Жоба

Жоба тақырыбы: Бауыржан Момышұлының нақыл сөздеріндегі ұлтжандылық қасиет

Мақсаты:

Бауыржан Момышұлының нақыл сөздеріндегі ұлтжандылық қасиетті насихаттау мақсатында оқушылардың белсенді саналық іс-әрекеті мен шығармашылық мүмкіндіктерін жетілдіру, өздігінен білім алуға қабілетті тұлға дайындау.

Міндеттері:

  1. «Опасыздың қаны шелекке тамар,

Батырдың қаны жүрекке тамар», –

демекші батыр Бауыржан Момышұлының сол сұрапыл майданда жасаған ерліктерін жарқын болашақ ерекше мақтан тұтатынын ескеру;

  1. Ел еркіндігін, бостандығын, тәуелсіздігін қанымен қорғаған Б.Момышұлы сынды

тұлғаны үлгі, өнеге ету, батыр Бауыржанның туған топырағына тартқан қарапайым қазақтық адами қыр-сырларын тану, өмір жолына шолу арқылы ерлік даңқын асқақтату;

  1. Бүгінгі күннің биігінен сол күндерге көз жүгірту арқылы, саналы түрде Отан алдындағы, осы күнге жеткізген ұмытылмас тұлғалардың алдындағы қасиетті парызды сезіну;
  2. Оқушылардың танымдық іс-әрекеттерін дамыту;
  3. Оқушылардың тілдік қарым-қатынасын, сөйлеу дағдыларын және ізденіс белсенділіктерін арттыру;

Өзектілігі:

  • Жаңаны тез, өз бетімен игеріп, дұрыс түсінетін, істің мағынасын

терең және нақты түсінуге тырысатын, даулы мәселелерді оң шеше білетін байқағыштық қасиеті өте жақсы дамыған, сауатты сөйлейтін, білімді нақты игеріп, оны практикада жүзеге асыратын, әдебиеттік тілді, теориялық білімді тез меңгеріп, әдебиеттік үрдістің жүру барысына болжам жасай алатын жеке тұлға қалыптасады;

  • Сыныпта мұндай оқушының болуы мұғалімнің жұмысына оң әсер

етеді;

  • Оқушылардың сабаққа дайындығы күшеюі арқылы сыныптың

интеллектуалдық деңгейін көтереді;

  • Тарихи жағдайға байланысты өлең шығармалардың маңыздылығын

қалыптастыру;

  • Мұғалімнің арнайы тапсырмалар дайындауы барысында оқушының

ізденгіштік қасиеті үдей түседі яғни соған жағдай жасау керек;

Күтілетін нәтиже

  • Нақыл сөздердегі өмір шындығын өз бойына жинақтаған құдіретті тұлға
  • Қазақ халқының ұлы перзенті, қаһарман жауынгер, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, әйгілі жазушы Бауыржан Момышұлы – ХХ ғасырдың биігінде тұрған дара тұлға екенін таныған оқушы
  • Тұлғаның Баукеңнің өміріне деген көзқарасына икемі мен құштарлығы қалыптасады, интеллектуалды ой-өрісі дамиды
  • Ой-өрістері кеңейеді, тіл байлықтары артады.

Түсінік хат

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында атап өткендай, білім беру жүйесінің негізгі міндеті – баланың рухани және пәндік мүмкіндігін дамыту, оны оқыту, тәрбиелеу мен оны өзіндік қабілетінің дамуына жағдай жасау. Қоғам алдындағы тұрған негізгі мақсаттардың бірі- білім беру жүйесін жаңарту, ХХІ ғасырда жалпы білім беретін орта мектептерде оқушыны жеке тұлға ретінде дамытуға байланысты білім берудің жаңа үлгісін таңдау.

Соған қарай қазіргі таңда оқушыларға сапалы білім,саналы тәрбие беру үшін мұғалімнің қажырлы еңбегі мен талантты балалармен жұмыс істеу қажет. Ғылыми тәжірбие жасау, жарыс ойындар, ойлан тап, көшбасшы т.б. кештер, сонымен қатар білімді көтеру мақсатында балалармен жұмыс істеу тиімді. Талабы таудай, қабілеті мол, ізденімпаз жастар көбейіп, адамзат игілігіне үлес қосып жатса, олар ұлтымыз үшін мақтаныш, еліміз үшін абырой.

Мектептің оқу-тәрбие жұмысындағы әдістемесінің қайсысы болсын, оқушының сана-сезімін, ақыл-ойын дамытуды мақсат ететін болғандықтан, олардың дара ерекшеліктерін ескеру қажет.

Ойын – балалардың шынайы және ойлап тапқан шындығына тез, еркін енуіне, шығармашылыққа, белсенділікке, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік береді.

Оқу үрдісінде ойын арқылы оқытуда танымдық тапсырмаларды орындау шығармашылықты, ізденімпаздықты талап етеді. Шығармашылық оқушының ізденуге жетелеп, өз ісіне сын көзбен қарай білуге, өзін өзгемен салыстыруға мүмкіндік туғызады.

Бұл жобада оқушылардың танымдық белсенділігі мен қызуғышылығы артады, өз бетінше ойлануға үйренеді, қосымша әдебиетпен жұмыс жасай алады. Берілген тапсырманы орындауда балалардың жауапкершілік парызын сезінуіне тәрбиелейді. Логикалық ойлау қабілетін дамытады. Осындай ізденіс жұмыстары оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар білім сапасының көтерілуіне арнайы біліктіліктің қалыптасуына әсерін тигізері сөзсіз.

Оқушы мақсат қоюға, жоспарлауға, ұйымдастыруға, өзін-өзі бақылау және өзін-өзі бағалауға үйренеді. Бұл оған оқу әрекетіндегі өз күшін байқап, сезінуіне, білім алудың деңгейін өзі анықтауына, өзінің білім, білік дағдыларындағы кемшіліктерін табуына мүмкіндік береді.

Мазмұны 

  1. Жобаның мақсаты………………………………………………………………..3
  2. Түсінік хат…………………………………………………………………………4-5
  3. Тақырыптық жоспар, мазмұны………………………………………..6-10

Тақырыптық жоспар, мазмұны

  1. Өмірдерек
  2. Батырдың бейнесі
  3. Батырдың бойындағы асыл қасиеттер
  4. Баукеңнің еңбектерінен
  5. Мәскеу үшін шайқас
  6. Баукеңнің қанатты сөздері
  7. Отбасы –өмір жалғасы
  8. Ер ел үшін туады, ел үшін өледі
  9. Марапаттары
  10. Жылнамалар тізбегі
  11. Қорытынды

1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы,

Көлбастау ауылында туған. Кеңес Одағының Батыры. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1976).

Шымкенттегі жетіжылдық интернатты бітірген (1928) соң, бастауыш мектеп мұғалімі, ауатком хатшысы, милиция бастығы болды. 1932 жылы Қызыл Армия қатарына қайта алынады, взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, ал 1941 жылы Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы. Ұлы Отан соғысы басталысымен 316- атқыштар (кейіннен 8-гвардия) дивизиясының жасақталуына белсене атсалысып, сол дивизия құрамында майданға аттанды. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысты. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның батальон, пол командирі болды, соғыстың соңғы жылдары (1944-1945) осы дивизияны басқарды.

Ұлы Отан соғысы кезінде ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен, тапқырлығымен және жеке басының ерен ерлігімен ерекше көзге түсті, қаһармандық даңқы аңызға айналды. 1952 жылы Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітірді. Ұлы Отан соғысының қаһарманы, атақты қолбасшы Б. Момышұлы соғыстан кейін Әскери академияда білім алып, әскери қызмет атқармақ болады. Дегенмен оның бірнеше жылдар бойы Отан қорғау жолындағы атқарған еңбегі түрлі себептерге байланысты елеусіз қалдырылып, 1950 жылы Калинин қаласындағы Әсери Академияға оқытушылық қызмет атқару үшін жіберіледі.1956 жылға дейін әскери академияда сабақ берді.

Бауыржан Момышұлының бейнесі – нағыз батырдың бейнесі!

Оның қай суретіне қарасаң да, оттай өткір, баданадай үлкен жанарын байқамай қалуың мүмкін емес. Көзкөргендердің айтуынша, соғыс кезінде немесе ашуланған кезде бұл көздер найзағайдың отындай жарқылдаған. Бұл – Бауыржан батырдың ең басты ерекшелігі.

Бет-әлпеті сұсты, маңдайы кең, шашы тікірейген қайратты, суреттерде қос иығын қомдап, ұшуға дайын отырған қыран бүркітті көз алдыңа елестетеді. Қатулы сәтінде оған қарсы сөз айтпақ түгілі, көзіне тіке қарау мүмкін емес.

Батырдың бойындағы асыл қасиеттерді сараласақ, ол – құралайды көщге атқан мерген, әскери қолбасшы, әскери ғылымның нағыз білгірі, турникке тартылу және басқа спорт түрлерінен де озық жетістікке жеткен, ат құлағында ойнайтын шабандоздығымен және атбегілігімен аты шыққан, Мәскеу түбіндегі шайқастағы Ақбоз аты туралы әңгіме көп, сөзге тапқыр және шешен, генералдарға сабақ берген ұстаз, кітабы әлемге тараған жазушы, бильярд ойынының шебері, суретші.

Мінезі тік. Жас кезінен кітапты көп оқыған, үлкендерді сыйлаған, білімділердің сөзін құлақ қойып тыңдаған. Өз ұлты мен оның тілін, дәстүрін жанындай сүйген. Әрқашанда Отан үшін жанын қиюға дайын тұрған.

Баукеңнің еңбектерінен

Қазақ әдебиетінде әскери тақырыптың негізін қалаған жазушылардың бірі де бірігейі – Бауыржан Момышұлы. Бұл жолға бірден келді десек, қателескен болар едік. Әжесінің айтуындағы қазақтың бай ауыз әдебиеті мен әке өнегесін тыңдап өскен Бауыржан Момышұлы жастайынан әдебиетке әуес болып өседі. Әскери тақырыптағы шығармалар жазбас бұрын бірнеше өлеңдер, шағын әңгімелер жазады. Ал оның майданда жүріп жазған күнделіктерінің және хаттарының қазақ әдебиеті тарихында алар орны ерекше.

Сол сұрапыл соғыс жылдарында қағаз бетіне түскен құнды дүниелердің негізінде оның есімін әлемге танытқан бірнеше шығармалар жазылды. Ел мен жерді қорғау жолында мерт болған жауынгерлердің рухының алдында үнсіз қалмау үшін, олардың ерлік істерін елеусіз қалдырмау мақсатында қарудан қолы босағанда қалам алып, көрген-білгендерін, көкейге түйгендерін қойын дәптерін түсіріп отырған.

Жауынгердің ерлігін, соғыс психологиясын, Отанды қорғау жолындағы жауынгер төзімділігін, батырлығын, сезімін шынайы түрде көркем тілмен суреттеудің қиын екенін Б. Момышұлы соғыс тақырыбына қалам тартқан жазушыларға әрдайым ескере отырып, 1944 жылы былай дейді: «Соғыс тақырыбына жазудың өте қиын екенін қайталап айтамын, Әзірше ізін суытпай сұлбасын, нобайын түсіріп қою керек, бірақ та олардың өзінен адамның сурет салуға әрекеттенген талпынысы көрінетіндей болсын, ал нобайсыз қалдыруға болмайды. Қазір бұл материалдармен соғыстан кейін бірнеше жыл жұмыс істей алатындай әрі оны өңдеп, нағыз келбетіне, сипатына келтіре алатындай етіп жазу керек».

Батырдың шығармалары:

«Наш генерал» (повесть, 1963 жыл)

«Жонарқа»  (әңгімелер, «Жазушы», 1965 жыл)

«Наша семья» (повесть пен әңгімелер, «Жазушы», 1974 жыл)

Шығармалары бірнеше шетел тілдерінде басылған

«Ел басына күн туса» (1970)

«Ұшқан ұя» (1975)

«Адам қайраты» (1981)

«Офицердің күнделігі» (1952)

«Бір күннің тарихы» (1954, орыс тілінде)

«Біздің семья» (1956, орыс тілінде)

«Москва үшін шайқас» (1959, орыс тілінде – 1958)

«Жауынгердің тұлғасы» (1958)

«Майдан» (1961)

«Майдандағы кездесулер» (1962 орыс тілінде)

«Генерал Панфилов» (1963, қазақ тілінде – 1966)

«Төлеген Тоқтаров» (1965)

«Куба әскерлері» (1965)

Мәскеу үшін шайқас

1941-1942 жылдары Москва үшін шайқаста генерал К. Рокоссовский басқаратын 16-Армияның құрамына кірген 316-атқыштар дивизиясы небір қантөгіс майданды басынан өткізді. Дивизия құрамындағы 1-атқыштар батальонын аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарды. Момышұлының басқаруымен батальон техникадан «бес қаруы» сай тұрған фашист әскерлеріне біресе тура қасқа маңдайдан, біресе ту сыртына шығып кетіп, тылдан өлтіре соққы берді.

1941 жылдың қазан-желтоқсан айларында Москваны фашисттерден құтқарып қалу үшін 16-Армияға қосымша көмекке 20-Армия, кейіннен 1-ші Екпінді Армия келді.

Қан майданның барлық кездерінде де Б. Момышұлы басқарған 1-батальон айрықша қаһармандық көрсетті. Әсіресе, сол жылдың 16 қазан күні Волоколам қаласынан 7 шақырым жердегі Дубосеково рахъезінде болған сұрапыл шайқаста  панфиловшы жауынгер мерт болды. Батальон командирі Бауыржан Момышұлы да өте көп жауынгерлерінен айырылды. Сөйтсе де, фашистердің омыртқасы қатты опырылды…

Екінші Дүниежүзілік соғыста адам мен техниканың бар мүмкіндігін барынша сарқа пайдаланған бұл қырғын «Волоколом тас жолы» атанып, мәңгілік тарихта қалды…

Ер ел үшін туады, ел үшін өледі

Жеңіс!…

1945 жыл мамыр айының 9 күні дәл осы шаттық хабарды естіп тұрып, бүкіл әлем теңселіп кетті. Жер жүзі халықтарының жүректері қуаныштан лүпіл қақты… Кеңес Одағының тұрғындары 5 жыл бойы күндей күркіреген соғыста – 1418 күн мен түндерде, бүкіл жігерімен Жеңіске ұмтылған…

Миллиондаған адамдар мерт болды.

Миллиондаған адамдар мүгедек болды.

Миллиондаған адамдар бет алдына босып кетті.

Бірақ бәрібір Берлиндегі рейхстаг үстінде Жеңіс туы желбірей көтерілді!

Осы ұлы Жеңісте Қазақстаннан шыққан қаһарман жауынгер, Кеңес Армиясының қайтпас офицері – Бауыржан Момышұлының да қанымен, жанымен мына жарық өмір үшін аянбай ұмтылған зор үлесі бар еді.

Сонымен қатар Б. Момышұлы осы шығармасы жарыққа шыққананнан кейін соғыста бірге болған көптеген майдандастарын табады. Оның шығармасымен танысқан бір кездегі жауынгерлер Б. Момышұлына бірнеше хаттар жазып, бірде көмек сұраса, енді бірде шығармадағы суреттелген шындыққа алғыс айтап жатты. Мұрағат материалдарынан мұндай хаттарды көптеп кездестіруге болады. Ал қарапайым оқырмандар арасынан осы шығарма кейіпкерлері бойынша өздерінің туыстарын іздестіріп, олар туралы нақты мәлімет те алғандар болды. Мәселен, «Мосва үшін шайқас» романында әрдайым жақсы жағынан суреттеліп, майданда қаза тапқан Мұқаметқұл Ислмқұловтың ұлы Қайрат Исламқұлов әкесінің жарқын бейнесі, қазасы туралы мәліметті осы шығарманы оқығаннан кейін Б.Момышұлына хат жазу арқылы алады.

Шығармаға жазылған бірнеше пікірлер мен хаттарды жинастыра, саралай келе романның оқырмандар тарапынан үлкен сұранысқа ие болуымен қатар жоғары бағаланғанын көреміз. Ал оқырман қауымның бұл шығармаға соншалықты ықыласты болуының сыры неде деген сұрақ туындайды. Біріншіден, «Москва үшін шайқас» романымен қатар осы соғыс тақырыбына арналып жазылған басқа да бірнеше туындылар жарық көріп жатты. Ал бұл роман оқырмандар тарапынан ерекше бағаланды. Себебі, ол сұрапыл соғыс жылдарын басынан өткерген жауынгер-жазушы өз шығармасында суреттелетін әрбір детальға дейін мән бере қарап, соғыстан кейін еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан елге тарихи шындықты жеткізуді мақсат етті. Шындықты алға қойған Б.Момышұлы мақсатына жетті де.

Екіншіден, шығарманың кейіпкерлері – осы соғыста қаза тапқандар мен соғыстан кейін елге оралғандар, яғни қан майданды көзімен көргендер. Шығарманың авторы мен кейіпкерлерінің халық арасында жүруі оқырман қызығушылығын арттыра түсті. Үшіншіден, оқырмандар, әсіресе жас буын өкілдері романдағы Отанды қорғау жолында ақтық демі қалғанша күресіп, ерлікпен қаза тапқан кейіпкерлердей болуға ұмтылды. Яғни өскелең жас ұрпақты ерлікке, адалдыққа, батырлыққа баулуда қолданылатын тәрбие құралының айналды.

Баукеңнің қанатты сөздері

Басты тақырыбымыз Баукеңнің қанатты сөздерінен жинаған біраз сөздеріне мән берейік. Бауыржан Момышұлы соғыстан соңғы жылдарда аса көрнекті жазушы ретінде танылды. Әсіресе, нақыл сөздеріне көп мән берді.

Ептілік – шапшаң ойланып шешім қабылдаудың және бұлшық еттердің шапшаң ойға тәртіптілікпен бағынуының нәтижесі.

Қызбалық – батылдық пен ептілікті ұштастыра блу деген сөз.

Батырлық – табиғаттың бере салған сыйы емес, бұл – патриоттың өз борышын орындау үшін қауіп-қатерге қарсы баруға өзін-өзі саналы түрде зорлауының нәтиесі.

Жұрттың көбіне ақыл берілгенімен , жүрек бәріне бірдей берілмеген.

Батылдық – есеппен қимылдауды тәуекелмен ұштастыру.

Отан үшін отқа түс – күймейсің.

Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет.

Ана тілін білмеген –

Ана сүтін татпаған.

Ана үшін аянба – ант ұрады,

Бала үшін аянба – бетің күйеді.

Ел үшін аянба – ерлігіңе сын,

Жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын.

Именіп жүріп көрген игіліктен

Қарсыласып жүріп көрген қорлық артық.

Ерді ел үшін,

Жігітті жұрт үшін мақта.

Ежелден ер тілегі – ел тілегі,

Адал ұл ер боп туса – ел тірегі.

Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгісі.

Опасызда Отан жоқ.

Елсіз ер болмайды, жұртсыз жігіт болмайды.

Өтіріктің балын татып тірі жүргенше,

Шындықтың уын ішіп өлген артық!

Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі, Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі.

Отбасы – өмір жалғасы

Батырдың ұрпақтары жайлы сыр шертсек, төмендегі деректерге көз жүгіртейік:

Бауыржан Момышұлының ұлы – Бақытжан да, келіні Зейнеп те жазушы. Немересі Ержан түрі де, мінезі де батыр атасына тартқан екен. Оның жұбайы Анар. Шөберелері Нұрсұлтан мен Мадияр егемен елдің бақытты балаларының қатарында өсіп келеді. Тағы бір айта кететін жайт, Б.Момышұлының Ресейде қызы бар. Соғыс жылдарында майдандағы жауынгерлердің көңілін көтеру үшін, рух беру үшін концерттік бағдарламамен барған әнші және актриса Галина Каркинамен Бауыржанның көңілі жарасады.

Батырдың марапаттары:

Бауыржан Момышұлын 1941 жылдың қараша айында Мемлекеттік ең жоғарғы наградаға сегізінші гвардиялық дивизияның командирі өз қолымен ұсынған. Бұл аяқсыз қалды. 1942 жылы бұл ұсынысты генерал Чистяков қайталаған. Бұл да аяқсыз қалды. Одан кейін де бірнеше дүркін бұл ұсыныс қайталанып отырды. Ақыр аяғы 1900 жылы Қазақстан Социалистік Республикалар Одағының батыры атағы қаһарман Бауыржан Момышұлына өзі дүниеден өткеннен кейін берілді.

Еңбек Қызыл Ту

Халықтар Достығы

1-дәрежелі Отан соғысы

2 рет Қызыл Жұлдыз

«Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

Кеңес Одағының Батыры

Жылнамалар тізбегі

1910 жылы 24 желтоқсан күні дүниеге келді;

1929 «Әулие Ата» тоғыз жылдық мектебін бітіреді;

1932 жылдың қаңтары мен қарашасы аралығында мансапты қызмет атқарады;

1932 жылы әскерге шақырылғаннан кейін Отан алдындағы борышын өтейді;

1933 жылы полктық мектепті бітіреді;

1934 жылы әскерден келгенде запастағы командир болады;

1936 жылы Қызыл Армия қатарына командир ретінде қайта шақырылады;

1940 жылы Украинаның Житомир қаласындағы 202-ші арнаулы танкке қарсы шабуылдайтын дивизиясының командирі болып тағайындалды;

1941 жылдың қаңтарына тәжірбиелі сардар Алматыға қайтарылады;

1941 жылдың күзінен басталған Мәскеуді қорғау шайқасына қатысады;

Қорытынды:

Арғы ғасырлар көмейінен атырылып шығып, өзін қысыммен жаншып тұрған қызыл империяны тас – талқан еткен – Қазақ халқының қаһармандық серпіні – XX ғасырда Еліміздің ұлы перзенті Бауыржан Момышұлы болып, бүгін – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік көгіне самғай көтерілді.

Қазақ халқының ұлы перзенті, қаһарман жауынгер, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының батыры, әйгілі жазушы Бауыржан Момышұлы – ХХ ғ. биігінде тұрған дара тұлға.

Отқа түсіп,су кешіп

Белуардан қан кешіп,

Қасиетті ел үшін

Ту көтерді бекініп.

Ел намысын қорғады,

Ер намысын қолға алды.

Батырлары халқымның

Мәңгі есте сақталды.

You May Also Like

Ең үздік ғылыми жоба «Гастрономиялық Алматы»

Ең үздік ғылыми жоба «Гастрономиялық Алматы» Орындаған: Арын Ақбота, Имашева Дильназ Мазмұны Кіріспе………………………………………………………………………………………………………………………………

Ахмет Байтұрсыновтың шығармаларының тәрбиелік мәні, ғылыми жоба

МАЗМҰНЫ  І. КІРІСПЕ  ІІ. НЕГІЗГІ БӨЛІМ  2.1. А.Байтұрсынов ұлы тұлға 2.2. А.…

Қазақтың ұлттық тағамы-құрттың адам ағзасына пайдасы, ғылыми жоба

Ғылыми жобаның тақырыбы: “Қазақтың ұлттық тағамы-құрттың адам ағзасына пайдасы” 1.Кіріспе 2.Негізгі бөлім:…

Шаш бояуы, ғылыми жоба

Ғылыми жобаның бағыты: Табиғи сау орта-«Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асырудың негізі Ғылыми жобаның…