Ашық тәрбие сағаты

Ата салтым – асыл қазынам

 Мақсаты: Оқушыларға қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындыру, баланың бойына адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру,  халық өнегесін үйрету.

Жүргізуші:

Бабалардың жалғастырар арманын.

Сан ғасырда қалпын бұзбас қадірім,

Өткенімді бүгініммен жалғадым.

Қазағымның салт-дәстүрі жаңғырған,

Тәлімді ой сынағы, тәрбие көзі қалдырған.

Салт-дәстүрді ардақтайық ағайын

Қазақ атты үлкен,кіші балдырған.

Жиналыппыз, сәтті күні бәріміз де,

Үлкен, кіші, жасымыз, кәріміз де,

Төрлетіңіз, қадірменді қонақтар,

Гүл-гүл жайнап мына біздің төрімізге.

Өнерлі халық – өміршең халық, қазақтың әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне бағытталған. «Ата салтым – асыл қазынам» атты тәрбие сағатын бастаймыз.

 Музыкалық сәлем: «Қазақы дастарханым»

Оқушыларымыздың салт-дәстүрімізді қаншалықты білетіндігін анықтайық.

1 топ: Салт- әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптар тұғырының негізі. Қазақтың бірнеше салттарын атап өтсек.

2 топ: Шілдехана(салт) Жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын ойын-сауық той.

3 топ: Кіндік кесер(салт) Нәресте туған сәтте оның кіндігін кесетін әйелдер(Кіндік шешесі) дайын тұрады. Кіндік кесу- мәртебелі, абыройлы іс.

1 топ:Бесікке салу(салт) Жаңа туған баланы бесікке салу. Бесік қасиетті, киелі, қуатты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі.

2 топ:Қырқынан шығару(салт) Баланың туғанына қырық күн толған соң оны ыдысқа қырық қасық су құйып шомылдырады. Ол сәбидің жан жүйесінің қалыптасып дені сау болып өсуіне деген ақ тілектен шыққан.

3 топ:Тұсау кесер(салт) Сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын салт.

1 топ:Ғұрып-қазақтың өмір салты, өрен салты тағы да басқа қолдану мен дәріптеу.

2 топ:Дәстүр – халықтың атадан балаға көшіп, жалғасып және дамып отыратын кәсіптік, салт-сана, әдет-ғұрып, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекеттер көрінісі. Қазақтың бірнеше дәстүрлерін атап өтсек.

3 топ:Тыштырма(дәстүр) Сәбиді бесікке салар кезде бесіктің түбегі тұратын тесіктен құрт, ірімшік, тәттілер өткізіп «тыштыма, тыштыма» деп ырым жасайды және оны «тыштырма» деп атайды.

1 топ:Базарлық(дәстүр) Алыс сапарға шыққан адамдардың жақандарына (жерлес, көрші-қолаң, жас балаларға, сыйлас адамдарына) әкелген сыйлығы.

2 топ:Байғазы(дәстүр) Балалардың, жастардың жаңа киімі үшін берілетін ақшалай, заттай сый.

3 топ:Тілашар(дәстүр) Баласы жеті жасқа толған балаға жаңа киім кигізіп, оқу жабдықтарын дайындап, шағын той өткізеді. Мұны «Тілашар» тойы деп атайды.

1 топ:Жеті ата(дәстүр) Халқымыз кейінгі ұрпаққа жеті атасын білуді міндеттеген. Олай болса жеті ата: Бала, Әке, Ата, Арғы ата,Баба, Түп ата, Тек ата.

2 топ:Асату(дәстүр) Ет желініп болған соң төрде отырған ақсақал, табақта қалған етті жас балалар мен жігіттерге асатады.

Жүргізуші:

Шашу,шашу,шашайық,

Ақ сандықты ашайық.

Бұл тәрбие сағатымызда

Керемет рәсім жасайық!

(Көрініс)

Аңсар: Сүйінші, сүйінші дүниеге сәби келді!

Әжелер: Ой, айналайын, балам, бұл қуанышты хабар ғой. Сүйінші сұрау – шың қуаныштың белгісі. Қазақ сүйіншіден нені аяған. Мінекей сүйіншіңді ала ғой.

Аңсар:Рахмет.

Жүргізуші: Балаға қандай ат қойсақ болады екен? Қане қазақтың ғұрыптарының бірі «Ат қою» рәсіміне кезек берейік.

Әжелер: Иә, ата-бабаларымыз балаға ізгі оймен, таза ниетпен есім беруде үлкен мән берген. Сондықтан «Ат қою» рәсімін үлкендердің жолын қусын деп, ауылымыздың ақсақалына жолдайық.

Ата:

Мен немеремнің атын Бақберген қоямын,

Бақбергенге өз барамды берейін.

Асан Қайғы бабадай саналы бол,

Ғаріпте әз Жәнібектей паналы бол.

Керейдей Дәстем салдай бағалы бол,

Атақты Келден бидей саналы бол.

Ер Дәурендей халқыңың батыры бол,

Махамбеттей жұртыңның ақыны бол.

Дау-жанжал болдырмасқа ат салысқан

Қараменде шешендей мақұлды бол.

Азан шақырылып, ат қойылады.

Балаға ат қою рәсімі жасалады.

   Ән: «Шілдехана»

 Жүргізуші: Бүгінгі кешіміз қызықты өтуі үшін келесі кезекті ойынға берейік. Мына қоржында асықтар салынған. Ол асықтардың бетінде сан жазылған. Қоржыннан кез-келген асықты аласыздар. Шыққан сол санға байланысты сұрақ қоямыз. Кім көп жауап береді екен?Олар құпия асықтар.

 1-сұрақ

Он атаны таратып беріңіз?

(Әке, Бала, Немере, Шөбере, Шөпшек, Немене, Туажат, Жекжат, Жұрағат, Жамағат)

2-сұрақ

Үш алыс?

(Кәрі мен жас, жақсы мен жаман, алыс пен жақын)

3- сұрақ

Үш биді атаңыз?

(Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би)

4-сұрақ

Үш жүзді атаңыз?

(Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз)

5-сұрақ

Үш байлық?

(Денсаулық, Ақ жаулық, Он саулық)

6-сұрақ

Үш тәтті?

(Жан тәтті, мал тәтті, жар тәтті)

7-сұрақ

Төрт қонақ?

(Арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ, қылғыма қонақ)

8-сұрақ

Төрт қымбат не?

Алтын ұяң Отан қымбат,

Құт-береке атаң қымбат,

Мейірімді анаң қымбат,

Бәрінен де ұят пенен ар қымбат.

9-сұрақ

Бес дұшпан?

(Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ)

10- сұрақ

Бес асыл?

(Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым)

11- сұрақ

Бес байлық?

Бірінші байлық – денсаулық,

Екінші байлық – еркіндік,

Үшінші байлық – тіл байлық.

Төртінші байлық – қайрат-күш, ақ жаулық,

Бесінші байлық – балаңыз.

12-сұрақ

Бес қаруға нелер жатады?

(Мылтық, садақ, найза, қылыш, айбалта)

13-сұрақ

Алты қиынды ата?

Арадан шыққан жау қиын,

Таусылмайтын дау қиын,

Шанышқылаған сөз қиын,

Жазылмаған дерт қиын,

Іске аспаған серт қиын,

Ақылынан адасып,

Өзің түскен өрт қиын,

Не істеріңді біле алмай,

Ашыйды сонда бас миың.

Жүргізуші: 

Ата дәстүр абырой көтергенге,

О, бұл сөздер сүйектен өтер демде!

Тоқталамыз енді біз, ал халайық,

Қанатты сөз, мақал мен мәтелдерге.

«Сөздің көркі – мақал» деген ұғым бар. Біздің ойынымыз қыза түскен тәрізді. Мақалдап сөйлесу жарысына да кезек берейік. Қанекей жарысқа кім шығады?

Екі оқушы ортаға шығады?

  • Ассалаумағалейкум, қарсыласым. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді» деген, сәлем беруге келдім.
  • Амансыңба, достым? «Қуыс үйден құр шықпа» деген, тізеңді бүгіп, дәм ауыс ти.
  • «Сыйлап берген су, сатып алған баладан артық» дегендей, жайғассақ жайғасайық.
  • «Сыйға сый, сыраға бал» демекші өткенде өздеріңізге риза болып қайттық қой.
  • «Аз да бітер, көп те бітер, татулыққа не жетер» демекші татулық пен ауызбірлікке не жетсін.
  • «Төртеу түгел болса алар, алтау ала болса алдылар» деген ғой, о не дегеніңіз.
  • «Бірлік түбі-тірлік» деген ғой бабаларымыз, бірлік болсын.
  • «Биік төбеге шықсаң көзің ашылады, жақсымен сөйлессен көңілің ашылады» дегендей, көңіліміз марқайып қалды ғой.
  • «Әңгіме,әңгіме дегізер, әңгіме бұзау емізер» демекші, қой қайтатын, мал келетін уақыт болды.
  • «Тау тауға қосылмас, адам адамға қосылар» деген әлі кездесерміз, сау бол! 

Музыкалық сәлем: Атадәстүр әні.

Тәрбиеші: Құрметті оқушылар, бүгінгі біздің сабағымыздың мақсаты- заман өзгерсе де ұлттық салт-дәстүрімізді көнермейтіндігін еске салып, ұлттық мұраны қайта жаңғырту. Бүгінгі тәрбие сағатымызда өздеріңіз куә болған дәстүрлерді көкейлеріңізге тоқып, саналарыңызға сіңіріп алсаңыздар артық болмас.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» демекші салтын сүйген әрбір жас ұрпаққа болашақта халқын сүйетін, еліне адал қызмет ететін, тілінің, салт- дәстүрінің жанашыры болатындығына сенімдімін.

Еліміздің жарқын болашағы сіздердің қолдарыңызда, құрметті оқушылар!

You May Also Like

Ғылыми фантастика, сабақ жоспары

Су туралы не білеміз? сабақ жоспары

Ойдың шыңы барма? интелектуалдық ойын

Халықтық пішім негізінде киім үлгісінің дизайны. (тұтас жеңдер) сабақ жоспары