Жұмыстың авторы: 

Коцан Арина

 «Асан Қайғы неліктен «Қайғы» аталды жұмысына

ПІКІР

Зерттеудің мақсаты Асанның «Қайғы» аталу себептерін іздеу; дара тұлғаның даналығына бойлау;  «Қайғы» сөзінің мағынасын түсіну арқылы ұлт болашағы, Ел мен Жерге деген  сүйіспеншілікті насихаттауболып табылады.

Зерттеудің ғылыми болжамы: Асанның «Қайғы» атануы тек қара басының

қиыншылықтары ғана емес, ел қамын ойлаудан туған  қайғы болса керек.

Зерттеудің кезеңдері:   1. Қажетті материалдар мен әдебиетттер жүйеленген;

  1. Асан туралы аңыздар, ғалымдардың пікірлері жинақталып, дәйектелген.

Зерттеудің жаңалығы мен жұмыстың өздігінен атқарылуы: Асан Қайғының өмірі мен аңыздарының әртүрлі нұсқалары   қарастырылып, көптеген ғалымдардың ой-пікірлері  сараланған.

Аринаның еңбегі оқушылардың қызығушылықтарын тудырады  деген пікірдемін. Ғылыми кеңестің жоғары бағасына лайық деп санаймын.

Аннотация

Зерттеудің мақсаты:      -Асанның «Қайғы» аталу себептерін іздеу;

-дара тұлғаның даналығына бойлау;

– «Қайғы» сөзінің мағынасын түсіну арқылы ұлт болашағы, Ел мен Жерге деген  сүйіспеншілікті насихаттау.

Зерттеудің ғылыми болжамы: Асанның «Қайғы» атануы тек қара басының

қиыншылықтары ғана емес, ел қамын ойлаудан туған

қайғы болса керек.

Зерттеудің кезеңдері:   1. Қажетті материалдар мен әдебиетттер жүйеленді;

  1. Асан туралы аңыздар, ғалымдардың пікірлері жинақталып, дәйектелді.

Зерттеудің жаңалығы мен жұмыстың өздігінен атқарылуы: Асан Қайғының

өмірі мен аңыздарының әртүрлі нұсқалары

қарастырылып, көптеген ғалымдардың ой-пікірлері

сараланды. Ой-пікірлерге Асан Қайғының

толғауларынан дәлелдемелер келтірілді. Қайғы сөзінің

мағынасын түсінуге байланысты ізденіс жұмыстары

жасалды.

Жұмыстың нәтижесі: Ғалымдардың Асанның «Қайғы» аталу себептерін

сараптау арқылы ғылыми жоба жазылды. Қайғы сөзінің

мағынасын тереңірек түсінуде Абаймен

байланыстыруға қадам жасалды.

Аннотация

Цели исследования: – Найти причины по которому Асана назвали «Қайғы»

(скорбь).

– Познать индивидуальность мудрой личности.

– Через понимание смысла слова «Кайгы»

пропагандировать любовь к будущему нации, к своей

стране, к родной земле

Научное   прогнозы  исследования: Причины по которому Асана назвали

«Қайғы» связаны не только с  личными

трудностями, но и с его

размышлениями о трудностиях  судьбы

народа.

 Этапы исследования: 1. Систематизированы материалы и литература.

2.Собраны и обоснованы мнения поэтов и ученных

об Асане.

Новизна исследований и самостоятельность работы: Были рассмотрены

разные версии жизни и легенд Асан Кайгы,

проанализированы мнения многих ученных.

Приведены  доказательства из эпических сказании

Асан Кайгы.Выполнены поисковые работы по

разьяснению смысла слова Кайгы.

Результат работы: Анализируя исследовательские работы ученых о

причине, по которому Асана  назвали «Кайгы»  был

написан научный проект. Для более глубокого

понимания значения слова «Кайгы» был сделан шаг

связывающий с Абаем.

Мазмұны:

I. Кіріспе 3 – 5
II.Негізгі бөлім 6 – 13
2.1. Неліктен Асан «Қайғы» аталды? 6 – 9
2.2. Асанның өмірі, ғұмырнама шежіресі хақында 10 – 11
2.3. Асан аңыздарының зерттелуі 12 – 13
III. Қорытынды 14 – 17

Кіріспе

Еуразияның сайын даласындағы Алтай мен Орал таулары арасындағы ұлан байтақ далалық өлкелерді көшпелі тірлік мұратымен еркін жайлаған қазақ халқының ұлттық мәдени кескін-келбеті мен болмысының белгілері мен дүниетанымының ескі іздері, тарихи танымы мен әлеуметтік ой-пікірлерінің сұрыпталып сақталған бай қазынасы, сөз жоқ , оның фольклорлық мұрасы.

Ұлттық рухы бейнеленген мұра халықтың асыл қазыналарының бірі екендігін тәуелсіздік мұраты жолында жаңа экономикалық және саяси-әлеуметтік реформаларды қарқынды жүргізіп жатқан еліміздің Үкіметі ескеріп, елдің еңсесі көтеріле бастаған уақытта рухани өмірдегі кем-кемтікті түзеуге бет бұрды. Сол тірліктің айқын көрінісінің бірі – Қазақстан Республикасы Үкіметі арнайы қаржы бөліп қабылдаған «Мәдени мұра» бағдарламасы. Рухани мұраның түрлі салаларын бөліп – жармай тұтас қарастыратын «Мәдени мұра» бағдарламасының бір нысанасы – халқымыздың фольклорлық мұраларын халық игілігіне жарату.

Ұлттық мүлде ең әуелі – Жер, сол жердің қасиетін түсінетін ел, тіршілік рахаты.

Осыдан V ғасырдай бұрын Жерұйықты аңсаған Асан Қайғы заманындағы ой түйіні де сол Ел мен Жер еді.

Асан Қайғы дәуірі – зар заман дәуірі. Көркем әдебиеттің, көркем сөздің ұлттық тарихы қалыптаса бастаған бұл кезеңін сипаттайтын тарихи, аңыздық және ертегілік сипатта айтылатын әңгіме аз емес. Солардың ішінде аңыз бен ақиқаттан тұратын Асан Қайғы даналығы туралы сөздің орны ерекше. Өйткені ол қазақ елдігінің тарихи тұғыры болып табылатын Жерұйықты іздеу арқылы ойы мен сөзін ұлттық мүддеге арнаған.

Асан Қайғы сипатты әдеби бейне ғана емес, ұлттық арманын айқындап «таза мінсіз асыл сөз» айта білген, тарихи тұлға. Асан Қайғы тұлғасы, халықтың тарихи жадындағы алып бәйтерек. Ш.Уәлиханов Асан Қайғыны «Дала философы» деп нақтылы бағалаған. М.Әуезов Асан Қайғыны Абыз бейнесінде әдебиет сахнасына шығарды.

Аз ғана мұрасы сақталған Асан Қайғының асыл рухы, тегіннен – тегін қуатты тегеурінге ие болған жоқ. Оның танымы мен даналығы, көсем сөздері ұлттық сананың рухани басшысы бола білді.

Қазақ даласының өз тұсындағы хал-күйін жете танып, болашаққа барлау жасау асқан ойшылдықтың дәлелі.

Ақылдың асыл танымы – даналық сөз.

«…Таза мінсіз асыл сөз

Ой түбінде жатады.

Ой түбінде жатқан сөз

Шер толқытса шығады.»

Шер, қайғы – бұл әдеттегі сары уайым емес. Бұл – жан ашуы, сүйіспеншілік пен елжандылық деген сөз. Қайғы – ойшылдық белгісі, кемеліне келген сана. Әр нәрсенің себебін іздеу, болашақты болжау өз заманымен сәйкес келе бермейді.

Сәйкессіздік қайғы әкеледі. «Қайғы» туралы көп айтқан адам – Абай. «Қартайдық, қайғы ойладық» деп жас ұлғая келе адамның тек өз басының қамын ғана ойламайтын білдірсе, «қан жүректі қайғылы-ау, қайырыла кет сен маған» – деп қайғылыны құрмет тұтады.

Олай болса Асан атына «қайғы» сөзінің қосылуы – оған деген халық құрмет болса керек. Желмаяға мініп, еліне шұрайлы жер іздеген, ел тыныштығын армандаған Асан – халық қамқоршысы. «Халқың түгел күйзелсе, бақытың кетер басыңнан» деп әлеуметтік өмірдің ащы шындығын айту арқылы адамгершілік ұстанымға шақырады.

Қазақ әдебиеті мен тарихында даналарды даралау үрдісі бар. Сал, сері, мәшһүр сөздер ақындардың бәріне бірдей таңыла бермейтіні секілді, «қайғы» сөзі де тек Асан атына қосылуы кездейсоқтық емес.

Даналық – дара бітім, ол қайталанбайды. Олай болса, есіміне қайталанбас «қайғы» атауы қосылған дана тұлға Асан Қайғы шығармашылығынан сусындау, ой қадірі мен сөз қадірін бағалауға үйрену – бүгінгі ұрпақтың борышы. «…Құм астынан ата-бабаң құлақ етіп қияқты, сенің әрбір қимылыңды тындап жатқан сияқты» деп М.Шаханов жырлағандай, әр ұрпақ Асан Қайғының:

Арғымаққа міндім деп,

Артқы топтан адаспа!

Күнінде өзім болдым деп,

Кең пейілге таласпа!

деген парасатқа толы философиялық терең ойлы толғамынан үлгі-өнеге ала отырып, дана тұлғаның қыр-сыры мен ойшылдығына тереңірек үңілуі қажет.

Негізгі бөлім

Асан атына «Қайғы» сөзінің қосылып айтылуының өзі бір қатар ғылыми тұжырымдарға өзек болған. Х.Досмұхамедұлы Асан Қайғы есімінің орыс тіліндегі мағынасн «Асан – Печальный, Асан – Горемыка»деп көрсетеді. Ал Ә.Қоңыратбаев «Асан» жеңіл деген сөз. Сонда бұл атау «Жеңіл қайғы» дегендібілдірген болады. Асан Қайғының ноғайлы дәуірінде көп жылдарға созылған ел басындағы ауыр халді жинақтаған болса, оны қалайша «жеңіл қайғы» дейміз?

Маңғыстаулық зерттеуші С.Қондыбаев сөздің этимологиясына  үңіліп, «Асан – аспан адамы», «Қайғы-ақын, жырау, сазгер», сонда Асан Қайғы «аспан жаршысы» болып шығады деп топшалайды. Ал санамызға әбден сіңісті болған мағына тұрғысынан келсек, ойшылдың өлең-толғауларының мазмұндық сипаты жоқ «Асан Қайғы» ұғымымен үндес.

Асанның «Қайғы» аталуының себептерін  іздей отырып, мен ол туралы бірнеше аңыздарымен таныстым.

Неліктен Асан «Қайғы» аталды?

«Қайғы» аталуының I нұсқасы

Асанның жастық шағын бейнелейтін әңгімелерде ол әкесінен жастай жетім қалып, әкесі Сәбит секілді аңшы, саятшы, құсбегі тіпті «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт болып ер жетеді. Жас Асан әкесінің аңшылық кәсіби ненесі Салихадан естиді де, Бұлғар тауында баласы әкесі мұра етіп қалдырған  тұлпар мен бүркітт, жүйрік тазыны тауып алып, сол мекенде көп жылдар аңшылықпен күн кешеді. Өлерде әкесінің: «Болашақта балам Бұлғар тауының басына шықпасын, егер шықса, өмірі азаппен өтеді. Сол тауда бұлғын деген аң бар, оны қумасын, қуса аты да, өзі де зорығып өледі» деген ақырғы өсиетін естен шығарып, сол тауда кез болған бір бұлғынды қуып, өмірі құлақ естіп, көз көрмеген бір жат елге асып кетеді. Аты болдырып, өзі шаршап әбден қалжыраған Асан бір ауылға келсе, бір бойжеткен қыз бұлардың сырткөрінісінің адамның сұлтаны мен итттің сырттанының , аттың тұлпары мен құстың сұңқарының, бас қосқанын ақылмен танып , бұларды үйге түсіріп, бәрін бәйек болып күтеді. Асанды жеке бөлмеге жатқызып тынықтырып, құсын бөлеп тастап, атын қаңтарып таң асырған қыз ертеңіне жігіттер аттанар алдында саптыаяқпен  оған су ұсынады. Асан қызды сынау үшін қыз ұсынған саптыаяқтың шетінің кетігін мін етіп тағып: «Без қайыңның безі екен, нағыз бездің өзі екен, ішіне құйғаны шекер болса, ол жерін кемітпей-ақ іше беріңіз»-дегенде , Асан аталы сөзге уәж таба алмай қалып, аттана берген екен. Сонда қыз тағы да: «Сенің атың қазір Асан ғой, көп ұзамай Асан қайғы аталарсың… Үш жыл күтем,  ендігісін өзің біл»,-деген екен.

«Қайғы» аталуының II нұсқасы

Асанның әкесі Сәбит жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр тазы, түзу мылттықпен аң аулап, бар өмірін түзде өткізген саятшы жігіт болыпты. Ол елге оралғанда, жұрт одан олжа бөлісіп, аңшының көрген-білген қызықты әңгімелерін ынтыға тыңдасады екен. Аз өмірінде көпті көріп зерделі азамат болып жетілген Сәбитті халық аялап, айрықша қадірлесе керек. Бірде елге жайлы қоныс, жақсы  мекен қажеттігі сөз болғанда, жасы жетпістен асқан бір дана қарт Сәбитке жеті жылдың қиын-қыстау, ұзақ жолы бар, жабайы аң мен құс жыртылып айырылатын, әр алуан қазына, байлығы жер бетінде шашылып жатқан бір керемет жердің бар екенін кәрі құлақ шалдардан жас кезінде естігенін айтып, «соған қалай да барып біліп қайт» деп өтінеді.

Осы іске тәуекел еткен Сәбит әйелі Салиха мен іште қалып бара жатқан баласына көп жылға жететін киім, жейтін азық-түлігін дайындап, өзінің кеткен жағының бағыт-бағдарын тасқа қашап бейнелеп, жүйрік аты мен қыран құсының суретін соған ойып салып, «мен өлсем, осыларға ие болсын, ал, өлмесем, осы белгілер арқылы соларды іздеп алсын» деп өсиет айтып кетеді. Сәбит сол кеткеннен жеті жол жүріп, көп қиыншылық пен азапты басынан кешіріп, іздеген жеріне жетіп, аңшылықпен күн кешіп жүре береді. Бір күні Сәбиттің тіккен қосына арыстан  шауып, өзін қатты жаралайды, сөйтіп ол айдалада қараусыз жалғыз қалады. Аман қалуына иті себепкер болып, Мағзом деген қарт кісі оны емдеп жазып, жұрт қатарына қосады. Бұған разы болған Сәбит өзін іздеп келуге тиісті баласы Асанға Мағзомның қызын айттырып, құда түсіп қояды. Осы кезде Асан он төрт жасқа толып, әкесін іздеуге жеті тұлпармен басқан Асан әкесі тұрған мекенге іздеп келсе, әкесі Сәбит оның алдында ғана қайтыс болған екен, әкесінің аты мен құсын, итін алып, өзін зорықтан емдеп жазған Мағзомның қызы –Гүлжазираға үйленіп, еліне қайтады. Мұнда келсе, шешесі қайтыс болыпты.  Туған әкесін өз көзімен көре алмай оралған Асанға шешесінің өлімі қайғы үстіне қайғы болып жамылады. Асан да әкесі секілді жер кезіп, аңшылықты кәсіп етеді.  Ел кезіп, жер шолады. Жұрт қамын ойлап, өткен мен алдағы өмірді болжап әр алуан толғау жыр айтатын болады. Алдағы болатын құрғақшылық пен жұртты жұртқа күні бұрын хабарлап отыру да оның әдетіне айналады. Жастай  көрген уайым-қайғы мен ел қамын сарыла ойлаудан Асан аты біртіндеп өзгеріп, «Асан қайғы» атала бастайды.

«Қайғы» аталуының III нұсқасы

«Сенің талайыңа су перісінің әмірі су сұлтанының қызы Несіп болайын деп тұр екен,-дейді бал аштырған жас Асанға балгер.-Төрт үлкен өзен бар: күн батыста Еділ, Жайық екі су, оңтүстік ұзын аққан Сырдария, шығыста өр Ертіс. Бәріне де қармақ сал, бірінен болмаса бірінен ілінер». Перінің қызы Асанның қармағына Ертістің басында ілініпті. «Адамзаттан өзге бөлек түрі жоқ, сұлулықта міні жоқ, жалғыз-ақ айыбы-сөйлесерге тілі жоқ». Біраз тұрмыс құрған соң, түсініспеушілік нәтижесінде шарттарын орындай алмаған Асанды тастап, қыз көкке ұшып кетеді. Ғашықтың азабынан Асан мұңды болып «Қайғы» атанған екен дейді.

«Қайғы» аталуының IV нұсқасы

Асан Қайғы елдің кешіп отырған тұрмысына қанағаттанбайды, мекен еткен қоныстарын жерсінбейді: халықтың болашағын ойлап қамығады. Оның ойынша жер үстінде адамзат тіршілігінде көруі мүмкін жұмбақ бар, оның аты «Жерұйық». Бұл – кісісі жүзге келмей өлмеген, малы екі қайтара төлдеген, елді жау алмайтын, малға жұт келмейтін мекен. Бұл – шөбі шүйгін, суы мол, шаруаға жайлы қоныс. Адамы қайғы дегеннің, қастандық дегеннің не екенін білмейтін, ертеңім не болады деп ойламайтын, елге ырыс жер. Онда жұрттың бәрі тең, бәрі де шат-шадыман тірлік кешеді, ел аласы жоқ, ағайын арасы тату. Бірліктің, ырыстың, бақ-дәулетті, тыныш, бейбіт тұрмыстың белгісі ретінде қой үстінде боз торғай жұмыртқалайды. Міне, осы жерге қоныстану керек дейді. Бірақ оған жету оңай емес. Ұзақ, азапты сапарға жылдар бойы әзірлену керек. Мал төлден тыйылуға, ер төсегінен безінуге тиіс. Соншалық төзім, шыдамды бастан өткерген соң ғана «Жерұйыққа» сапар шегуге болады.Жол  ауыр:шөлстан бар, аптап ыстық бар. Соның бәріне сабырмен, шыдамдылықпен төзген, жолда кездесетін барлық қиыншылықтарды көтере алатын, бақыт дегеннің, бақытқа жету жолындағы күрес дегеннің не екенін білетін ел ғана «Жерұйыққа» қоныстанбақ.

Бірақ сол «Жерұйық» қайда? Мұны ешкім айта алмайды. Асан мал біткеннің жүрдегі, әрі шыдамдысы желмаяға  мініп алып, төңіректің төрт бұрышын кезеді. Айдан ай, жылдан жыл өтеді. Бірақ арман болған «Жерұйық» табылмайды. Халқына мәңгі еркіндік, тозбас бақыт сыйламақ болған Асан Қайғы өксіп келіп Ұлытаудың басына жеткенде дүниеден көшеді.

Осы аңыздармен таныса отырып, халық ұғымындағы Асанның «Қайғы» аталуы қара басының қамын ойлағандықтан емес, келешекке алаңдаумен болып, «Жерұйық»-бақыт пен дәулет, тыныштық пен бейбітшілік әлемін іздеуінде деп ойлаймын.

Көптеген деректер Асан Қайғының тарихта болған ойшыл ақын екенін көрсетеді.

Асанның өмірі, ғұмырнама шежіресі хақында

Хасанғали Сүйіншәлиев «Қазақ әдебиетінің тарихы» еңбегінде Асан жөнінде халық айтып жүрген аңыздар мен тарихи деректерді зерттеп көрсетеді.

Қазақстан Ғылым академиясы қолжазба қорындағы көптеген аңыздарда Асанның әкесі –Саятшы Сәбит, шешесі Сәлиха, ал оның әйелінің аты – Күлжазира сұлу, баласы Абат батыр екені көрсетіледі. Асанның енді бір баласы жетім Жақалы атаныпты. Ол Әз Жәнібекпен бірге қалмақ ханында бірнеше жыл кепілдікте жүрген. Оның жетім атануы, асылы, ол Асанға өкіл бала болып кеткен аға-інілерінің баласы болса керек. 1946 жылы жазып алынған тағы бір ел аңызында, Сәбит алыс сапарға шығып, бірнеше жыл бойына аң аулап кетеді екен. Әкесі соңғы сапарына аттанғанда анасының құрсағында қалған Асан  аш-құрсақ жетім, шермен болып өсіпті.Көзін ашқанша жетімдікқайғысын тартқан жастың келешегі де қасіретсіз болмапты. Жасында жетімдік тауқыметін тартса, өскеннен кейін де ол – жұрттың мұң-мұқтажын армандап, болашағын ойлап, болжап, толғауы мен шерменде бола беріпті.

Халық Асанды тек аңыздап қоймай, оның өміріне арнап өлең-жырлар да шығарып таратқан. Бұрынғы жырауларды былай қойғанда,  біздің дәуір ақындарының ішінде де Асан өмірін ол туралы аңыздарды зерттеп, поэма жазғандар кездеседі. Оның ішінде Ілияс Ысқақовтың  дегеннің 1948 жылы шығарған «Асан Қайғы» поэмасы екі бөлімді ұзақ жыр.

Сабыржан Шәкіржанов жазып алған бір аңызда, Асан ата ноғай болып, Шыңғысхан тұсында жасаған  Майқы би Алтын Орданың данышпан адамы болған. Бірнеше хандарды алдынан өткізген. Еділ бойы  Айдарханда, Сарай қаласында, Ақ Ордаға келіп өліпті-міс.

Енді бір қолжазбада  Ормамбет хан өлгеннен кейін  сары ноғай, қара ноғай боп бөліне көшкенде тірі, Асан Қайғы 120 жаста болған екен. Ал Ормамбет хан 1420 жылы өлген. Ноғайлардың бөлінуі бұдан біраз кейін, 1450 жылдар шамасы болып есептеледі. Олай болса Асан 1330  жылы дүниеге келген. Ормамбеттен кейін сары ноғайлар Еділде қалады да, қара ноғайды Қазтуған батыр мен Асанның тұңғыш ұлы Абат батыр бастап, жылы жақты бетке алып, Қаратауға көшіп келеді. Жолда көп қиындық көреді. Шерқұтта бастаған бір топ ел айшылық жолдан кері қайтады. Осы кезде Асан әбден қартайып көшбасшылық ісінен қалған адам болып көрінеді.

Асан туралы кейін жасаған ақындардың пікір айтпағаны кемде-кем, оларбір ауыздан ұстаз жырау, ел-жұртының мұңшысы, жыр атасы деп танытады. Нұрпейіс, Иса, Жамбыл сияқты алып ақындар оған сыр шертеді.

Ал тарихи деректерді қарастырғанда, одан Асан туралы мағлұматтарды көптен табуға болады. Мысалы Ш.Уәлихановтың еңбектерінде  Асан туралы мәліметтер кептеп кездеседі. Ол өзінің «Записки о киргизах» деп аталатын көлемді еңбегінде : «Халық есіміндегі атақты философ болып саналған. Жырлағанда көшіп-қонып жүрген қазақ»,-деп көрсетеді.

Г.Потанин еңбектерінде де Асан Жәнібек ханның тұстасы делінеді.

С.Сейфуллин ойынша да, Асан өмірде болған адам. «Асан қайғы»,-дейді ол,-Әз Жәнібек ханның замандасы, Майқы бидің ұрпағы… Кейбір деректегі мәліметтер бойынша, ол Ормамбет ханның жақын туысы…» деп саналады.

С.Сейфуллин жариялаған Асан жырларының негізгі идеясы-ханды әділет іске бастап, өзімшілдіктен, қиянаттан сақтау сияқты. Озбырлыққа, әділетсіздікке жол бермей, әлсізді демеп, ауруды жебеп жүрсе дегісі бар. Асылы, жырау хан болып таққа ие болған адам өз басы мүддесін көздеп, ақыл беріп отырған.

Асанның нақты қай жылы, қай жерде өлгені белгісіз. Бір мәліметтерде  Асан ата қызіргі Өзбекстан жерінде Жиделі Байсында дүние салынды деген деректер кездеседі. Енді бір аңызда Ұлытаудың басында қайтыс болды деген сөздер жазылады. Ш.Уәлиханов  өз еңбектерінде Асанның зираты Ыстықкөлдің маңында тұр деп жазады.

Асан аңыздарының зерттелуі

Қазақ халқының арман-мұңын, мүддесін арқалаған Асан Қайғы бейнесі мен ол туралы аңыздарды зерттеуге Ш.Уәлиханов, Г.Потанин, Х.Досмұхамедов, М.Уәезов, Е.Исмаилов, М.Ғабдуллин, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратпаев, Б.Адамбаев, С.Қасқабасов, А.Шәріп, А.Сейдімбек, Б.Омарұлы секілді ғалымдар өз үлестерін қосты.

Асан Қайғыға қатысты аңыздарға өз кезінде Ш.Уәлиханов, Г.Потанин сынды зерттеуші ғалымдар баса назар аударған болатын.

Ш.Уәлиханов Асан есімін жазбалары мен зерттеу еңбектерінде бірнеше рет атайды. Ғалым қарт жырауды қазақ ханы Жәнібектің билік құрған  тұсымен байланыстыра отырып, далалықтар күні бүгінге дейін ноғайлы философы Асан Қайғы туралы аңыздар мен оның адамгершілік туралы өсиеттерін аузынан тастамайтының атап өтеді.

«Алғаш рет келешек заманның құбыжығын сезіп, тұспалмен белгі беріп, болжам айтқан Асан Қайғы.  Сол заманның өзінде басқа жерге ауайық десе де, өлең сөзді қауымының қызметіне жаратуға  кіріскен тағы да сол. Зар заман ақындарының барлығындағы сары уайым Асан бастаған сарын. Сондықтан зар заман ақындарының алғашқысы Асан Қайғыдан басталады дейміз»,-дейді Мұхтар Әуезов. Асан атаның алдағы дәуірге көріпкелділік жасағаны осы бір өлеңнен көрінеді:

«Мұнан соң қилы-қилы заман болар,

Заман азып, заң тозып, жаман болар…»

Асан келер заманның сипатын аңғартатын жаман ырымды Жәнібектің өз басындағы құбылыстарға да телейді.

«Ей, хан, мен айтпасам білмейсің,

Айтқаныма көнбейсің.

Жайылып жатқан халқы бар,

Аймағын көздеп көрмейсің»,-деген жолдарда жеке бастың қамын ойлап, қарамағындағы қара халыққа тізесін батыра бастаған Жәнібектің өркөкірек асқақтаған бетіне баса айтады.

Ертістің бойынан зәулім қорған соқтырғанын жақтырмайды, хандық дәстүрді бұзғанына налиды. Асанның ұғымынша елдің билеушісінің мұндай ағаттыққа  ұрынуы  жақсылықтың нышаны емес.Хан құзырындағы елдің де жайы келіспесі анық. Осы тығырықтан шығатын жол –жұртты көшіру, жайлы орын іздеу. Асанның бұл мұраты ұлы тұлғаның «Жерұйықты» іздеу идеясымен сыбайлас.

«Тауарих хамсаның» авторы, өзі діндар Құрманғали Асанның «Қайғы» аталу себебін дінге бағыттамақ болады. Бұл – халық санасындағы Асан бейнесімен қабыспайды. Асан қайғысы бақиды, ахирет жайын ойлағаннан туған қайғы емес. Асан мұңының тамыры тереңде. Оның негізінде халықтың сол кездегі тұрмыс-халіне жаны ашығандық, өмірге көңілі тоймауы. Асан қайғысы – бүгінгі тіршіліктің, ертеңгі болашақтың қамын ойлағандықтан туған қайғы.

«Халқың түгел ашықса,

Ақылы кетер басынан.

Халқың түгел күйзелсе,

Бақытың кетер басыңнан» деп Асан Қайғы з бақытсыздығын халқының тұрмыс-тіршілігімен, ауыр халімен байланыстырады.

Бұл қайғы қара бастың қамы емес. Елдің қамын ойлап, келешекке алаңдаудың қайғысы.  Күмән мен күдікті, зар мен мұңды , шерді тұтастандырып тұрған қайғы. Ақынның ой шетінде де,болмыс-бітімінде де, ттарихи тұлғасын да айшықтайтын атау. Осы орайда «Оның атына жалғанған «қайғы» дегенанықтама халық сүйіспеншілігінің белгісі іспеттес. Оның негізінде халықтың сол кездегі тұрмыс-халіне жаны ашығандық, өмірге көңіл толмауы ббар, Асан қайғысы – бүгінгі тіршіліктің, ертеңгі болашақтың қамын ойлағандықтан туған қайғы»,-дейді М.Мағауин.

Асан толғауларынан тек сол заманға тән кейбір суреттерді, қазақ халқының құралу дәуіріндегі белгілі тарихи оқиғалардың елесін көреміз. «Асан  Қайғының шығармалары өз тұсының айнасы, ол өз дәуіріндегі қазақ халқының мұңын, тілегін көрсетеді», – деп жазған Б.Кенжебаев.

Қорытынды

Бұл ғылыми жобада, мен Асанның неліктен «Қайғы» аталуын қарастырып, осы тақырыпты зерттеу барысында халық ұғымындағы Асанның қайғысының төркіні махаббаттан еместігін дәлелдедім. Бұл бір зары адамды мұңға батырып, сарқылмас азапты ойдың тұңғиығына тартып кетер қаза күйі іспеттес нәрсе. Асан қайғысы – күнделікті өмірдің күйбеңі туғызған әдепкі, пенделік қайғы емес, адам атаулының қайғысынан мүлде өзгеше хал.

Асан қайғының Әз – Жәнібекке артатын басты «өкпесінің» бірі – ханның қарадан әйел алуы. Асанның пайымынша, бұл жөнсіз істің салдары елдің болашағына зиянын тигізеді. Алдағы күнде ел билейтін текті тұқым жойылып, оның ақыры жұртты бөтен ел билейді деген ой. Басшысы тексіз елдің ісі де берекесіз, болашағы да бұлыңғыр.

Жыраудың елін ойлап, қайғыруы Асанның екінші реніші – Асанның жаман ырымға жорыған Әз – Жәнібек ханның құладынға құс патшасы аққуды ілдіруі. Бұл жерде аққу – төре тұқымын көрсетсе, құладын – тексіз билеушінің, сондай-ақ сыртқы жаудың бейнесі ретінде беріледі. Аққуды құладынға ілдірген хан ісінен, елді тексіз кісі билейді, жұрт бодандыққа түседі, ханға қара кісі қару көтеретін заман туады деп қайғырады.

Қазақ жұрты жер тандап, ел түзеп, есесін түгендеу заманында

«Құйрығы жоқ, жалы жоқ,

Құлан қайтіп күн көрер,

Аяғы жоқ, қолы жоқ,

Жылан қайтіп күн көрер?!»

деп күңіренген Абыз бейнесіндегі Асан Қайғы қазақ қауымының жадында ғасырлар бойы жаңғырды да тұрды.

Қазақ хандығы уық шанышқан XVғасырдағы Асан Қайғының ұлт, ел, жер тағдырына байланысты қайғысы, бес ғасырдан кейін Абай қайғысына ауысады. Даналық қайталанбайды дегенмен, ұлт тағдыры, қазақ тарихының айтулы заңдылықтары, ұлы даналарды тоғыстырады. Тоғыстырған Ел тағдыры, Жер жағдайы. Абай дәуірінде хандығынан айрылып, жерінен ажырай бастаған қазақ қауымының басындағы жағдай «Қайтіп күн көрер» күйзелісті күндерге ұқсас еді.

«Қилы – қилы заман болмай ма,

Суда жүзген ак шортан

Қарағай басын шалмай ма?!» деген Асан Қайғы алаңдауы шындыққа келген заман туғызады. Асан Қайғы Елдің іргесін бекітіп, есін жиғызар Жерұйықты іздесе, Абай ұлтын ұйытып, көкірек көзің ашып, оң-солын айырып, бірлікте болатын мемлекетті, қуатты елге айналдырар жол іздейді. Соны іске асыра алатын, толық адам мәселесін көтереді.

Абайдың 45 ауыз сөзі, он сегіз мың ғаламның бір уыс түйіні деп қарасақ, Асан Қайғы мен дана Абай арасындағы, бес ғасырлық ағысты толтырып тұрған не? Бұл дарындылық – ақылдың асыл танымы.

Абай «Қайғысыздың бәрі – асау,

Бізге одан пайда жоқ» – дейді.

Қайғысыз – асаулар өмір туралы тұрпайы түсініктегі адамдар. Олар әр нәрсенің мағынасына үңілмейді, қолдағы барға мәз жандар, олардың қайғысы, қара басының қамы.

«Қайғы шығар ілімнен» атты өлеңінде Абай қайғысы қара басының уыты емес екенін, ел ішінің иманы қашқан күйіне наразылық екенін көрсетеді. Өлеңнің соңғы түйінінде, оның қайғысы «желмая мінген құсалы шал» Асан Қайғыдан аумайды. Ақынның жасы 40-тан енді асқан шағы, бұл кәрілік емес?! Абайдың пайымдауынша, кәрілік – ойшылдық. Себебі қартайғанда, адамдар ақиқатты көкірек көзімен көруге бейімделеді.

Ұлы ойшылардың дәстүрін жалғастырушы, Асан Қайғы өз шығармаларында адамгершілік мәселелерін талқылауда философ, этнограф, тарихшы келбетінде көрініп, өмірді шеберлікпен түсіндіретін ғұламалығын дәлелдейді.

Асан Қайғының түпкі мақсаты – халқымен сұхбаттаса отырып, дүниені танып, білуге тырысу. Өмірдің сан қырлы сырын түсінуде, ойшылдың этикалық ойлары өте маңызды.

Әділеттілік принципі, негізгі бағдар болған қоғам ғана адамның бақытты болуына іргетас қалайды. Адамға қолайлы қоғамда, ол Тұлға деңгейіне көтеріле алады.

«Артыңда қалар атақ жоқ,

Тіріде даңқын болмаса» – деп Асан Қайғы бабамыз көзі тірісінде халқының қамқоршысы, қамын ойлаушысы болғандықтан «қайғы» аталып, даңқы шыққан, артына өшпес із қалдырған дана Тұлға.

Көшпенділер философы – Асан Қайғының негізгі тұжырымы – Жерұйықты іздеуі. «Жерұйық» – бақыт пен дәулет, тыныштық пен бейбітшілік әлемі, және оған жету үшін халық сабырлыққа, шыдамдылыққа үйреніп, өзін іскерлігімен таныта білу керек. Сонда ғана аңсаған арманыңыздағы өзіңіздің жеке «Жерұйығыңызбен табысасыз». Қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заманды, Жерұйықты іздеп, Дунай мен Алтай арасындағы, Үш Қиянды шарлаған Асан Қайғы мен «қайғысыздың бәрі асау» деп қайғының қажеттігін дәлелдей білген, Абай мұрасынан сусындаған бүгінгі ұрпақ – кемел ойдан туған, келелі сөзді іске асырушы.

Бүгінгі Қазақстан – алға қойған асқақ мақсаттарын жүзеге асырып, келе жатқан қандай асуды болса да бағындыруға күш-құдіреті жететін қуатты мемлекет. Еңдігі ең асыл мұрат – еңселі ел болу.

«Бұл туралы біздің бабаларымыз армандаған еді, сондықтан біздің ұрпаққа олардың асыл армандарын нақтылыққа айналдыру құрметі тиді» дейді Н.Назарбаев.

«Қайғы» сөзінің мағынасы тереңде жатыр. Одан қорықпау керек. Қайғы бір үлкен істерге жетелеп жігерлендіретін құдіретті күш сияқты. Мұның нақты дәлелі Асан Қайғы өмірі. Өйткені, ол қара басының қамын ойламай, келешекке аландаумен болған. Болашақ ұрпақтың бай, әрі қуатты өміріне қажетті жайлы қоныс іздеп, жол көрсеткен.

Асан Қайғы ойынан елге жайлы қоныс іздеген стратегиялық ұшқырлық пен ел еңсесі туралы күйінішті намыс сезіледі.

«Көлде жүзген қоңыр қаз,

Қыр қадірін не білсін.

Қырда жүрген дуадақ

Су қадірін не білсін!» – деген Асан бабамыздың толғауын мен былай жалғастырар едім:

«Қайғы мұңын тартпаған,

Бақ қадірін не білсін».

Ш.Құдайбердіұлының

«Ғибрат алар артыңда із қалдырсаң,

Шын Бақыт –

Осыны ұқ,

Мәңгілік өлмейсің.»

You May Also Like

Ақша тарихы және оның қазіргі қалпы, ғылыми жоба

Бағыты:  Экономика Жоспары: І. Кіріспе ІІ. Негізгі бөлім 2.1. Ақша тарихы 2.2.…

Аскөктің пайдасы, ғылыми жоба слайд

SCRATCH бағдарламасы: «Өз ойынының сценариі» ғылыми жоба

Ғылыми жұмыс Тақырыбы:      SCRATCH бағдарламасы: «Өз ойынының сценариі» Секциясы:        Информатика Мақсаты:…

Обскура камерасы, ғылыми жоба