«Менің мамандығым – тәрбиеші»

(эссе)

«Мен – тәрбиешімін»!!! Осы сөздің өзі бұл мамандықтың барлық сипатын, маңызын, мағынасын ашып тұр. Әр мамандықтың қоғамда өз орны бар, әркім өзінің ыңғайына, қызығушылығына, жағдайына қарай бір мамандықты таңдайды, оқиды. Кейбіреулері мамандық таңдауда қателесіп те жатады. Қазіргі заманда тек ынта болса болғаны кез-келген оқуға түсуге, кез-келген мамандықты меңгеруге болады.

Мен де бұл салаға кездейсоқ келгенім әлі есімде. Бірінші бітірген оқуым бойынша сауда саласының маманы ретінде жұмыс жасап жүрген уақытта заман өзгерді. Талай жыл жұмыссыз жүріп ауылда балабақша салынады дегенді ести сала өз бағымды сынап көруге бел будым. Сөйтіп тәрбиеші мамандығын  алып, жаңа ашылған балабақшаға жұмысқа орналастым. Мен бұл жерге басында жүректің қалауымен емес, өмірдің талабымен келген болатынмын. Балалармен жұмыс істей бастағаннан-ақ мен Абай атамыз айтқандай «Қолымды мезгілінен кеш сермегеніме» сондай өкіндім, балабақша өмірінің қайнаған ортасына бар ынтаммен, бар алған біліміммен, балаларға деген махаббатыммен кіріп кеттім.

Балабақшада жұмыс істей жүріп «тәрбиеші» сөзінің құдіретін ұқтым. Біз тек бала тәрбиелемейді екенбіз, біз еліміздің болашағын, ұлттың болашағын  тәрбиелейді екенбіз.Олай дейтін себебім, 5 жасқа дейін  бала тәрбиесінің негізі қаланады. Осы негіз баланың бүкіл өміріне арқау болады екен.  Біздің біліміміздің, тәжірибеміздің, беретін тәрбиеміздің  бала үшін қаншалықты маңызды    екендігін осыдан -ақ түсінуге болады.   Бізде көпшілік бала тәрбиесі мектептен басталады деп ойлайды. Бірақ балада  ана тілімен танысуы, алғашқы дағдылар мен біліктері,адамгершілік сапасы,әлеуметтік бейімделуі, қоршаған ортамен танысулары, экологиялық тәрбиенің алғышарттары  балабақшада қаланады.

Ж.Баласағұнның мына бір қанатты сөздері біз үшін айылғандай:

Балаң  білім  жолын  қусын  десеңіз

Бесігінде-ақ  ілім  шоғын  көсеңіз.

Білім  үйрет  сәбиіңе  сарыла

Уыздай  ілім  сүттей  сіңер  қанына.

Сәбиінде  көкірекке  түйгені,

Өлгенінше  санасында  жүреді»  .

Ж. Аймауытовтың айтуынша «Бала тәрбиесі –бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер….Бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала алмайтын мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші айыпты».

Осыған қарай отырып  Тәрбиешінің  арқалайтын жүгінің  өте ауыр және өте жауапты екендігін түсінесің және түсінген адам ғана осы мамандық бойынша жұмыс істей алады деп ойлаймын.  Ауылдағы балабақша тәрбиешісі  әнші, биші, актер, дизайнер,психолог та болуы керек. Себебі 2 топқа ғана арналған балабақшада басқа мамандар қарастырылмаған. Енді тәрбиешінің жұмысын көз алдыңызға елестетіңіз.Басқа қай мамандық иесі осындай жан- жақты бола алады екен.

Мен өз мамандығым бойынша білімімді үнемі жетілдіріп ,заман ағымымен ілесе, жаңа технологияларды қолдана отырып,  халықтық педагогика негізінде жұмыс жасаймын.Алдыма келген әр бала үшін, солардың болашақта жақсы азамат болуы үшін жауаптымын,оларды заман талабына сай етіп тәрбиелеу –міндетім.

Сондықтан күнделікті жұмысымды балалардың қажеттіліктері мен қызығушылықтарын ескере отырып, олар өздерін еркін сезінетіндей  жағымды орта ұйымдастырып, ата-аналардың да баласы үшін алаңдамайтындай  етіп жоспарлауға  тырысамын.

Осы салада 10жыл жұмыс атқарыппын. Тәрбиешінің  еңбегі зор, жүгі ауыр болса да  көзге көріне бермей, көбінесе елеусіз қалады.Көшеде келе жатқанда сені танып «біздің апай» деп амандасып жатса, бізге одан артық марапаттың, құрметтің қажеті де жоқ.

Біз–тәрбиешілер,балаға тәрбие беру, оларды мектепке дайындау, денсаулықтарын шынықтырумен  қатар олардың ата-аналарын да бірге тәрбиелейміз.Жас ата-аналарға  бала тәрбиесіне байланысты кеңестер беру,  толғандырып жүрген мәселелерді   жиналыстарда талқылау, семинарлар ұйымдастыру, ертеңгіліктерге қатыстыру, спорттық шаралар өткізу.Ата-аналармен бірлесе, ақылдаса отырып екіжақты берілген тәрбие ғана өз жемісін береді.

Осы қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықты таңдағаныма өкінбеймін. Жауапкершілігі мол қызмет жолында бар тәжірибем мен білімімді аямай еңбек ете беретінімді айтқым келеді.

You May Also Like

Сал-серілердің (әнші-ақындар) өлеңдеріндегі қыз сипатын талдап жазу, эссе

Сал-серілердің (әнші-ақындар) өлеңдеріндегі қыз сипатын талдап жазыңыз! ХІХ ғасырда қазақ әдебиеті мен…

Ы.Алтынсариннің «Дала қоңырауы» екендігін дәлелдеп жазыңыз, эссе

Елбасымыз «Тарих толқынында»  кітабында Қазақстандағы халық ағарту ісінің  тұңғыш абызы деп атады.…

Ш.Уәлихановтың әдебиетші-ғалым ретінде қазақ ғылымына қосқан үлесін дәлелдер арқылы жазыңыз. эссе

«Құйрықты жұлдыз секілді,   Туды да көп тұрмады. Көрген, білген өкінді, Мін тағар…

Мінез туралы жалпы түсінік, эссе

ЭССЕ Мінез туралы жалпы түсінік Мiнез нақты адамның шыншыл, адал, ақкөңiлдiгiне орай…