Тұғыры биік Тәуелсіздік!

Қол жетті, міне, аңсаған күнге,

Жасай бер, жаса, Қазағым менің!

Рухы күшті ел – алынбайтын қамал. Иә, бүгінде Қазақстан  – гимні асқақ шырқалып, көгілдір туы биіктен көрінген бақытты ел. Өзге дербес елдермен терезесі теңесіп, керегесі кеңейген ұлы халықтың бірі. Қазақтың ұлылығы – бейбіт өмір сүргіштігінде, бауырмалшылдығында, сабырлылығында  және  даналығында. Мен осындай данагөй, дербес, асыл қасиетке бай ғажап елде дүниеге келгеніме мақтанамын, қазақ екеніме шаттанамын.  Бізді осындай бақытты күнге жеткізген, бақытымызды баянды еткен Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ол кісінің көрегенділігі мен өлшеусіз еңбегінің арқасында қазір Қазақстан әлемге танылған тәуелсіз мемлекетке айналды. Елбасының нұрлы жолының, сындарлы саясатының арқасында еліміз өркен жайып, қарқынды дамып, нұрлы күн кешуде. Асқан білімімен, табиғат сыйлаған дарынымен халықтың қалаулысы  болып, бір ауыздан сайланған алғашқы Президент болуы да жайдан-жай емес. Мен Елбасына ерекше ілтипатпен қараймын. Осындай жігерлі, қайратты, дана, дара Елбасымен мақтанғанның өзі – бір бақыт.

Елбасымыз белгілеген «Қазақстан – 2030»  бағдарламасы және жыл сайынғы жолдауы – менің елімнің адаспайтын жолы мен айқын да анық бағдары бола білді. Елбасының жолдауында Джон Кеннедидің: «Ел мен үшін не істей алады деп сұрамаңыз, елім үшін мен не істей аламын деп сұраңыз»,-деген сөзі бар. Иә, осы бір сөздің астарында терең де ойлы мағына  жатыр.

Мен үшін Елбасымыз ежелгі қазақтың тарих бетіне енген ұлы, ғұлама, аты аңызға айналған тұлғаларымыздың бірі, бірегейі болып көрінеді. Елі үшін еңбек етуді бақыт санайтын мұндай жанашыр жан  ДАРА ТҰЛҒА емес пе?!

Тәуелсіздік – қазақтың қазақтығы, ұлтымның азаттығы. Тәуелсіздік – Елбасы ұғымымен егіз.  Тәуелсіздік жолы – қасиетті жол. Ата-баба ерлігі – халық мұрасы, оның тарихы, ар-намысы. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың асқақ арманымен  туындаған, бүгінгі ұрпақ қол жеткізген ұлы жеңіс, қасиетті ұғым. Бізді бұл бақытқа жеткізу үшін аяулы арыстарымыз еркіндік үшін күресте қасық қаны қалғанша жанқияр ерлік көрсетті. Қаншама қыршын жастар тәулсіздіктің жолында құрбан болды. Ғасырлар бойы жасаған халқымыздың ерлік істерінің жемісі бізге баянды бақыт сыйлады. Анамыздың ақ сүтімен қанымызға сіңген қасиетті тіліміз, жүрегімізге иман сыйлаған құдіретті дініміз, қилы кезеңдерден адаспай жеткен салт-дәстүріміз – азаттықтың бізге тартқан ақ сыйы. Тәуелсіздіктің ақ таңы қасиетті Ата заңымды, аспан түстес көк байрағымды, елтаңбам мен әнұранымды дүниеге әкелді. Барша ұлтты бауырына басқан Отаным татулық пен бірліктің мекеніне айналды. Елбасы елімен, нұрлы жолымен талай биіктерді бағындырып, әлем өркениеттерімен иық теңестірді. Бүгінгі Қазақстан – әлемдік аренадан өз орнын ойып алған, Азия мен Еуропаны мойындата білген өжет елдің мекені. Ата-бабамыздан қалған ұлан-ғайыр жерді игеріп, дербес мемлекет ретінде өз билігімізді сақтаған, өзгеге көңіліміз ашық, пейіліміз таза халықпыз.

Бүгінгі күн – таршылықтың темір құрсауының, отызыншы жылдардағы отаршылдық пен сталиндік жаппай жазалау құрбандарының, Ұлы Отан соғысында от ортасынан оралмаған боздақтардың, тәуелсіздіктің рухы – желтоқсанда намысты қолдан бермеген қыршын жастарымыздың жеңісі!

Биыл біздің тәуелсіздігімізге  30 жыл толды. Төл мерекеміз еліміздің барлық аймағында тойланып жатыр. Сәулетті ордамыз Нұр-Сұлтан әлем тамсанған шаһарға айналды. Бейбітшілік пен тұрақтылық – елімнің  мызғымас тірегі. Болашағымыз – бірлікте! Иә, 130-дан астам ұлт пен ұлыстың мекені – қазақ елінің әлі де талай асулар мен биіктерді бағындыратыны сөзсіз. Міне, елім деп шын еңіреген ерлеріміздің арқасында бірлігі жарасқан мәңгілік елге айналдық.

«Болашақ» бағдарламасы талай талантты балаларға үлкен мүмкіндік сыйлады. Қазір заман талабына сай жан-жақты білім алуға жағдай жасалған. Болашағымыз жарқын. Денсаулық саласы да дамып, ана мен балаға жақсы жағдай жасалуда. Қазақстанда көптеген өнеркәсіп орындары ашылып, экономикамыз дамуда. Осының бәрі – еліміздің ертеңі, болашағы үшін атқарылған ерен еңбек. Соның бірі – әлемнің көптеген елдері қатысатын «ЭКСПО-17» көрмесінің Қазақстанда өткізілуі еліміздің даңқының асып, мәртебесінің биіктігінің белгісі. Осы орайда санамда жатталған: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетіне нығайып көркеюі жолында жан теріңді сығып  жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!»-деген Елбасының ұлағатты сөздері жігерімді қамшылайды.

Ендігі ұрпақтың міндеті – ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен бабалар қорғаған кең-байтақ жерімізді гүлдендіру, қорғау. Ол үшін бізге мол білім мен тәлімді тәрбиені бойымызға сіңіріп, аталар аманатына адал  болуымыз  қажет.

Иә, «еркіндік» аңсаған халық тілегі бүгінгі таңда күндей күліп, арайлап атқан таңмен бірге  шапағын шашып тұрғандай. Ежелден аңсаған еркіндіктің туы жоғары, тәуелсіздігі баянды, елдігі  берік, тілегі қабыл бола бергей!

You May Also Like

Сенімділік –достық, сенімділіктің – белгісі. эссе

Астана – Тәуелсіздіктің жемісі. Өз көзқарасыңызды дәлелдеңіз. эссе

Тәуелсіздік — халықтың үні, ұлттың тілі мен ділі. Тәуелсіздік — халықтың тойы,…

І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасына арқау болған тарихи оқиғаларды дәлелдер келтіре талдап жазыңыз. эссе

Қазақ әдебиетнде өзіндік орны бар тұлға Ілияс Жансүгіроатың жазушылық кемелденуінің сапалық бір…

Тәуелсіз елдің ұлымын! эссе

Тәуелсіз елдің ұлымын! Өлмедік! Зар еңіредік, сабыр еттік, Шашатын алтын сәуле таңды…