Эссе

Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы

Әл Фараби саяси пікірлерінің бірін «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы» еңбегінде баяндайды. Бұл еңбегінде, саяси ілім – қайырымды басқару, оны ұйымдастырудың тәсілдері мен қала тұрғындарына қайырымдылық пен игіліктің қалай келетінін, оған қандай жолмен жетуге болатындығы жайлы пікір бөліседі. Адамдар өздерінің санасынан тыс қалыптасатын материалдық игіліктерді өндіруде әр түрлі топтарға, қауымдастықтарға біріккені белгілі. Осындай ұйымдастырушылықтың бірі – толық, екіншісі –толымсыз қоғам деп аталады. Өз ретінде толық қоғам үлкен, орта, кіші болып бөлінеді.

Үлкен қоғам – жер бетіндегі мекендеуші барлық адамдардың жиынтығы. Орта қоғамға белгілі бір халық, тайпалар бірігеді. Ал, кіші қоғам – шағын қоғамға жекелеген қалалардың тұрғындары, ондағы көшелер мен отбасы мүшелері жатады. Ғұлама қайырымды және қайырымсыз қала тұрғандарына талдау жасап, ондағы жекелеген топтардың әлеуметтік жағдайын, айналысатын кәсібін, тұрмыс-салтын, өмір сүру ерекшеліктері мен құндылықтарын көрсетуге ұмтылды.

«Адамдар, бақытты болуы үшін бір-біріне көмектесіп отыру мақсатымен бірлескен қала-ізгі қала. Халқы бақытқа жету үшін өзара көмектесіп отырған қоғам да ізгі қоғам болады. Қалалардың бәрі бақытқа жету жолында біріне-бірі көмектесіп тұратын халық ізгі халық. Сол сияқты халықтардың бәрі бақытқа ұмтылып, біріне-бірі көмектесіп отырса, бүкіл жер жүзі ізгі болар еді» – деді Әл Фараби. Ол қала тұрғындарының бақытты өмірге қол жеткізуі жоғарғы, қайырымды билік өнеріне де тікелей қатысты деп ой түйеді. Қайырымды қала билеушілері өз жұрты, тұрғындары үшін қызмет етеді. Қайырымды қала тұрғындарының ғана мүмкіндігі, құқығы бар «бақыт дегеніміз игіліктердің ішіндегі ең қадірлісі, ең үлкені және ең жетілгені». Сондықтан қайырымды билеушілер билеген қала тұрғындары ғана бақытқа жете алатыны айтылады.

Ғұлама қайырымды қалалармен бірге надан, бұзылған, сараң, қайырымсыз қалалардың болатынын ескертеді. Сонымен қатар, «қайырымды қала» тұрғындары пайдаланатын игіліктерге ғылым негіздерін меңгеру, әділдікке ұмтылу, әртүрлі әлеуметтік топтардың бір-бірімен тату өмір сүруін т.б. жатқызады.

Әл Фарабидің ойынша, адам өз өмірінің қожасы, сондықтан ол өз бақытын өзі жасауы және қиындықтардан қашпауы керек.

You May Also Like

Махамбет жырларында Исатай бейнесін сомдаудағы ақынның тіл шеберліктерін мысалдар арқылы талдап жаз. эссе

Аумалы төкпелі заманда, қара бала қара қазан қамы үшін дүйім жұртты артынан…

Қыс келбеті, эсселер

Шәкәрім Құдайбердиев «Жастарға» өлеңінде жастарды неге Абай арқылы түзеткісі келеді? эссе

Шәкәрім Құдайбердиев «Жастарға» өлеңінде жастарды неге Абай арқылы түзеткісі келеді? Шәкәрім Құдайбердиев…

Merry winter, ESSAY

ESSAY on the topic: «Merry winter» Winter is different in the two…