МАЗМҰНДАМА

Мазмұндама дегеніміз – белгілі бір шығарманың (мәтіннің) мазмұныны ауызша немесе жазбаша түрде баяндап беру. Бұл оқушылардың алған білімін тиянақтап, тілін дамыту мақсатын көздейді.

Мазмұндама 1-сыныпта оқу жылының екінші жартысында басталып, 2-4 сыныптарда бірте-бірте күрделендіре жүргізіледі. Оқушылар ауызша мазмұндауға толық төселіп болғанға дейін жазуға кірісер алдында оқушылармен ауызша әңгіме өткізіліп, жазу жұмысына дайындау міндетті түрде қажет болады.

Мәтіннің көлемі 1-сынып үшін – 40-50 сөз, 2-сынып үшін – 50-60 сөз, 3- сынып үшін – 60-80 сөз, 4-сынып үшін – 80-90 сөз болғаны дұрыс.

Мазмұндамаға екі баға қойылады:

1)сауаттылығына

2)мазмұндылығына.

Бастауыш сыныптарда мазмұндаманы мына сияқты материалдар бойынша жаздыруға болады:

  1. дайын мәтін бойынша
  2. сурет бойынша
  3. шығармашылық жолмен

кино, бейнефильм бойынш

 

Сурет және өлең жолдары бойынша әңгіме құрап жаз

  1. Саған қыс мезгілі ұнай ма?
  2. Өлең неге «Көңілді қыс» деп аталған деп ойлайсың?
  3. Жаңа жыл мерекесін қалай қарсы алдың?

«Менің мысығым» тақырыбында  әңгіме құрастырып жаз:

Жоспар:

  1. Менің мысығымның аты.
  2. Мысығымның ұнататын тағамы.
  3. Мысығыммен ойнайтын ойындарым.
  4. Мысықтың тазалығын қадағалау.
  5. Мысықтың адамға пайдасы.

 

БАЛАПАН

Жазғы каникулда Арман мен Нұрлан атасы мен әжесінің ауылына қыдырып барды. Бірде олар аталарына аула ішіндегі бау-бақшаны арамшөптерден тазартып, ретке келтіруге көмектесіп жүр еді. Арман Нұрланды шақырды.

Барса, жерде шиқылдап сары ауыз балапан жатыр екен. Бұл ағаш басындағы ұядан құлап түскен торғайдың балапаны болып шықты. Өзі кіп-кішкентай, жүні жоқ, қызылшақа.Балапан шиқылдай береді.

Арман басқышқа мініп, балапанды ұясына қайта салды. Арман мен Нұрлан балапанға қарайлап, үнемі қамқорлық жасап жүретін болды.

  • Жазғы каникулда Арман мен Нұрлан қайда қыдырып барды?
  • Олар ата-әжесіне қалай көмектесті?
  • Олар нені көрді?
  • Торғайдың балапаны қайдан құлап түскен?
  • Балалар қандай жақсы іс-әрекет жасады?
  • Өздерің құстарға қандай қамқорлық жасайсыңдар?

 

Суреттерге қарап, «Менің ұстаздарым» тақырыбына әңгіме құрастырыңдар.

 

Тірек сөздер:

  1. 1. білімменсусындатады;
  2. тәлім-тәрбиебереді;
  3. өмір қиындықтарын жеңуге баулиды;
  4. табиғатты танып-білуді меңгертеді;
  5. адамдарды түсінуге үйретеді.

ТОРҒАЙ

Бақша арасындағы жолмен аяңдап келемін. Итім

алдымда жүгіріп бара жатқан. Ол кенет жүрісін тежеп, құстың иісін сезгендей-ақ төрт тағандап бұға бастады.

Мен ілгері жол бойына қарадым. Торғайдың сары жағал, ақ үрпек балапанын көрдім. Ол ұясынан құлап түсіпті…

Әңгімені өз ойыңша жалғастырып жаз.

Суретке қарап, қандай жағдайларда обал болатынын айтыңдар.

Халқымыз «обал болады» деп ескерту арқылы адамның, жан-жануардың, табиғаттың қадірін білуге шақырады.

Басқаларға жақсылық жасап үйренген адам сауапқа кенеледі.

Суреттерге қараңдар.

Табиғатқа обал жасау дегенді қалай түсінесіңдер?

 

ТАБИҒАТ АЯСЫНДА

  • Суретте жылдың қай мезгілі бейнеленген?
  • Қандай ағаш гүлдеп тұр?
  • Табиғаттың әсемдігін қалай суреттер едің?
  • Қыз балаға ат қой.
  • Ол табиғат аясында не істеп отыр?
  • Табиғатты қорғау дегенді қалай түсінесің?

 

ҰЛЫ КҮН

Қазақстан – біздің сүйікті атамекеніміз. 1991 жылғы желтоқсанның 16-сы оның тарихындағы ұлы күн! Сол күні Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялады. Қазақ халқы ғасырлар бойы аңсаған арманына жетті.Еліміз егемен мемлекет болды.

Қазір қазақ мемлекетін жер жүзі біледі. ҰлыОтанымыз –Қазақстанды шексіз сүйеміз!

  1. Біздің сүйікті атамекеніміз қалай аталады?
  2. Қазақстан тарихындағы ұлы күнді ата.
  3. Еліміз қандай мемлекет болды?
  4. Қазақстанды әлем тани ма?

 

 

Сурет бойынша әңгіме құрап жаз

  1. Суретте жылдың қай мезгілі бейнеленген?
  2. Дастархан басында кімдер отыр?
  3. Олардың көңіл күйлері қандай?
  4. Дастарханға қандай тағамдар қойылған?
  5. Олар қандай отбасы деп ойлайсыңдар?

 

ҚОРҒАЛЖЫННЫҢ МАҚТАНЫШЫ – ҚОҚИҚАЗ

Қоқиқаздар – дене бітімі ерекше, тұмсығы имек, сирек кездесетін құстар. Олар Қорғалжын қорығындағыТеңіз көлінде ғана ұялап, жұмыртқалайды. Ол басын суға батырып, түбін қопарып, судағы жәндіктерді аузына толтырып сүзіп алып қоректенеді. Ұя жасауға да су түбіндегі тұнбаны пайдаланады. Ұшып бара жатқан қоқиқаздың қанаттары лапылдап жанған оттың жалынына ұқсас болғандықтан оларды кей халықтар «от» немесе жалын «құс» деп те атайды. Қоқиқаз топтанып тіршілік етеді

  1. Қоқиқаздардың дене бітімі қандай?
  2. Олар қайда үялап, жұмыртқалайды?

3.Қоқиқаздар қалай қоректенеді?

  1. Қоқиқаздар ұя жасауға нені пайдаланады?
  2. Қоқиқаздарды неліктен «жалын құс» деп атайды,

қалай тіршілік етеді?

 

Сурет пен өлең жолдарын пайдалана отырыпәңгіме құрастырып жаз.

 

  1. Суретте жылдың қай мезгілі бейнеленген?
  2. Қысқы табиғатты суреттеп жаз.
  3. Балалар сырғанақты қалай жасады?
  4. Олар қалай ойнады?
  5. Саған сырғанақ тепкен ұнай ма?

ЖАСТЫҚ

Бір жылдың ішінде бір-ақ жаз болады. Ағаш, шөптер, гүл, жапырақтар бір-ақ рет жасарады. Осы секілді адамның басына жастық екі келмейді. Жастық – біздің өміріміздің жазы. Жаздан кейін күз келеді, сол секілді жастықтан соң кәрілік жетеді. Шаруасына тиянақты кісілер жаздыгүні қыстық азық-түлігін даярлап қояды. Адам да жасында өнер-білім, жақсы мінездерін бойына жинауы тиіс. Мұнсыз ол қартайған шағында рақат тіршілік ете алмайды.  (М.Дулатов.)

  1. Бір жылда қанша рет жаз болады?
  2. Ағаш, гүл, жапырақтар неше рет жасарады?
  3. Жастық шақты жылдың қай мезгіліне теңейді?
  4. Кәрілікті неліктен күзге теңейміз?
  5. Адам өнер-білімді, жақсы мінездерді қай уақытта бойына жинауы тиіс?

Мазмұндамалар жинағы

2- 3 сыныптарға арналған

Көмек

Қыстың ашық күнінде  Ернар, Айдын, Талғат үшеуі ауыл шетіндегі кішкентай көлшіктің жанына  ойынға шықты.  Олар  қардан аққала жасап, бір-бірімен қар лақтырысып ойнады.  Одан кейін үшеуі қатып жатырған көлшікке сырғанақ тебе  бастады. Кенеттен көлдің мұзы жарылып, Айдын суға күмп ете түсті. Ол қорыққанынан айқайлап жіберді. Осы кезде Ернар мен Талғат   жүгіріп келіп, оған қолдарын созып ,  судан шығарып алды.  Бұл жағдайды естіген Айдынның анасы достарына рахмет айтып, « Міне, нағыз достық осындай болады!»- деді.

 

Сұрақтары:

  1. Жылдың қай мезгілі ?
  2. Балалар қайда ойынға шықты?
  3. Олар қандай ойындар ойнады?
  4. Айдын қандай жағдайға тап болды?
  5. Достары оған қандай көмек көрсетті?
  6. Айдынның анасы достарына ризашылығын қалай білдірді?

 

Қайырымдылық

Қыстың аязды күні. Бірінші сынып оқушылары, ағайынды  Алдияр мен Әли  жылы киініп,  үйлерінен сабаққа беттеді. Олар әңгімелесіп келе жатырды. Олардың алдында аяғын жайлап басып,  қолында таяғы бар қарт әже келе жатырған болатын. Кенет  қарт әжейдің аяғы тайып,, құлап түсті. Мұны көрген Алдияр мен Әли сөзге келместен жүгіріп келіп, әжейді екеулеп тұрғызып, қолына таяғын ұстатты. Қарт әжей екеуіне риза болып, « Рахмет, айналайындар. Қайырымды екенсіңдер, » -деп бастарынан сипады.

Түсіндірілетін сөздер мен сөз тіркестері: кенеттен, сөзге келместен

Сұрақтары:

  1. Алдияр мен Әли қайда келе жатырды?
  2.  Олардың алдында кім келе жатырды?
  3. Әжейге не болды?
  4.  Алдияр мен Әли не істеді?
  5.  Әжей оларға қалай  алғыс білдірді?

 

Туған  күн

Бүгін Аяулым үшін ерекше күн. Себебі, бүгін оның туған күні.  Анасы Аяулымның туған күніне арнап үлкен торт пісірді.  Тортқа әдемілеп «7» деген жазу жазды.  Әкесі оған сыйлыққа  ертегілер кітабын  тарту етті. Туған күнге Аяулымның  дос қыздары келді. Олар дастарқан басында  Аяулымға тілектерін айтып, әкелген сыйлықтарын тарту етті. Туған күн көңілді өтті.

Сұрақтары:

  1. Аяулым неге қуанышты?
  2. Анасы Аяулымның туған күніне арнап не  пісірді?
  3. Оған қандай жазу жазды?
  4.  Әкесі Аяулымға қандай сыйлық жасады?
  5. Туған күніне тағы кімдер келді?
  6.  Туған күн қалай өтті?

 

 

Қамқорлық

Күз мезгілі болатын. Күн бұлтты, жаңбыр жауып тұр.Түс мезгілінде оқитын  Ажар мен Ақжол мектептен шығып, үйлеріне келе жатты. Олар біраз жүргеннен кейін жол бойында бүрісіп тұрған кіщкентай  күшікті көздері шалып қалды.Екеуі күшікті аяп,  үйлеріне алып кетпек болып келісті. Олар күшікті үйлеріне алып келіп, алдына сүт, тамақ қойды. Кішкентай күшік  жылы жерде тамаққа тойып алып, бұйығып, ұйқыға кетті. Екі бала өз істеріне риза болып, бір-біріне жымыңдай қарады.

Түсіндірілетін сөздер: бүрісіп, бұйығып, жымыңдап

Сұрақтары:

  1. Ауа райы қандай?
  2. Ажар мен Ақжол қайдан келе жатырды?
  3. Олар жолда нені көріп қалды?
  4. Олар күшікке қандай қамқорлық көрсетті?

 

Күз

Күз келді. Күн бұлттанып, әлсін –әлі ақ жауын бүркіп жауады. Күзгі қатты  жел соғып тұр. Желмен бірге  қызыл- сары жапырақтар жерге түсіп жатыр. Енді күн ұзарып, түн қысқарады. Құстардың соңғы легі жылы жаққа ұшып барады. Ауыл адамдары еккен егіндерін жинап алып жатыр.

Түсіндірілетін сөздер мен сөз тіркестері: бүркіп, күн ұзарып, түн қысқарады, соңғы легі

Сұрақтары:

  1. Жылдың қай мезгілі басталды?
  2. Ауа райы қандай?
  3. Күзде жапырақтарда қандай өзгеріс болады?
  4. Күзде күн мен түн қалай ауысады?
  5.  Күзде ауыл адамдары қандай еңбекпен айналысады?
  6.                                               Су.

Су- табиғатта ең көп таралған, негізгі тіршілік көзі. Су барлық тірі ағзаның құрамында  болады. Су болмаса адамдар өмір сүріп, өсімдіктер өсіп, жан-жануарлар тіршілік ете алмас еді. Таза суды көп ішетін адамның өңі жасарып, күш- қуаты артып отырады. Су адамның күнделікті тірлігі үшін де маңызы өте зор. Сондықтан суды үнемдеп жұмсау керек.

Түсіндірілетін сөздер мен сөз тіркестері: тіршілік көзі

Сұрақтары:

  1. Су табиғатта қалай таралған?
  2.  Су нелердің құрамында болады?
  3.  Судың адамдар тіршілігі үшін маңызы қандай?

Торғай

Қыстың күні болатын. Үйдің сыртқы терезесінің алдына бір торғай ұшып келді. Бұны сыртта ойнап жүрген Бауыржан мен Алмас көрді. Олар  аяушылық танытып, терезені ашып, торғайды үйге кіргізді. Торғай жылы жерге ұшып кірді. Бауыржан оның алдына  нанның қиқымдарын тастады. Аш торғай нанның қиқымдарын  жылдам –жылдам шоқып жей бастады. Балалар келесі күні ағаштың басына ұя жасап ілді. Оған күнде жем салып тұрды. Балалар енді торғайды күнде көретін болды.

Сұрақтары:

  1. Жылдың қай мезгілі?
  2. Үйдің терезесінің алдына не ұшып келді?
  3. Торғайды кімдер көріп қалды?
  4.  Бауыржан мен Алмас торғайға қандай қамқорлық жасады?
  5.  Аш торғай не істеді?
  6.  Балалар торғайға арнап не жасады?

Ақтөс

Қанаттың Ақтөс атты иті бар еді. Ол үнемі Қанаттың қасынан қалмайтын. Қанатта иті көрінбей қалса іздей бастайды. Бір күні Қанат көлге шомылуға барды. Көлдің айналасы тыныш, ешкім жоқ. Қанат суға жүгіріп түсіп кетті. Кенет Қанат дем ала алмай суға батып бара жатырды.  Осы кезде қайдан келгені белгісіз,  Ақтөс  жүгіріп келіп, Қанатты іш киімінен сүйреп жағаға шығарды. Есін жинаған Қанат итіне рахмет айтқандай мойнынан құшақтады.  Осыдан кейін Қанат итін бұрынғыдан да жақсы көретін болды.

Сұрақтары

  1. Қанаттың итінің аты не?
  2.  Қанат итімен екеуі қандай дос еді?
  3.  Қанат қайда барды?
  4. Қанат қандай жағдайға тап болды?
  5.  Иті қандай көмек көрсетті?
  6. Қанат итіне алғысын қалай білдірді?

Таныстық

Жалғас мектептен келе жатыр. Бүгін сабақта апайлары ертең сыныпқа жаңадан оқушы келетінін айтты. Кенет ол  бұрылысқа жақындай бергенде бір кішкентай қыздың айқайлаған даусын естіді. Жалғас жалма-жан дауыс шыққан жерге жүгіріп жетті. Өзімен жасты қыз балаға үлкен ит шаңқылдап үріп, атылғалы тұр екен. Жалғас қорықпастан қолына тас алып, итке лақтырды. Ит шегіншектеп кетіп қалды. Қыз бала « рахмет» деп жүгіріп кетті..

Келесі күні Жалғас сабағына барды. Апайы жаңадан келген оқушыны сыныпқа әкеліп таныстырды. Жалғас кеше өзі қабаған  иттен құтқарған қызды бірден таныды. Қыздың аты Әсел екен. Сабақтан соң Жалғас пен Әсел үйлеріне бірге қайтты.

Түсіндірілетін сөздер: бұрылысқа, шегіншектеп, қабаған

Сұрақтары:

  1. Жалғас қайдан келе жатыр еді?
  2. Апайлары сабақта не айтып еді?
  3. Ол кімнің даусын естіді?
  4. Ол қызды иттен қалай құтқарды?
  5. Жалғас сыныбына келген қыз баланы қалай таныды ?

Аққу

Аққу –киелі құс. Аққулар алыс Африкадан көктемде келіп, күзде үшып кетеді. Қазақ халқы аққуларды атпаған. Оны атқан адамды аққудың киесі ұрады деп есептейді.  Аққуды нәзіктіктің, сұлулықтың, адалдықтың белгісі деп санайды. Әдемі, сұлу қыздарын аққуға теңейді. Аққулар екеу болып өмір сүреді және жұптарын жазбайды.  Біздің Қазақстанда аққудың екі түрі кездеседі.Аққу табиғаттың қайталанбас, сұлу көрінісі.

Түсіндірілетін сөздер мен сөз тіркестері: киелі, киесі ұрады

Сұрақтары:

  1. Аққу қандай құс?
  2. Аққулар елімізге қай кезде оралады?
  3. Қазақ халқы аққуларды неге атпаған?
  4. Сұлу қыздарын не үшін аққуға теңеген?
  5. Аққулар қалай өмір сүреді?
  6.  Қазақстанда аққудың неше түрі кездеседі?

Қазақ тілі. 4 сынып.

Мазмұндама.

Мақсаты: оқушыларды мәтін мазмұнын рет-ретімен дұрыс баяндап жазуға төсілдіру.

-жоспар бойынша сөздерді қолдану қабілеттерін дамыту.

-мейірімділікке тәрбиелеу.

Аналық жүрек.

Күздің суық бір күні болатын.Мектептен қайтып келе жатыр едім.Үй алдындағы қора ішінен мияулаған мысық баласының әлсіз дауысы естілді.Көмек сұраған тәрізді.Жақындап қора ішіне үңіліп қарадым.Ол мысықтың баласы екен.Өзі өте кішкентай екен.

Оның әлі өздігінен тамақтана алмайтыны көрініп тұр.Аяп,үйге алып келдім.Үйде өзімнің мысығым бар болатын.Ол өте сүйкімді болатын.Оның жүні үлпілдек мамықтай болғандықтан «Мамық» деп атаушы едім.Әкелген бала мысығымды «Мамықтың» бауырына салдым.Ол жатсынбай,өз баласындай жақсы көріп кетті.Мен «Мамықты» бала мысықты өзгенің баласы деп жатсынбай, еміренген аналық жүрегіне қайран қалдым.

Түсіндірілетін сөздер мен сөз тіркестері: аналық жүрек,үлпілдек, мамықтай,

жатсынбай, еміренген.

Мазмұндама жоспары:

1.Мысықтың кішкентай баласымен кездесуі.

2.Үйге алып келуі.

  1. «Мамықтың» бауырына салуы.
  2. «Мамықтың» бала мысыққа еміренуі.

Қазақ тілі. 4 сынып.

Мазмұндама.

Мақсаты: -жоспар бойынша мәтін мазмұнын рет-ретімен дұрыс баяндап жазуға төсілдіру, мейірімділікке,қамқорлыққа баулу.

Бұлақ басындағы оқиға.

Біз жазда малды ауылда жайлауда болдық.Бір күні папам, сіңілім Жанар үшеуіміз қой тоғытуға үлкен бұлаққа бардық.Бұлақтың жан-жағы көк майса шөп.Қойды тоғытып болып,үйге қайтып келе жатқанбыз.Кенет ешкінің бақылдағаны естілді.

Дыбысы аянышты шығады.Алғаш онша мән бермеген едік.Бірақ ешкі маңырауын қоймады.Дыбыс шыққан жаққа қарай жүрдік.Байқасақ, бір лақ бақпаққа батып, тұра алмай талпынып жатыр.Папам екеуіміз лақты ұйықтан шығарып алдық.Үсті-басы батпақ-батпақ болыпты.Оны бұлақтың суымен жуып тазарттық.Біз Жанар екеуіміз лақты өлімнен құтқарғанымызға қатты қуандық.

Түсіндірілетін сөздер мен сөз тіркестері:қой тоғытуға, көк майса, батпаққа батып,

талпынып жатыр,ұйықтан шығарып алдық.

Мазмұндама жоспары:

1.Жайлауға бару.

2.Қой тоғыту.

3.Ешкінің бақылдаған дауысы.

4.Бақпаққа батқан ешкі.

5.Лақты ұйықтан шығару.

6.Қатты қуану.

Қазақ тілі. 4 сынып.

Мазмұндама.

Мақсаты: мәтінді рет-ретімен баяндап жазуға машықтандыру;

-сөздік қорын дамыту;

-батылдыққа тәрбиелеу.

Қорқақтық жараспайды.

Балалардың бәрі Асанды қорқақ деп атайды.Өйткені ол найзағайдан қатты қорқады.Жаңбыр жауып, күн күркірегенде кірерге жер таппайды.Бірде күн бұлттанып, майда жауын сіркіреп жауа бастады.Бір топ бала ауыл сыртындағы алаңда футбол ойнап жатқанбыз.Асан қақпашы еді.Ол дегбірсізденіп, абыржи бастады.Ретін тауып ойыннан шыққысы келді.Сөйткенше болмай, аспан жарқ-жарқ ете түсті.Асанның зәресі ұшты, балалар ойынды тоқтатып,қақпаның жанында үйіріліп тұрды.Асанды найзағайдан қорықпауға, жауынның өткінші екенін айтып сабырға шақырды.Асан үйіне тура жүгіруге балалардан ұялды.Қанша қорықса да, шыдауға бекінді.Біраздан кейін жаңбыр басылды.Ойын қайта жалғасты.

Түсіндірілетін сөздер мен сөз тіркестері: майда жауын, дегбірсізденіп, абыржи,

Үйіріліп тұрды,өткінші жауын, сабырға шақырды.

Мазмұндама жоспары:

1.Асанның қорқақ атану себебі.

2.Жауын басталғандағы Асанның дегбірсізденуі.

3.Асанның жарқылдаған найзағайдан қорқуы.

4.Ойынды тоқтатуы.

5.Асанның шыдамдылығы.

6.Жаңбыр басылып, ойынның жалғасуы.

Қазақ тілі. 4 сынып.

Мазмұндама.

Мақсаты: сөздерді дұрыс қолдана отырып мәтін мазмұнын  дұрыс баяндап жазуға төсілдіру;

-сөз тіркестерін қолдану дағдыларын тексеру;

-жауапкершілікке тәрбиелеу.

Аю мен бөрене.

Қалың орманды аралап келе жатқан бір аю бал арасына кез болыпты.Ағаш басындағы бал арасына тамсанып, аузынан сілекей шұбырып, оны жегісі келіпті.Аю ағаш басына өрмелеп шығып,ұяға жақындағанда,ілініп тұрған ауыр бөрене оған кедергі жасапты.Балға ұмтылған аю оны итеріп жіберді.Әрі серпілген ауыр бөрене өз салмағымен қайта оралғанда аюдың басына сарт ете қалды.Қара күшіне сенген өжет аю ашуланып одан бетер қатты итерді.Аюдың құлағы шыңылдап, басы айналды.

Бұған ызаланған аю күшімен бөренені үшінші рет итеріп жібергенде,қайта оралған бөрене аюдың басын қақ айырып, ағаштан ұшырып түсірді.

Түсіндірілетін сөздер мен сөз тіркестері: тамсанып, сілекейі шұбырып.

Мазмұндама жоспары:

1.Аюдың бал арасына кездесуі.

2.Балға ұмтылған аю.

3.Аюға кедергі жасаған бөрене.

4.Аюдың ажалы.

Ана тілі. 4 сынып.

Мазмұндама.

Мақсаты: жоспар бойынша мәтін мазмұнын, түсінгенін сауатты жазуға үйрету;

-сөздік қорын дамыту;

— мейірімділікке,қамқорлыққа баулу.

Жолда.

Бұзауымды өріске айдап тастап,үйге қайтып келе жаттым.Жолдың жиегінен қыбырлап кетіп бара жатқан тышқанның баласын көріп, тұра ұмтылдым.Ол жан сауғалап шөптің арасына кіріп кетті.Аяғымды дыбыссыз басып барып қарасам,

жапырақтың арасында бұғып, көзі жылт-жылт етіп бүрісіп жатыр.Бұл-менен жасырынған түрі, Шыбын-жанын қоярға жер таба алмай дір-дір етіп, ажалды күтіп жатқан тышқан баласының мүшкіл халі маған өте аянышты көрініп кетті.Таптап тастамақ болып көтере берген аяғымды кейін тартып алдым да, бұрылып жүре бердім.Кетіп бара жатып артыма қарасам, тышқанның баласы да жасырынған жерінен шығып,әрі қарай жорғалап барады екен.

Түсіндірілетін сөзер мен  сөз тіркестері: жолдың жиегі, жан сауғалап, шыбын-жанын, мүшкіл халі, таптап.

Мазмұндама жоспары:

1.Өріске бұзау айлап баруы.

2.Қайтып келе жатып, тышқанның баласын көруі.

3.Оның жан сауғалауы.

4.Тышқанның аянышты халі.

5.Таптап тастамақ болған аяғын қайтып алуы.

6.Тышқанның жөніне кетуі.

Ана тілі. 4 сынып.

Мазмұндама.

Мақсаты: мәтін мазмұнын рет-ретімен баяндауға машықтандыру.

-сөздік қорын, сауаттылығын дамыту;

-құбылыстарды бақылауға дағдыландыру.

Емші құмырсқалар.

Күн ыстық, көптен жаңбыр жаумай тұр.орман ішінде саңырауқұлақтар болар-ау деген оймен, себет ала шыққанмын.Аралап келемін, ештеңе кезіге қоймады.Қалың ну арасынан бір алаңқай көрінді.Соған таяндым.Мұндай жерден ылғи да бір құбылыс-

тар ұшыратуға болады,үстінен тұстім.Сондағы құмырсқа илеуіне бір қара қарға аунап жатыр.Бұл не? Әлде жараланып, илеуге жығылған соң,құмырсқалар талап жатыр ма? Байқаймын, олай емес.Қарға біресе бір жамбасына, біресе екінші жамбасына аунап түседі де, күнге аунаған тауықтай рахаттанып сілкініп-сілкініп қояды.Құмырсқа жабыла таласа да, соған шыдап баққан тәрізді.

Қара қарға онымен қоймай,құмырсқаларды тұмсығымен іліп алып,қанатының астына тығады.Қарға бірнеше минут осылайша құмырсқа илеуінде жатты да, бір бұтаққа барып қонды.Сонан соң шаңды бұрқырата әбден сілкініп алды да,қауыр-

сындарын тарақтап болып ұшып кетті.

Қара қарға сияқты басқа құстар да өз денесіне қан сорғыш насекомдарды құрту үшін құмырсқа илеуін осылайша емхана ретінде пайдаланады.Ал құмырсқа илеуіндегі қышқыл да,қан сорғыш насекомдарды жойып жібереді.

Құмырсқа – құстардың нағыз емшісі.Бұл да табиғат қажеті.

Түсіндірілетін сөздер мен сөз тіркестері: алаңқай,құмырсқа илеуі,қан сорғыш насекомдар.

Мазмұндама жоспары:

1.Күн қандай ?

2.Қарға қайда аунап жатыр ?

3.Қарға құмырсқа илеуін не үшін пайдаланады ?

Ана тілі. 4 сынып.

Мазмұндама.

Мақсаты: мәтін мазмұнында сөздер мен сөз тіркестерін пайдаланып сөйлем құрастыру дағдысын қалыптастыру;

-сауатты жазуға төсілдіру;

-ұқыптылыққа, еңбекті бағалауға тәрбиелеу.

Ақ тоқаш.

Түс кезі.Екі дос мектептен қайтты.Қызу әңгімелесіп, тым көңілді келеді.Екеуінің қолында ішінде шұжығы бар ақ тоқаш.Сөз арасында ұрттары бұлт-бұлт етіп,

қаужалап қояды.Қажыкен нанның бір кішкене қалдығын қағазға орап, сөмкесіне салып қойды.Ал Болат өзі тойғаннан кейін тоқашының қалғанын бір кескен шұжығымен жолға қарай лақтырып жіберді.Оның үстіне тоқашты доп етіп теуіп,

қуалай жөнелді.Нанды домалатып біраз жерге апарып тастады.Қажыкен досын қуып жетіп, оған ұрысты.Ағыл-тегіл байлық, мыңдаған адамдардың еңбегі, маңдай тері соны бағалай біліп, нанға ұқыпты қарау керек екендігін түсіндірді.Қателігін кеш түсінген досы басын төмен салып, артта ілбіп келе жатты.

Түсіндірілетін сөздер мен сөз тіркестері: қаужалап, шұжығымен,қуалай жөнелді.

Мазмұндама жоспары:

1.Көңілді екі дос.

2.Ақ тоқаш пен шұжық.

3.Жол жиегінде «доп» болған нан.

4.Қажыкеннің ақылы.

Ана тілі. 4 сынып.

Мазмұндама.

Мақсаты: жоспар бойынша мәтін мазмұныны, түсінгенін сауатты жазуға үйрету;

-сөздік қорын дамыту;

-қызығушылығын арттыру.

Алтын адам.

Астанада мұражайлардың түр-түрі бар.Балалар мұражайларды аралап, көп қызықтады,әсіресе археология мұражайына жасалған экскурсия оларға қатты ұнады.

Мұражайдағы экспонаттар қазіргі Қазақстан жерінде ерте замандарда қандай тайпалар мекендегенін білдіреді.Археологтар табылған еңбек құралдары, ыдыстар,

әшекей бұйымдарға қарап біздің ата-бабаларымыз қалай өмір сүріп, немен шұғылданғандарын анықтап отыр.Балалар бір экспонаттың жанынан көпке дейін кетпеді.Онда жас ханзада-сақ жауынгерінің бастан-аяқ әдіптелген киімі қойылған.

Оның дулығасы мен кіреуке сауытын көне зергер аңдардың,құстардың, ағаштардың,

таулардың суретін бейнелеп жасаған алтын табақшалармен әшекейленген.

Осы жауынгер киімі Есік қорғанында екі мың жылдан астам уақыт жатса да, күні бүгінге дейін жақсы сақталған.

Түсіндірілетін сөздер мен сөз тіркестері: археология мұражайы, экспонаттар, тайпа-лар жас ханзада-сақ жауынгері,әдіптелген, дулығасы,

кіреуке сауытын, көне зергер, Есік қорғаны.

Мазмұндама жоспары:

1.Балаларға қандай экскурсия ұнады ?

2.Мұржайдағы экспонаттар нені білдіреді ?

3.Қазақстан археологиясы нені анықтады ?

4.Балалар қай экспонаттың жанында ұзақ тұрды ?

5.Онда кімнің  киімі қойылған ?

Ана тілі. 4 сынып.

Мазмұндама.

Мақсаты: жоспар бойынша мәтінді ретімен жазуға төсілдіру;

-сауатты жазуға үйрету; сөздік қорын дамыту;

-білім-білік дағдыны қалыптастыру.

Алматы апорты.

Алматы апортының өзіндік тарихы бар.Өткен ғасырдың орта шамасында Алматыға Орал уезінен Редько деген шаруа көшіп келді.Ол от-арбамен Алматыға бір жыл жол жүріп жеткен екен.Ол Оралда апорт алмасын өсірген.Соның бір жаз бұтағын құмыраға отырғызып, баптап-күтіп ала келеді.Алматы жеріне отырғызады.

Әлгі бұтақ аз жыл ішінде үлкен алма ағашына айналып, жеміс береді.Бір ғажабы, жаңа қонысында біл апорт көлемі мен дәмі жағынан өзінің ата-мекеніндегі күйінен әлдеқайда асып түседі.Сөйтіп, ойда жоқта апорттың жаңа сорты пайда болып, көбейтілді.Жер шарында Алматыдан басқа жерде мұндай апорт түрі өспейді.

Түсіндірілетін сөздер мен сөз тіркестері: Орал уезінен, Редько деген орыс,

апорт, сорт.

Мазмұндама жоспары:

1.Алматыға кім көшіп келді ?

2.Ол құмыраға отырғызып не әкелді ?

3.Жаңа қоныста ағаш қандай жеміс берді ?

4.Басқа жерде апорттың бұл түрі өсе ме ?

5.Сендер Алматы апортын жеп көрдіңдер ме ?

Ана тілі. 4 сынып.

Мазмұндама.

Мақсаты; мәтінді түсінігі бойынша жазуға дағдыландыру;

-сауатты, көркем жазуға үйрету;

-еңбекқорлыққа тәрбиелеу.

Түнгі шайқас.

Түн.Қараңғылық қоюлана түскен шақ.Жапалақтап қар жауып тұр.Колхоздың озат жылқышысы Қасен қарт үйірлі жылқыны түнгі тебінге айдап шыққан.

Жылқылар кенет үріккендей болды.Қасен сескеніп қалды.Мылтығын оқтай салып,

Жылқының үріккен шетіне қарай шапты.Жеті қасқыр жылысып келе жатыр.

Жыртқыштар үйірге таянып қалыпты.Жағдай қиын,өйткені,қасқыр жетеу, ал Қасен-

нің оғы үшеу-ақ.Халықтың малын бұдан қалай құтқарып алу керек ?Қасен не де болса бар қаруымен, бар оғымен қайрат көрсетуге бекінді.Қасқырлардың алдында келе жатқан арлан қасқырдың дәл маңдайынан тигізіп қалпақтай ұшырды.Қалған бесеуі бөлтіріктер екен.Олар қашып кетті.Жылқыларды аман алып қалғаны үшін Қасенге сыйлық берілді.

Түсіндірілетін сөздер мен сөз тіркестері: қоюлана түсу, жапалақтап,үйірілі жылқы, түнгі тебінге, арлан бөрі,қалпақтай ұшты.

Мазмұндама жоспары:

1.Қасен қарттың үйірлі жылқыны түнгі тебінге алып шығуы.

2.Жылқының қасқырмен бетпе-бет  кездесуі.

3.Қасқырды айламен атуы.

4.Қасқырдың бөлтіріктерінің қашуы.

5.Қасеннің сыйлық алуы.

Ана тілі. 4 сынып.

Мазмұндама.

Мақсаты: мәтін мазмұнын рет-ретімен баяндауға машықтандыру;

-сөздік қорын, сауаттылығын дамыту;

-дүниетанымын қалыптастыру.

Еділбай қойы.

Ерте кезде Каспий теңізінің жағасында Еділбай деген жас қойшы болады.Ол бала күнінде күнде әкесімен бірге бетпақ далада қой жайысады.

Қойларының денесі кішкентай, жүні аз, еті татымсыздау екен.Бір күндерде қойларының ішінен салмағы сегіз пұттық,үлкен құйрықты қойлар кездеседі.Тегі,

басқа бір жерден адасып келіп қосылса керек.Еділбай бұл қойларды жеке бағады.

Қойлар тез көбейе бастайды.Кейіннен бүкіл Қазақстанға тарайды.

Оны халық «Еділбай қойы» деп атап кетеді.Қазақы тұқымды Еділбай қойы шөлейт далаларда қыс бойы қар астындағы шөпті теуіп жейді.Бұларға шөпті көп жинаудың қажеті жоқ.Құйрығының өзі он-он бес килограмм тартады.Саулықтары көбінесе егіз қозы табады.Мал шаруашылығы үшін Еділбай қойының маңызы зор.

Түсіндірілетін сөздер мен сөз тіркестері: бетпақ дала, татымсыздау, сегіз пұттық,

қазақы тұқымды, шөлейт, саулықтары, егіз қозы.

Мазмұндама жоспары:

1.Еділбай деген қойшы қай теңіздің жағасында тұрған ?

2.Ол бала күнінде күнде не істеген ?

3.Қойлары қандай болған ?

4.Өз қойларына қандай қойлар қосылып кетеді ?

5.Еділбай қойларды қалай бағады ?

6.Кейіннен қой тұқымы қайда тарайды ?

7.Оны қалай деп атап кетеді ?

8.Саулықтары қанша қозы табады ?

9.Еділбай қойының мал шаруашылығы үшін  маңызы қандай ?

You May Also Like

5 сынып, қазақ әдебиеті пәні, ұзақ мерзімді жоспар

Биоалуантүрлілікті сақтауға байланысты құрылған ұйымдар, сабақ жоспары

Ж дыбысы мен әрпі, сабақ жоспары

Әріпті тану, ажырату және оны дыбыспен сәйкестендіру Бағалау критерийлері: Барлық оқушылар орындай…

Ойын кезіндегі жеке және командалық әрекеттер. сабақ жоспары слайд