Эссе

Ұстазым-ұлағатым

                                                  «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан»

                                                                                                            Абай 

Адамзат  дүниесіндегі мамандық атаулының төресі – Ұстаздық деуге болады немесе бар мамандықтың Анасы десек те болар… Жалпы,мұғалім  барлық  мамандық   иесін  тәрбиелейтін,  оқытып  үйрететін  абзалжандар.Ұстаз  алдынан  тәрбие  алмайтын  жан  жоқ. Ұстаз  берген  тәрбие  әрбір  жанның  өміріне  жол  сілтер  шамшырақ  секілді. Ғылым  иесі  ғалым  да,  ел  қорғаған  батыр  да, тілінен  бал  тамған ақын  да,  тегеуріні   темір   балқытқан   жұмысшы  да, егін  салған диқан да, мал  бағып   терін   төккен  шопан  да, көк  күмбезінен  әрі  өткен ғарышкер  де  бәрі-бәрі  ұстаздан  білім,  тәлім  алған. Сондықтан ұлағатты  ұстаздарға  бүкіл  адам баласы  құрметпен  бас  иеді.

Қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады.Өзінің ұлағатымен,кішіліктен бастап,ірілік тұлғасына дейін барша жанға үлгі болатын ұстаздарды қалайша ерекше жандар демейсің?…

Мектепті ұстазсыз,ұстазды шәкіртсіз елестету өте қиын.Шәкірт ретінде өз ұстаздарымның тәлім-тәрбиесін,берген білім нәрін болашақта пайдама асырар жолдың бастауы ретінде қабылдап, барынша жақсы оқуыммен,жетістіктеріммен қуантып,аз тамшыдай болса да Ұстаздарымның маңдай терлерінің қайтарымы етіп көрсетуге тырысып жүрмін. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімім Гаухар Нұрлығайнқызы- сондай сүйікті ұстаздарымның бірі. Әдебиет әлеміне ,поэзия оқуға, өз ойымды еркін жеткізуге деген талпынысымды байқап, мені 5 сыныптан бастап осы пәнге баули бастады. Пәндік олимпиада, түрлі байқаулар, ғылыми жоба сияқты көптеп  саналатын білім додаларына дайындықты бірге өткіземіз. Апайым тек жетелеуші десем де болады, басты ізденушілікті, оқуды өзіме тапсырма ретінде беріп, оның жолдарын сілтеп,  маған сенім білдіретінін ұстазымның шығармашылық ұлағаты, кәсіби шеберлігі деп санаймын, өйткені сенім білдіру,талпындыру,қызықтыру-үлкен тәрбие сатысы екенін де жақсы түсінемін.

Өскелең ұрпақты биік мақсаттарға жетелеу,өз бойында бүкіл адамзаттық құндылықтарды жинақтаған,өз өміріне өзі басшылық жасап,өзін-өзі дамытатын тұлғаны тәрбиелеу  тетігі ұстаздарға байланысты.Іскер,жаңаға жаны құмар,үздіксіз ізденіс үстіндегі мұғалім ғана оқушыға сапалы білім бере алады.

Тұла бойында тұлпардай тулаған дарынын қамшылай түсіп,жаңа шыңға көтерілем деген бала әркез өмірден өзінің шынайы орынын табатыны хақ. Тұтанайын деп тұрған жас шоқты үрлеп,лап еткізіп жандыратын жандар да –осы аяулы ұстаздар.Ұстаздарымыз болмысындағы бар қасиет,құрметін,өмірден санасына түйген байлығының барлығын оқушысына сыйлап, жүрегіне су сепсе де сөнбейтін алау жағады,шабытын шыңдайды.Шәкірттерінің келешегі жөнінде ойланып,олардың қабілетті шәкірт болып,үлкен биіктерден көрінуін қалайды.

Білім мен тәрбиені қатар бере отырып, шәкірттерінің талаптарына нұр жауса екен дейтін,«Өнерлі өрге жүзеді», «Талаптыға нұр жауар», «Өнерлінің өрісі кең» деген қанатты сөздермен қанаттандырып отыратын да абзал жан-осы ұстаздар…

Ендеше , осы эссемді мына ойыма келген өлең шумақтарымен түйіндесем:

Мамандықтың атанған төресі-Ұстаз,

Кие мен шыдамның үлгісі-Ұстаз!

Болмысыңды таратып маңайыңа

Болашаққа жол салар жансың,Ұстаз!

You May Also Like

Тәуелсіздік – бақытым, эссе

«Тәуелсіздік – бақытым» Тәуелсіздік бұл тақырып мен үшін өте күрделі және ауқымды…

«Таныстыру» поэмасының желісі арқылы Сұлтанмахмұттың қазақтың оқыған зиялылары туралы көзқарасын дәлелдер арқылы талдап жазыңыз. эссе

Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ тарихында елеулі оқиғалар орын алды. Ол қазақ халқының…

Мен – елімнің патриотымын, эссе

Мен – елімнің патриотымын Патриот дегеніміз – өз ұлтын, тілін, діні мен…

Абай Құнанбаевтың «Ескендір» поэмасындағы ақын жеткізген Ескендірдің әлсіздігін талдап жазыңыз, эссе

Абай Құнанбаевтың «Ескендір» поэмасындағы Ескендір қандай адам? Ақылдылығымен, айласымен, көрегендігімен, талапшылдығымен, мақсат…