың өлі жүні 5-ші, 6-шы айларда таралады да, қоймен бірге қырқылады.

Түйе күземі күннің жылы мезгілінде, яғни 5-ші айдың ортасынан 6-шы айдың басына дейінгі аралықта алынады. Түйе жүні толық көтерілгенде өткір пышақпен күзеледі. Түйенің жабағысы, шудасы болады. Түйе шудасы желкесінде, тамақ астында, қолтығы мен өркешінде болады. Басқа денесінде жабағысы және түбіті болады. Тайлақ пен ботаның жүннің түбіті мол болады.

Жылқы күземі 4-ші айдан бастап алынады. Күлетіндер – тай мен жабағылар, қысыр бие, байталдар, құнандар. Соғым малы және тұлданған ат, басқа да аталық айғыр, ат, биелер күзелмейді. Тайды еркек, ұрғашысына карамай жалын сыпыра күзеп, тек уыс толар шоктык қалдырады, кекілін қысқарта теңестіріп қояды. Құйрығын түбіне дейін сыпыра күзеп, ұшына «шыбынқағар» шашақ қалдырады.

Құнанның кекілін шырпып қана теңестіріп, жалын тай күзегендей сыпыра күзейді, құйрығы күзелмейді. Сайталдың кекілі мен жалын кұнанша күзейді. Құйрығының жоғары жағынан «жол көрсетер» деп аталатын екі кертік қалдырады да, құйрығынан «шыбын қағар» шашақ қалдырып, түгел күзейді.

Қысырдың (қысыр калған биенің) «бойын түзеу» үшін кекілін төгілте қалдырып, жалын сыпыра күзейді, құйрығын жоғарғы жағынан күзеп, ұшын шырпып тегістейді.

Соғым малын ат болсын , бие болсын соғымға арналса болғаны барлығы күзеледі. Жалын сыпыра күзеп, құйрығын тірсегінен шорт кеседі.

Асқа сойылатын тұлданған аттың жал құйрығын күзеп, мінбей жылкыға қосып жібереді. Көш-қонда иесінің ер-тұрманын, кісе белбеуін, қару-жарағын, асыл киімдерін ер үстіне салып, тұлдап жетекке алып жүреді. Бүндай тұлданған атқа адам мінбейді.

Тұлданған атты күзеу – соғым малын күзеумен ұқсас, тек кекілін жоғары көтеріп, төбесіне мықтап түйеді де, кекіл ұшын теңестіріп шырпиды (жылқы күземіне арнайы қайшы пайдаланылады).

Қой күземі

Күзем алардан бұрын қой-қозыларды ағын суға тоғытып алады. Тоғытылатын қой-қозы жүні шуашынан, кірінен, шаң-топырақтан арылады. Тоғытудың мақсаты да міне осы. Тоғыту аяқталып, қой- қозы жүні кепкен соң қырқым басталады.

Қырқым кезінде жүнге шөп-шалам ілінбеуі, таза болуы үшін қой- қозы қырқылатын жерге көне туырлық, үзік төселіп қырқым науқанына дайындалады. Қырықтықшылар тобы, қойды жығып аяғынбуатын топ, жүнді жиып қапқа салатын топ болып бөлінеді, сонымен қатар ауыл азаматтары бас болып бала-шаға, жас-кәрі демей жабыла кірісіп, күзем алу науқанын аяқтайды.

Қырықтық

Күзем алудың дәстүрлі сайманы – қырықтық. Ол – өткір, түп жағы жалпақтау, басына қарай сүйірленіп үшкірленген, қарама-қарсы екі жақтаудан тұратын темірден жасалған сайман.

ТҮп жағындағы жақтауы тоқтаған жеріндегі бір қарыстай аралықтағы сабының басынан екі көз жасалады. Көздері бір-біріне қарама-қарсы келіп, бұл көздер қырықтық жақтауын біріне-бірін қайшыластырып, біріктіріп тұратын тиек ағашпен жалғастырылады. Тиек ағашты – қырықтықтың «есегі» деп атайды.

Қазір қол қырықтықтың орнына электр қырықтықтар пайдаланылып жүр.

Күзем алардан бұрын қырықтықтар қайралып, есегі тексеріліп, қалыпты өлшемге келтіріледі.

Қырықтық әр үйде кемінде бірден болады. Қырықтық қабына салынып сақталады. Қырықтықты ертеде қазақ ұсталары қолдан соғып жасай білген.

Жүн қырқылу барысында ақ, қара, кер қызыл түрге айырылып бөлек-бөлек жиналады, әрі олар сапасына қарай ұяң, салалы, қылшықты, қысқа бауыр жүндер болып реттеліп бөлінеді. Қырқылып алынған жүн осы қалпында киіз басуға келмейді, оның іртігін жазып, қайызғақ, шөп-шаламынан арылтып, құмалақтарын қағып алып әбден тазалап, үлпілдетіп алу керек. Бұл жұмыс «жүн сабау» арқылы орындалады. Жүн сабау – киіз басу дайындығының 3-ші басқышы (1-ші тоғыту, 2-ші қырқым, 3-ші жүн сабау).

Жүн сабауға қолданылатын жабдықтар

   Жүн сабауға қолданылатын жабдықтар: сабау және тулақ.

Тулақ

Тулақ – мал терілерінен жасалатын, жүн сабағанда жерге төселетені төсеніш. Жылқы, сиыр, серкені сойғаннан кейін, терісін шикілей керіп кептірсе, көнге айналады. Жаңа сойылғанда шелінен, көк етінен арылтып тазалайды, егер тері өте майлы болса, ащы жағып майын алады, одан соң теріні көлеңкелі тегіс жерге немесе тақтайға керіп шегелейді.

   Әдетте тұлақ қазан-аяқ жақтағы сырмақ астына төселінеді. Жүн сабағанда тулақтың жүн жағы астына, тықыр жағы үстіне қаратылып салынады, сабаудың толассыз төпештеуіне тек осы тулақ қана төзімді.

Сабау

Сабау – ырғайдан, талдан алынатын бір жұп жіңішке таяқша. Қолға ұстайтын жағының 8-9 см жерінің қабығы қалдырылып, басқа жері қабығынан толық аршылады. Ұзындығы 110 см таяқшаның бас-аяғын кесіп кемтіреді де жүнді ілмеу үшін және жүрдек болсын деп, қоламтаға бірнеше рет сүңгітіп алып, сыртын тегістейді.

   Сабаудың екі түрі болады. Бірі сомдау, қарымды келеді. Мұнымен жүннің іртігін тез жазуға болады, бұл сабау – тулақ сабауы. Екінші түрі – жүн шабақтауға арналған жіңішке сабау. Сабаудың міндеті; сабалған жүнді шиге көпіртіп тегіс жаю. Бұл – күш емес, епті қажет ететін жұмыс. Соған лайық сабау жіңішке жасалады, әрі осы сабау көмегімен жүн шиге шабақталатындықтан, бұл сабау – «шабақ сабау» делінеді. Кей жерлерде майда жүнді осы шабақ сабаумен сабап көпіртеді.

Жүн сабау

Жүн сабау – ертеден келе жатқан дағдылы жұмыстарды бірі.

Бір отбасы аз жүнді бір жұп сабау, бір тулақпен өздері-ақ сабап, үлпілдетіп тазалап алады.

Күзем жүнін сабау ауыл болып жасалатын жұмыс. Жүн сабайтын үй алдымен үй ішін кеңітіп, жүктерді, төсектерді далаға шығарады. Үй өте кең болса, онда жабдықтардың барлығын қымтап жауып тастап, ортаға жүн сабайды.

Әр отбасында жүн сабай алатын қыз-келіншек, жігіт-желеңдер, осы жүн сабайтын үйдің шақыруымен сабауларын көтере келіп, топтасып бүгін бір үйдің, келесі кезекте екінші үйдің жүнін сабап бітіреді.

Жүн сабатқан отбасы бұл науқанға «тулақ шашу» береді.

Жүн сабайтын 10-20 адам ортаға екі-үш тулақты біріктіріп салып, бір сабам жүнді қашан іртігі жазылып, үлпілдегенше көпірте сабап, болған соң жүнді ортасына қарай қайырып салып түйдек етіп, сабаумен көтеріп алып ірге жаққа жинайды. Жүн сабау барысында ақ жүн бір бөлек, кер қызыл жүн бір бөлек, қара жүн бір бөлек сабалып, жеке-жеке жиналады. Жүн сабаудың да өзіндік бірнеше түрлі әдісі болады.

Жүн сабағанда жүн сабаушылардың қолы бірдей көтеріліп, бірдей түсіп отыруы қажет. Бұл жүн сабау ырғағын қалыптастырады. Бұл ырғақ бұзылса, сабау біріне-бірі ұрылып, ағаттық туады. Ол үшін жүн сабаушылар екі қолын кезек-кезек көтеріп сабау әдісін қолданады. Бұндай жүн сабау әдісін қолданғанда барлық жүн сабаушылар алдымен оң қолындағы сабауды көтереді, бірақ сабауды орнынан тік көтеруге болмайды, сабауды суырып тартып, одан соң көтереді. Яғни оң қолыңыздағы сабауды өзіңізге қарай жүннен суыра тартып шығарып алып, жоғары көтересіз, бұл кезде 2-ші қолыңыздағы (сол қолыңыздағы) сабауды жүннен суыра бастайсыз. Оң қолыңыздағы сабау артқа қайтқан тебінімен тулаққа ұрылғанда, сол қолыңыздағы сабау жаңағы әдіс бойынша жүннен суырылып алынып, артқа қарай көтеріліп қайта түскенде, оң қолыңыздағы сабау жаңағы қимылды қайталайды. Осылайша жүн сабалады. Бірақ салмақпен тулаққа түскен сабау орнынан сәл серпіліп көтеріліп қайта түсіп, жүнді көпіртіп отырады. Бұл қимылды барлық адам бір кісінің қимылындай тең орындаулары керек. Бұдан басқа іртігі жазылмайтын өте түйдек жүнді жерге қос қолдап сабау әдісі де қолданылады. Қос қолдап жүн сабауда жаңағы екі қолдың кезектесіп істейтін ырғағы бір қолдың қимылына өзгеріп, екі қолдағы сабау тулаққа тең түсіріліп, тең серпіліп, жүнді көпіртіп, тең жүннен сурылып алынып, тең артқа қарай көтеріліп отырады, бұл қимылды да барлық адам тең орындайды.  Осы екі түрлі жүн сабаудың ішінде «есіп сабау», «көсіп сабау»,  «көпіртіп сабау» т.б. жүн сабау түрлері қамтылып жатады.

І.3. Киізден жасалған бұйымдар 

Қолөнер түрі Қай ғасырда пайда болды? Қайда? Қай елде? Қолданылуы Жасалу әдісі
1 Киіздің түрлері: өре киіз, текемет, сырмақ, талдырма, сатымсақ, қозы жүнді киіз IV-V Түркі тілдес халықтарда Үй шаруашылы-ғына, Қой, қозы жүнінен
2 Киіз басу IV-V Түркі тілдес, көшпенді шаруашы-лықта Киіз үй жабдықтары, үйдің ішкі бұйымдары, киім кешек. Жүнді қырқу, жуу, кептіру, тарау, түту, шумақтау, сабау, шиге тарту, шабақтау, сулау, байлау, басу
3 Киізден тігілген киім IV-V Есік қорғаннан табылған «Алтын адам» костюміне пайдаланған Жұқа тығыз басылған кигізден қиып тіккен алтынмен әшекейленген
4 Киізден тігілген бас киім, шапан, аяқ киім. V Б.з.д І мың-жылдық Бесшатыр қорғандарынан табылған Сақтардың үшкір бас киімдеріне шекпен, байпақтарына пайдаланған Қалың және жұқа, ақ және қара түсті киізден тіккен
5 Кигіз кілем V-VII Қызылорда аймағында табылған Ұйғарақ және Тоғыскен археологиялық ескерткіштерінде кигізді қабырғаға қаққан Ақ, қара киізді ою-өрнекпен әртүрлі бедер салып, кестелеп, өрнектеп жасаған
6 Киізден тігілген аяқ киім XVIII-XIX Көшпелі шаруашы-лықта Киіз үй жабдықтары, үй бұйымдары, шекпен, аяқ киім, мұйық, байпақ, пима, ат әбзелдері, түйе шомдарына пайдаланған. Қалың және жұқ, қозы жүнді, кесек киіз, талдырма киіздерден тіккен
7 Киізді түрлендіре пайдалану XIX орта шетінен XX бас кезі Қазақ халқы, түркі тілдес халықтар Киіз үйге, үй іші бұйымдары; текемет, сырмақ, түс киіз, аяққап, кереқап, қоржын, чемодандар т.б. тігуге пайдаланған Ақ қара түсті және түрлі түсті бояулармен бояп, оюластырып, өрнектеп кестелеп тіккен
8 Киізді дамыта пайдалану XX Басқа шет мемлекет-терде, Моңғолияда, Түркістанда Жайнамаз, кебенек, аттың кежімдері, сырмақ түрлері т.б. Жұқа талдырмаш киіздің бірнеше түрін оюластырып тіккен
9 Киізді жаңа технологияда пайдалану XXI, яғни қазір Қазақстан аумағы, Моңғолия, Түркия, басқа шет мемлекет-терде Киіз үй жабдықтары, төсек орны жабдықтары, үй іші бұйымдары, киім кешек, киізден тігілген әр түрлі көрмелерге, мүсіндер тігуге пайдаланады Бояйды, пішеді, ою-өрнек салады, қияды, желімдейді, жүрмейді, жүрмейді, іс машинамен  және қолмен тігеді
10 Киіз бұйымдарының қолданылуы XXI, осы күндер Қарағанды облысы Қарқаралы аудан төңірегінде Оюлы сырмақтар трлері, текемет түрлері, пима, киіз байпақ, киізден тігілген мүсіндер, киіз үй жабдықтары, ат әбзелдері т.б Ояды, сызады, пішеді, басады, желімдейді, тігеді, қосымша әшекей бұйымдарын

ІІ.1. Жүннен жасалған заманауи үлгідегі бұйымдар

Жүннен жасалған бұйым түрлері  

Тауық     Жүзік

         Тауықтың балапаны                                     Сәнді түйреуіш

Сабынды сумен киіз басу

Сабынды сумен киіз басу – жүннен киіз басудың олардан неше түрлі бұйым жасаудың ең қарапайым түрі. Бұл тәсілді қолдану үшін жүн, су, сабын және қос қол қажет болады. Жұмысқа көшер алдында, кең, жайлы жер таңдап, жұмыс орнының үстіне бамбуктен жасалған жұқа ши төсеніштер немесе полеэтиленді жұмсақ төсеніш төсеуге болады.

Ши бетіне жүнді реттеп қою әдісі:

Шүйкеленген жүнді шетінен сол қолға қысып ұстай отырып оң қолдың алақан арасымен қыса отырып жұлу арқылы шетінен жүнді ши бетіне орналастырамыз. Шүйкеленген жүннің ұзындық қалпын сақтай отырып тарту қажет.

  • Абайлап және бірқалыпты топса талшықтарын реттеп жұмыс орнына орналастыру
  • Келесі қатарды алдыңғы қатарға ұқсатып орналастыру
  • Жүннің қалыңдығы барлық жерде бірдей болуы керек. Дәл осылай керек көлемдегі жүннің бәрін жасап шығу керек. Содан соң келесі қабатын бірінші қабатқа 90 градус жасай бұрылып жатуы керек. Неғұрлым көп қабат болса, соғұрлым, бұйым қалың болады.

 

Дұрыс                                                                                                   Дұрыс емес

  1. 1-қатардың орналасу реті
  2. 2-қатардың орналасу реті
  3. 1 қатар төселіп болған жүн

 

Сабынды сұйықтықты дайындау

  • Сабынды сұйықтық сабын бөлшекгінен жасалады: сабынның 100-125 г 2л суға өлшеп аламыз.
  • Алынған сабынды майдалап бөлшектеуіміз керек, содан соң оны оған лайықты ыдысқа құйып, үстіне 1л қайнаған суды құйып, сабынды еріту қажет
  • Сабын әбден еріп, қоймалжың түрге енеді
  • Осы дайын болған сабын суды жұмыс жасауға пайдалануға болады
  1. Жүнді ши бетіне бір тегіс етіп жаймалап, қажетті көлем аламыз. Осы жаймалаған жүннің бетіне тор мата төселеді. Бұл бізге жүн жылжымай бір қалыпты өз орнында тұруы үшін қажет.
  1. Тор бетіне қоймалжың сабын суды себелеп, бір тегіс сулап шығамыз.
  1. Енді жүн басу әдісін тор мата бетін алақанмен арлы-берлі сипалау арқылы тегістеп басамыз.
  1. Алақанмен сипалау әдісін біраз уақыт қолдану барысында жүн ширығып, бір-біріне кірігеді. Бетіндегі тор матаны алған кезімізде жүн матадан ажырап өз қалпын сақтап қалады.
  1. Енді жүн бір-біріне кірігіп киіз қалыпқа түсті, киізіміз ширақ, мықты болуы үшін алақанмен мыжу әдісін одан әрі жалғастырамыз.
  1. Жүнді киіз толық басылып болған болмағанын бетіндегі жүнді тартқылау арқылы білуге болады, егер жүндер оңай алынып кетіп жатқан болса, киізді әлі де басу қажет деген сөз.
  1. Сондықтан сабынды суменен киізімізді тағы бір рет басып шығамыз.
  1. Киіз толық басылып соңғы өңдеуге дайын.
  1. 5 ақ және 1 сары жүннен бірқалыпты шүйке дайындалады.
  1. Шүйкеленген жүндерді жеке-жеке домалақтап аламыз. Ол үшін әр шүйкені сабынды суға батыра отырып, алақан арасында домалақтаймыз.
  2. Арнайы иненің көмегімен жапырақшаның бейнесі жасалады.
  1. Түймедақ гүлінің бейнесін келтіре отырып, домалақтарды бір-біріне біріктіріп тігеміз.

Жапырақшаның астына дайынды шаш қыстырғышты бекітіп, тігіп қоямыз.

  1. «Түймедақ гүлі» шаш қыстырғышы дайын
  2. Гүліміздің одан әрі өңін аша түсу үшін сары жіппен мынадай суреттегідей сызықтар түсіруімізге болады.

Домалақтап ширатылып дайындалған жүннен жасалған алқа мен моншақ:

Қорытынды.

Еліміз егемендік алғалы жас ұрпаққа өз халқының өнегесін, әдет-ғұрпын насихаттау күн тәртібіндегі өзекті мәселе болуда. Осы жұмыстың нәтижесінде ұлттық қолөнер туындысы киіз басу – қолөнер шеберлерінің ғасырлар бойы сақталып келген дәстүрі кеңінен қамтылды.

Қазақ халқы өз тұрмысы мен мәдениетінде қолөнерін мұрат тұтып жетілдіре білген. Шеберліктің небір сан саласын асқан ұқыптылықпен көкірегінде қастерлеп сақтап, меңгеріп, біздің дәуірімзге жеткізген.

Халық қолөнерін зерттеу, қалың қауымның игілігіне айналдыру, қазіргі заманның бір мәселесі. Көшпелі мал шаруашылығымен немесе жартылай отырықшылыққа ауысып, егіншілікпен айналысқан қазақ халқының күнделікті тұрмысына қажетті киізден жаалған бұйымдардың түрі сан алуан. Сондықтан ұрпақтарымызға ұмыт болып бара жатқан осы қолөнер туындысын таныстырып, қолөнер, сурет, архитектура және өндіріс салаларына ендіріп қана қоймай, осы өнерді қайта жаңғырту біздің мақсатымыз.

You May Also Like

Жылқы, ғылыми жоба

ҒЫЛЫМИ ЖОБА ТАҚЫРЫБЫ: ЖЫЛҚЫ МАЛДЫҢ ПАТШАСЫ Мазмұны: І. Кіріспе ІІ.Негізгі бөлім 2.1  …

Зімбір өсімдігінің емдік қасиеттері, ғылыми жоба

Ақша тарихы және оның қазіргі қалпы, ғылыми жоба

Бағыты:  Экономика Жоспары: І. Кіріспе ІІ. Негізгі бөлім 2.1. Ақша тарихы 2.2.…

Диалект сөздер, ғылыми жоба

Ғылыми Конкурс : «Диалект сөздер» Секция: Қазақ тілі Кіріспе Еліміздің әрбір азаматы,…