ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы ұлттық басылымдар

Жоспар:

І. Кіріспе

ІІ. Негізгі бөлім

  1. Қазақ баспасөзінің қалыптасу тарихы
  2. “Айқап” журналының шығу тарихы
  3. “Қазақ” газетінің шығуы , қалыптасуы және деректік ерекшелігі

Кіріспе

Сонау ықылым заманнан бері қай халықты алып қарасаңызда сол елдің өсіп-өркендеу жолында баспасөз рөлі өте жоғары рөл атқарғанын аңдаймыз. Өркениеттің көшінен қалмаудың бірден-бір белгісі  сол ұлттың білімі мен ғылымының, әдебиеті мен мәдениетінің, сайып келгенде осының бас-қасында тұратын баспасөзінің қаншалықты дамығанына байланысты білінетіндігі шын дүние. Ел баспасөзі қаншалықты дамыған болса, елдің ертеңі мен бүгіні де соған сай болатындығы шындық. Тарихтың талай дүрбелеңін басынан кешірген қазақ баспасөзі  де бүгінгі таңға әупірімдеп жетті-ау!  Сан мәрте ақсап барып, жүрелей жүріп орындарынан қаз тұрып кеткен қазақ баспасөзі соның ішінде  көптеген қоғамдық-саяси газеттер мен журналдардың алдында баршамызға ыстық  болып тұратын ол –   «Айқап» журналы!

Биылғы жыл қазақ халқы үшін  айрықша аталатын жыл болып отыр. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты халыққа арнаған Жолдауында еліміздегі  мәдени  шаралар тәуелсіздігіміздің 20 жылдығының  аясында өтуі керек және   «Бейбітшілік пен жасампаздықтың – 20 жылы» біздің мерейтойымыздың ұраны деген болатын. Ал,өткен ғасыр басында осы тәуелсіздікті аңсап кеткен қазақ перзентерінің бірегейі Мұхаматжан Сералин Ресей жеріндегі Троицк қаласында «Айқап» атты журналын жарыққа шығарғанына ағымдағы жылдың қаңтар айында 100 жыл толды.

Қазақ баспасөз тарихында «Айқап» журналының алатын орны – ерекше.  Троицк қаласында 1911-1915 жылдар аралығында шығып тұрған «Айқап» қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени-шаруашылық өмірінің көптеген түйінді,көкейтесті  мәселелерін көтергендігіне  куә боламыз. Шын мәнінде қазақ баспасөзін зерттеп зерделеу еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге басталды. Ал тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында «Айқап» журналының 100 жылдығын атап өту — ұлтымыз үшін биік мәртебе болуы тиіс. Бұл ғылыми жобаның құндылығы да сонда.

Жұмыстың мақсаты: Жалпы қазақ баспасөзінің даму жолын, соның ішінде «Айқап», «Қазақ» журналының қоғамда алатын  орнын көрсету. Халқымыздың бүкіл тіршілік болмысын, экономикалық,  әлеуметтік  және саяси жағдайын, әдебиеті мен мәдениетін, өнері мен білімін жетілдіруді жан-жақты жазумен бірге, осы бағытта үлкен түсіндірушілік, насихат жұмыстарын жүргізіп, қазақ қоғамының ілгері дамуына зор үлес қосқан «Айқап», «Қазақ» журналының  тарихын таныту, онда қызмет жасаған ел жанашырларының есімін елге естірту.

 Міндеті: қазақ баспа сөзінің тарихын білу, алғашқы қарлығаштарын таныстыру; қазақ баспасөзінің даму жолын, қоғамдағы орнын көрсету;  «Айқап», «Қазақ»  журналының мақсаты мен міндетін көрсету; «Қазақ», «Айқап» журналының жаршыларын елге таныту.

  1. Қазақ баспасөзінің қалыптасу тарихы

Кез келген әдебиет бір күннің  төңірегінде өрбитін немесе белгілі  бір  тарихи кезеңнің оқиғасын баяндайтын тар ұғымды дүние емес.  Мәдениеті бай елдердің әдебиеті де қазтұрып,қалыптасқанша қоғамның дамуы секілді толып жатқан өзгерістерді қорытындылай келіп, алдымен өз халқының, кейін  жалпы адамзаттың ортақ игілігіне айналады. Бұл заңды құбылыс.

Тамырын  тереңнен тартқан тарихымен қоса мәдениеті өркендеген қазақ халқы басында өткерген ұлы оқиғалар мен әлеуметтік жолдарын ауыз әдебиеті эпостық жырлар, тарихи   аңыз-әңгімелер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізді. Алғашқы газет-журналдар да басылды. Кейінірек осының барлығы кітап болып жарық көрді. Тарихи-мәдени, әдеби дүниелерін кезінде қағаз бетіне түсіріп отырмаған қазақ халқының тасқа басылып, хатқа түскен ескерткіштерінің ішіндегі революциядан бұрынғы газет-журналдарда басылған нұсқаларының алар орны ерекше. Олардан рухани  мұрамыздың бай көріністерімен қатар туған әдебиетіміздің тарихын жете білуге және оны халық тарихымен біртұтас  зерттеуімізге де мүмкіндік береді.

Ресейдегі 1905-1907 жылдары өршіген революция дауылы империяның түкпір-түкпірін, соның ішінде Қазақ даласын да шарпыды. Қазақ қалың ұйқыдан оянғандай дүр сілкінді, елдігін, жұрттығын сезіне бастады. Бойында, ойында қоғамдық-саяси үркіншілік қызуы пайда болды. Ақ патшаға, отаршыларға қарсы наразылығы күшейді. Қайда айдаса сонда жүре беруден, қалай илесе де көне беруден бас тартуды шығарды. Көкірегінің оты бар, көзі ашық ел азаматтары бұл дүрбелеңнен шет тұра алмады. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Мұхаметжан Сералин сынды қазақ зиялылары ұлт-азаттығы туын көтерді. Сол ту төңірегінде елдің күллі әлеуметтік күштерін топтастырды. Мерзімдік баспасөз жүйесін құрды. Оған ояна бастаған ұлттық сананың ұйтқысы болу міндеті жүктелді. Бұл абыройлы міндетті жүзеге асыру ісі әртүрлі бағыттағы қазақ газеттерінің, әсіресе қазақ баспасөзінің мақтанышы, жарқын жұлдызы – «Айқап» журналы мен «Қазақ»  газетінің үлесіне тиді.

Революцияға дейінгі Қазақстан баспасөзінің библиографиялық көрсеткішіне қарағанда ХХ ғасырдың басындағы қазақ газет, журналы сан жағынан саусақпен санарлық қана. Қазақ тілінде газеттерден: «Дала уәлаятының газеті» — «Киргизская степь Казахстана» (1888-1902) Омбы; «Қазақстан» (1911-1913) Орал; «Сарыарқа» апталығы (1917-1918) Семей; «Қазақ» (1913-1918) Орынбор; «Алаш» (1916-1917) Ташкент небәрі бес дүркінді басылым шыққан.

Бұлардың қатарына қосуға да, қоспауға да болатын газеттер бар. «Есіл даласы» (1913-1913) Петропавловск; «Қазақ газеті» (1907) Троицк; «Серке» (1907) Петербург — басылымдары қазақ баспасөзінің аталымын көбейтеді демесек, шығар-шықпас жабылып қалған.

Журналдан бой көрсеткен – жалғыз «Айқап» (1911-1915) Троицк.

Енді аталған басылымдарды ХХ ғасырдың бас кезінде (революцияға дейінгі кезеңде) Қазақстанда жарық көрген орыс тіліндегі басылымдармен салыстырып көрейік. Айырмасы жер мен көктей. Орыс тілінде 71 газет, 44 журнал шығарылып тұрған. Орыс баспасөзінің қазақ басылымдарына қарағанда соншалық басым түсетіні келімсектердің жергілікті тұрғындарға қарағанда көптігінде емес. Орысы ең көп шоғырланған Солтүстік Қазақстан облыстарында жат жұрт саны қазақтармен салыстырғанда жиырма пайыздан аспаған. Ал «Қазақ» газетінің есебі бойынша 1913 жылы қазақ 5 миллионнан асқан.

Қазақ даласындағы аз орысқа көп газет басып шығарудың мәнісі айтпаса да түсінікті: патша үкіметінің отаршылдық саясатын жүзеге асыру, қазақты бас көтертпей ұстау, ел басқару ісінен, дінінен, тілінен ажыратып шоқындыру, ұлт ретінде жер бетінен аластау қажет болды.

Орыс тіліндегі газет–журналдардың көпшілігі реттеліп,  библиографиясы жасалып, материалдары  ғылыми айналымға  түскенімен қазақ тіліндегі мерзімді  баспасөздер күні бүгінге дейін реттелмеді, олардың толық библиографиялық көрсеткіштері жоқ. Осыдан  барып көптеген ғалымдарға, әсіресе шығыс халықтарының әдеби, мәдени мұраларын, тарихын, экономикасын, тілін зерттейтін ғалымдарға осы бай мұра бүтіндей белгісіз болып келді. Ал, бұл газет журналдарға көз жіберіп, сырын ашып, ақтарып көретін болсақ, олар революцияға дейінгі Қазақстанның  тарихынан, әдебиетінен, мәдениетінен, шаруашылық жайларынан толып жатқан соны деректер беретіні даусыз.

Тағы бір айта кететін жай Қазақстанның тарихын, экономикасын, әдебиетін, мәдениетін зерттейтін ғалымдар қазақ тілінде ертеректе шыққан газет-журналдарын тауып пайдалану үшін көптеген уақыттарын жоғалтады.  Оның қиындықпен түсетін бір себебі мынада: бұл газет-журналдар кітапхана қоры мен архивтерде түгел сақталмаған. Патшалық Россияның қол астындағы ұлттар тілінде шыққан газет-журналдарда басылған мақалалардың түгелге жуығы библиографияға түсірілмегенін ескерсек, қазақ тіліндегі библиография тіпті болмапты. Бұл жұмыс  тек кейінгі кезде ғана қолға алынып, қазақ халқының мәдени өмірін, тарихи даму жолындағы өзгерістерді талдап, зерттеуде жұмыстар атқарылып, түрлі энциклопедиялар мен библиографиялық жинақтар шығарылды.  Атап айтқанда «Айқап» журналы мен «Түркістан  уалаяты», «Дала  уалаяты», «Қазақстан» газеттерінің беттерінде басылған материалдардың мазмұндалған  библиографиясы 1961, 1963 жылдары басылып шыққан болатын.

Қазақ тілінде шыққан газеттердің екінші тобы 1905-1907 ж. Россияда болған революция дүмпуімен дүниеге келді («Серке» — 1907, «Қазақ газеті» — 1907, «Дала», «Қазақстан» — 1911-1913,  «Ешім даласы» -1913), ал одан кейінгілері Октябрь революциясының қарсаңындағы дабылдан кейін және көтеріліс  кезінде шыға бастады ( «Айқап» — 1911-15ж., «Қазақ» -1913-18ж., «Алаш» — 1916-17ж., «Бірлік туы» — 1917ж., «Сарыарқа — 1917-18ж.», «Ұран» — 1917ж., «Үш жүз» — 1917ж., «Тіршілік» — 1917. Бұл газетердің шығуына үкімет тарапынан көмек болған жоқ. Олардың жарық көруіне жеке адамдар тобының серіктесуі ықпал етті. Алайда,  патша  цензурасының қатаң бақылауына  ұшыраған бұл газеттер үздіксіз шыға алмай, көбінесе айып төлеуге мәжбүр болды. Кейде жабылып қалды, ал ең соңында мүлде жойылып жіберілді.

Баспасөз – қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге едәуір әсер етті.
XIX ғасырдың II жартысы мен XX ғасырдың жартысындағы қазақ баспасөзінің саяси-қоғамдық және әлеуметтік мәні орасан күшті. Осы кезеңде қазақ қауымы үшін қызмет көрсеткен әсіресе, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы болды. Әрине, бұдан аталмыш осы газет-журналдан басқа баспасөздер болған жоқ деген ой тумайды. Барлық баспасөздің өзіндік орны, мақсат-міндеті, саясилығы, қоғамдық-әлеуметтік мәні бар. Қазақ баспасөзінің тұңғыш қарлығашы «Айқап» журналы. Ол журналдың көтерген жүгі мен артқан мақсат-мүддесін өте ауыр да салмақты ойларға толы болды.

  1. «Айқап» журналының шығу тарихы

1911 жылғы 10 қаңтарда Троицкіде қазақ халқының тарихындағы тұңғыш  «Айқап» ұлттық журналының бірінші нөмірі шықты. Ұйымдастырушы және баспагер, идеялық басшысы және редакторы М. Сералин (1872-1929) бұрын педагогтік және журналистік қызметпен айналысқан, сол кезге қарай белгілі ақын, әдебиетші, қоғам қайраткері болған.

Мұхамеджан Сералин қазіргі Қостанай облысы Қарабалық ауданы  «Өрнек» ауылында туған. Троицкідегі медреседе оқыған, кейіннен Қостанайдағы 2 кластық орыс-татар мектебін бітірген.

М.Сералин ұзақ жылдар бойы баспасөз майданында қызмет істеп, қазақ тілінде тұңғыш рет шыққан «Айқап» журналының әрі ұйымдастырушысы, әрі редакторы болған.

 

Көрнекті қоғам қайраткері, белгілі журналист М.Сералин көркем әдебиет саласында да құнарлы еңбек етті. Ол көлемді екі поэма «Гүлкәшима», «Топжарған» жазып жариялады, журналға арнап сан тақырыпта мақалалар жазды, аударма ісімен де шұғылданды.

М.Сералин – жазба әдебиетінің көрнекті өкілі, қазақтың алғашқы публицистерінің бірі.

«Айқап» журналы 1911 жылғы қаңтардан 1915 жылғы қыркүйекке дейін әуелгіде айына бір рет, ал сонан соң екі рет шығып тұрды. Барлығы 88 нөмірі шықты, таралымы 1000-2000 данаға дейін жетті. «Айқап» журналы ағарту ісі мен мәдениеттің жаршысы болды. М. Сералин «Айқап» беттерінде мұсылмандардың қасиетті кітабының мазмұнын ыңғайлы, түсінікті нысанда баяндауға тырысқан  авторлардың мақалаларын жариялап отырды. «Айқап» журналының қазақ фольклорын зерттеудегі,  Абайтануды қалыптастырудағы, орыс және дүниежүзілік классикалық әдебиетінің рухани мұрасын насихаттауда атқарған рөлі зор.

Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы жағдайында едәуір шиеленіскен зор қаржы  қиындықтары,зиялылардың бір бөлігінің сол кезге қарай өзінің көркемдік толысқандығымен, қазақ әдеби тілін түлетумен, стилінің сындарлылығымен және  ең бастысы толғағы жеткен жалпы ұлттық проблемаларды қоюмен әйгілі болған «Қазақ» газеті жағына шығуы 1915 жылдың тамызында «Айқап» журналы шығуының тоқталуына себеп болды.

Айқап журналындағы оқу–тәрбие мәселелері. ХХ ғасырдың бас кезінде яғни 1911 жылдың қаңтарынан бастап, 1915 жылдың қыркүйек айына дейін   Тройцкі қаласындағы «Энергия»  бапаханасында  қазақ тілінде үзбей шығып тұрған  «Айқап»  журналы  халқымыздың әлеуметтік саяси-өмірінде, әдебиет пен мәдениетімізді насихаттап таратуда елеулі рөл атқарды. Ол қазақтың тұңғыш қоғамдық–саяси және әдеби журналы болды.  «Айқап» өзінің сипаты жөнінен жалпы демократиялық болғанымен, іс жүзінде Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсариннің,  Абай Құнанбаевтың ағартушылық идеялары негізінде дамып келе жатқан қазақтың қоғамдық ой-пікірінің, әдебиетінің, публицистикасының  прогресшілдік және демократиялық  дәстүрлерін жалғастырған ілгері дамытқан журнал болды.

М. Сералин  журналдың төңірегінде өзімен ниеттес көрнекті ақын жазушыларды, қоғамдық қайраткерлерді топтастырды. Журналдың  тілшілері  1911-12 жылдары Әкірам Ғалымов, 1913-1914 жылдары Сұлтанмахмұт Торайғыров  болды.  Журналдың арнайы тілшісі  1911-1913 жылдары Мұхаметсәлім  Кәшімов болды. Әр уақытта  автор болып Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов,  Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, С.Ғ. Ғаббасов, М. Жолдыбаев, Т. Жомартбаев, М. Жұмабаев, Ә. Ғалымов,  М. Дулатов, М.Кәшімов, Қ. Кемеңгеров, Б. Кенжебаев, М. Көпеев, Б. Қаратаев, Ғ. Қарашев, Ш. Құдайбердиев,С. Лапин, Б. Майлин, Ж.  Сейдалин, М. Сейдалина, С. Сейфуллин, М. Сералин. Б. Сыртанов, С. Торайғыров, С. Хасенов, С. Шорманов, С. Ужчин болды.

«Айқап»  журналы осылай аталуының себебі мен алдағы мақсаты туралы 1911 жылғы  11-санында бастырушылар алқасының атынан былайша түсінік береді:  «Айқап» деген сөз қазақтың төл сөзі, ол ғасырлар бойы мәдениеттен, білімнен кенже қалған бүкіл қазақ халқының өкініші ретінде алынды. «Ай, қап!» деп санымызды соқтық, енді ел қатарына  қосылайық деген үнді білдіреді.

«Айқап» журналының жарыққа шығуы және ел ішіне кең таралуының, зор беделге ие болуының өзі қазақ азаттығы жолындағы жан алып, жан берген айқасының айтарлықтай жемісі.

«Айқап» журналының көтерген мәселелері алуан түрлі: ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қазақстандағы жер жайы, ел тарихы, экономикасы, мәдениеті, саяси құқық, әйел теңдігі, оқу-ағарту ісі, шетел хабарлары, мұсылман өмірі, дін, әдет-ғұрып, ойын-сауық. т.б. Міне осы сан қилы мәселелерді көтеру барысында, әсіресе жер, су,ел тарихын жазу үстінде материалдың тәуелсіздік тақырыбына қатысты қырлары мүмкіндігінше назардан тыс қалған жоқ.

«Айқаптың» төңірегіне жиналып, қазақ халқының қоғамдық ой – пікірінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан әдебиеті мен мәдениеті жайында байсалды талғамдар айтқан журналдың редакторы М. Сералиннің «Айқап» журналының басқармасында  қызмет еткен жазушылардың еңбектері ерекше. «Айқап» журналының бетінде қазақ  совет поэзиясының алыбы –

С. Сейфуллиннің алғашқы өлеңдері, Б.Майлиннің тұңғыш  мақалалары басылды және С.Дөнентаевтың, Мағжан Жұмабаевтың  бірнеше өлеңдері жарияланды.

Қазақ басылымдарының әуел бастан әспеттегені, бір сәт көзден таса етпегені – жер проблемасы. «Айқап» журналының 1911 жылғы бірінші нөмірінде Ахмет Байтұрсынов «Қазақ өкпесі» деген мақаласында жердің иесі кім болуға керек деген мәселе көтере отырып, қазақтың қалың бұқарасына үлкен ой салатын пікір қозғайды. Қазақтың пайдаланып отырған жерін мұжықтартып алып жатыр дей келе, Ахмет байтұрсынов: “Халықтың ондай халге душар болуының себебін ел тәуелсіздігімізден айырылып қалғанынан деп табады.  «Ханы надан, жұрты надан» болғандықтан «Өзге жұрттар ілгері басқанда қазақ кері басқан». «…Жұрты мықты мемлекеттің жанында өз алдына хан болып тұруға көп күш керек екен, ол күш алтыбақан алауыз қазақта болмаған». Содан барып «хандарымыз халқыменен Россияға қосылған». Мықты мемлекет Россия енді мұжығына жеріңді үлестіруге кірісті. Жерден айырылу – бәрінен айырылу. Жерден айырылып, тотиып қалмас үшін қазақ не істеуге керек? Гәп қазақ жерін қазына жеріне айналдыруда ғана ма екен?. Сол қазыналық жерде отырып-ақ қазақ жерін жалға беріп, мұжықты енгізіп алып жатқан жоқ па!” – дейді. Ахаңның кеңесі мына қорытындыға саяды: жер – мемлекеттікі бола берсін. Ал қазақ, сен сол игілігіңді сақтаймын десең еңбек ет, ғылым, білімді игер, әтпесе теңдікке қолың жетпек емес.

Журналдың сол 1911 жылғы екінші нөмірінде қазақ поэзиясы көгінде жарқырап шыққан жаңа жұлдыз Мағжан Жұмабаевтың «Жатыр» атты өлеңі басылған.

Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр.

Кілтін де өнер-білім ашып жатыр.

Бірі ай, бірі жұлдыз, бірі күн боп,

Жалтырап көктен нұрын шашып жатыр.

Азырақ көз жүгіртіп қарап тұрсаң,

Қазағың таңқаларлық кепте жатыр.

Байларың мыңды айдаған шалқып жатыр,

Бар малын болыстыққа сарқып жатыр.

Барымта, ұрыс-керіс, кісі өлтіріс,

Ішінде сорлы қазақ қалқып жатыр,-

деп бастайды да, ағартушы демократ тұрғысынан қазақ елінің сол кездегі күй-жайын айшықты суретке айналдыра отырып, отаршыларға зілді саяси айып таңбасын басады. Озық елдердің бір ісіне жанаса алмай таңқаларлық кепте жатқан сорлы қазақтың: «Кең жері күннен күнге құрып жатыр. Сұр жылан бар қан-сөлін сорып жатыр»,- дейді.

Бейімбет Майлиннің  «Айқапта» жарияланған маңызды мұрасының бірі – ол 1915 жылғы «Болған іс» атты деректі әңгімесі. Шығармада көшіп келген орыстарға жер сатып, пайда тауып жүрген Жанпейіс дегеннің жағымсыз бейнесі бар. Жанпейістің пысықтығына Қажыбай ақсақал тәнті болып, одан менің де жерімді орысқа өткізіп бер деп өтінеді… Ақыры переселен Меколай сатқан жеріңді толықтырып бер, болмаса ақшамды қайтар деп Жанпейісті соққыға жығады. Қажыбайдың жылқысы үйренген өрісіне жайылып барғанда, өзі сатқан жердегі орыстың егініне түседі. Меколай жылқының бәрін айдап әкеп, қамап тастайды. Қамауда тұрып Қажыбайдың екі ту биесі мен аты аштан өледі. Қажыбай приставқа барып, қалған жылқысын әрең босатып алады.

  1. Қазақ газетінің шығуы , қалыптасуы және деректік ерекшелігі

Өмір  айнасы  деген  атаққа  ие  болған  мерзімді     басылымдардың  басқа  жазба  деректерден  ерекшелігі  сонда, олардың  беттерінде  мерзімділігіне  байланысты  қоғамда  болып  жатқан  әр  алуан  оқиғалар  мен  құбылыстар  болған  уақыттарына  қарай  әр  түрлі  дәрежеде  бейнеленеді. Ол  бейнелер, яғни  құбылыстың  сөздік  суреттемелері  тасқа  басылу  тәсілі  арқылы  газет-журнал  беттерінде  бекітіледі. Сөйтіп, болған  оқиға  не  құбылыс  туралы  мәлімет  баспасөз  бетінде  ұзақ  уақыттар  бойы  сақталу  мүмкіндігіне  ие  болады.  Екіншіден, кез  келген  оқиға  мен  құбылыс  белгілі-бір  кеңістік  пен  уақытта  болатындықтан, сол  құбылыстар  негізінде  пайда  болған  объективті  дерек  ретінде, баспасөз  материалдары  өз  бойларында  өзі  дүниеге  келген  жері  мен  уақытының, яғни  белгілі  бір  тарихи  кезеңінің  ерекшеліктерін  де  сақтайды. Осылай, мерзімді  басылымдар жазба  тарихи  деректің  бір  түрі  ретінде  келешек  ұрпаққа  оқиға  мен  қатар  сол  оқиға  мен  болған  елі  мен  жері  және  уақыты  туралы  да  мәліметтер  жеткізеді.

Сонымен  қатар, газеттер  мен  журналдар  нақты  субъекттердің  саналы  іс  әрекеттерінің  жемісі  ретінде  дүниеге  келгендіктен, яғни  оларда  салынған  ақпарат  сол  нақты  субъектердің  дүниеге  көзқарастары  арқылы  енгендіктен, сол  субъекттің  не  субъекттердің  қоғамдағы  орнына, әлеуметтік  және  таптық  позициясына  байланысты  белгілі  бір  топтың, таптың  не  саяси  ұйымдар  мен  партиялардың, кейде  тұтас  бір  ұлттардың  да  тарихы  туралы  мағлұматтар  береді.

1998  жылдың  басында  Қазақстан  Президенті  Нұрсұлтан  Назарбаев  өзінің  “Жадымызда  жатталсын, татулық  дәйім  сақталсын”  деген  еңбегінде  “Тегінде  тарихи  сабақтастық  пен  заңдылықтардың әркім  өзінше  түсініп-түйсінеді, яғни  өз  елі, өз  халқы  өткен  жолдың  байыбына  әр  адам  өзінше  барады. Мұнда  бәріне  ортақ, әрі  бәріне  де  жарамды  әмбебап  әдістеме  жоқ  және  болуға  да  тиіс  емес. Тарихтың  соншама  бай, сан  қырлы  болып  келетіні  сияқты, танымның  жолы  да  сан  тарау”  деп жазды.

Осындай  біздер  үшін  өз  еліміздің, өз  халқымыздың  өткен  жолының  байыбына  апаратын  танымның  тек  бізге  ғана  тән  жолдарының бірі, ол – ғасыр  басында  шығып  тұрған  ұлттық  басылымдарды  тарихи  дерек  көзі  ретінде  пайдалану. Оларды  зерттеп  зерделеу, тарихи  дерек  көзі  ретінде  талдау , олардағы  мәліметтерді  синтездеу.

Тарих  сияқты  тарихи  деректердің  де, олармен  айналысатын  тарихи  сынның  да  әр  алуандылығы  туралы  белгілі  орыс  тарихшысы, “Тарихи  деректану”  курсы  бойынша  Москва  университетінде  тұңғыш  дәріс  оқыған  профессор  В. О. Ключевский, өзінің  1888 жылы  оқыған  дәрісінде, тарихи  сын  қосымша  ғылым  ретінде  барлық  жерде  бірдей  болу  керек  пе, әр  түрлі  материалдарға  бірдей  тәсіл  қолданылып, бірдей  мақсат  қойылуы  қажет  пе, немесе  әр  халықтың  өзінің  ерекше  тарихы  болатындығы  сияқты  ерекше  жергілікті  тарихи  сын  болуы  мүмкін  бе  деген  сұраққа, жергілікті, өзіндік  ерекшелігі  бар  тарихи  сын  қажеттігін  дәлелдей  келе:  “Эта  необходимость  вытекает  из  тесной  связи  задач  и  приемов  исторической  критики  со  свойством  исторических  источников, а  эти  источники  не  везде  однородны!” — деп  жауап  берді.

Міне  осындай, қазақ  халқына  ғана  тән, өзіндік  жергілікті  ерекшелігі  мол, төл  деректеріміздің  бір  тобын, жоғарыда  айтылғандай, қазан  төңкерісіне  дейінгі  ұлттық  мерзімді  басылымдар  құрайды. Олардың  ішінде  “Қазақ”  газеті  де  бар.

Қазақстанның  ХХ  ғасырдың  басындағы  тарихын  зерттеуде  “Қазақ”  газетінің  тарихи  дерек  көзі  ретінде  алар  орны  ерекше  екендігіне, оның  ғылымға    берер  мағлұматтарының    құндылығының  жоғары  екендігіне  бүгінгі  күні  бәріміздің  де  көзіміз  жеткен  сияқты. Кеңестік  тарихнаманың  “Қазақ”  сияқты  қазақ  тарихының  деректік  мөлдір  көзінің  бірін, 70  жылдан  астам  уақыт  бойы, ғылым  үшін  жауып  тастағандығы  ұлттық  тарих  ғылымына  өлшеусіз  зиян  келтіргендігін  дәлелдеп  жатудың  қажеті  болмас  деп  ойлаймыз.

Қазақ  аспанын  қара  бұлттай  торлаған  қара  түнек  патшалық  дәуірде  дүниеге  келіп “қараңғы  қазақ  көгіне, өрмелеп  шығып  күн  болам”  деген  газет  туралы, “Ақиқат”  журналы: “Қазақ”  өзі  өмір  сүрген  бес  жыл  ішінде  талай  күрделі  құбылыстардың, қоғамдық  сілкіністердің  куәсі  болды. Бір  ғана  қолдың  саусағымен  санауға  болатын  жылдар  ішінде  бір  емес  бірнеше  ұрпақтың  ғұмырына  жетерліктей  оқиғаларды  басынан  өткерді. Тарих  үшін  қас-қағым  деп  те  айтуға  келмейтін  уақыт  аралығында  бірнеше  ғасырға  татырлық  өзгерістерді  басынан  кешірді.

Атап  айтсақ,  “Қазақ”  екі  жойқын  соғыстың  (І  дүниежүзілік  және  азамат  соғыстары), 1916  жылғы  ұлт-азаттық  көтерілістің, екі  қоғамдық-саяси  төңкерістің  (ақпан  және  қазан), төрт  саяси  биліктің  (патша  өкіметі, Уақытша  үкімет, Алаш  Орда  үкіметі, кеңес  өкіметі)  куәсі  болды”   — деп  жазды.

Біздің  бұған  қосарымыз  “Қазақ”  тек  аласұрған  заманның, аласапыран  оқиғалардың  сырттан  қараған  бақылаушысы  ғана  болып  қойған  жоқ . Ол  сол  буырқанған  оқиғалардың  бел  ортасында  жүрді. Қайнаған  құбылыстар  барысын  суретке  түсіргендей  өз  беттерінде  бейнеледі. Олар  туралы  мәліметтерді  тасқа  басып  өз  беттерінде  қаттады. Сөйтіп  “Қазақ”  қазақ  өмірінің  аса  бір  күрделі  кезеңінің  шежіресіне, баға  жетпес  дерек  көзіне  айналды. Большевиктік-коммунистік  саяси  басқару  жүйесінің, уақыт  сынына  шыдамай, тарих  аренасынан  кетуі  және  КСРО  сияқты  алып  империяның  көз  алдымызда  күйреуі  нәтижесінде  еліміздің  тәуелсіздік  жолына  түсуіне  байланысты  туындаған  қазақ  халқының  ғылыми  тарихын  қайта  жазудың  объективті  қажеттігі, жалпы  тума  төл  деректерімізге, оның  ішінде  ұлттық  бейресми  басылымдарға, әсіресе  “Қазақ”  газетіне  деген  қызығушылықты  тудырды. Тәуелсіздікке  қол  жеткізген  бірнеше  жылдың  ішінде  ғана  “Қазақ”  газеті  материалдарын  кеңінен  пайдалану  негізінде  бір  докторлық  және  бірнеше  кандидаттық  диссертациялар  қорғалды,  ғылыми-зерттеу  еңбектері  жарияланды. Осындай  еңбектердің  бірінде, зерттеушілердің  “Қазаққа”  деген  қызығушылығының  себебін  ҚР ҒА  мүше-корреспонденті,  профессор  Кеңес  Нұрпейісов:  “Әңгіме  болып  отырған  ұлттық  баспасөз  органдары  қатарында  “Қазақ”  газетінің  алатын  орны  ерекше. Өйткені  ол  басқа  басылымдармен  салыстырғанда  ұзақ  мерзім  (1913-1918  жылдар)  шығып, 265  саны  жарық  көрді .  “Қазақты  дүниеге  келтірген  және  оның  тұрақты  авторларының  қатарында  Алаш  қозғалысының  халық  таныған  жетекшілері  Әлихан  Бөкейханов, Ахмет  Байтұрсынов, Міржақып  Дулатов  сияқты  қайраткерлер  болды. Осы  азаматтар  мен  олардың  сенімді  серіктері  “Қазақ”  газетін  жалпыұлттық  басылым  дәрежесіне  көтерді”, — деп  түсіндірді.

Жұртшылыққа  танымал  қазақ  ғалымының  бұл  пікірінің  дұрыстығын  соңғы  жылдары  “Қазақ”  газеті  материалдарының  әр  түрлі  жолдармен, қазіргі  оқырмандарға  түсінікті  етіліп, қайта  басылып  шығарыла  бастауы  да  дәлелдейді. Бұл  сол  газетке  деген  жаппай  қызығушылықты  қанағаттандыру  мақсатында  жасалынып  отырған  шара  екендігі  белгілі. Мысалы,  1993  жылы  Үшкөлтай  Субханбердинаның  “Қазақ”, “Алаш”, “Сарыарқа”  атты  мазмұндалған  библиографиялық  көрсеткіші  шықса, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтардың  “Қазақ”  газетінде  кезінде  жарияланған  мақалалары  олардың  жеке  жинақтарына  енді. 1998  жылы  “Қазақ  энциклопедиясы”  Бас  редакциясы  газет  материалдарының жинағын  кітап  түрінде  жарыққа  шығарды. Сонымен  қатар, “Ақиқат”  журналы  өзінің  1998  жылғы  үшінші  санынан  бастап  “Мұра”  айдарымен  газет  мақалаларынан, сандық  және  жылдық  ретін  сақтап, үзінділер  жариялай  бастады. Осындай  жан-жақты  жүргізілген  шаралардың  арқасында  “Қазақ”  газетімен  танысуға  тек  зерттеушілер  ғана  емес, өз  халқының  өткені  қызықтыратын  жалпы  оқырмандар  да  мүмкіндік  алды. Әрине, “Қазақстан”  әркім  алдымен  өзіне  керегін  іздері  даусыз. Дегенмен, оның  газет  ретіндегі  ең  басты  құндылығы  қазақ  тарихының  аса  бір  күрделі  кезеңінің  маңызды  жазба  деректерінің  бірі  екендігінде  ешкімнің  таласы  жоқ  деп  ойлаймыз. “Қазақ”  газетінің  тарихшы  ғалымдар  үшін  басты  құндылығы  туралы  М.  Қойгелдиев:  “…  газет  материалдары  ХХ  ғасырдың  алғашқы  жиырма  жылдығындағы  қазақ  қоғамында  болып  өткен  түрлі  қоғамдық  процестерді  зерттеп  тану  үшін  аса  бағалы  деректер  болып  табылады”  —  деп  жазды.

Дегенмен, тарихи  дерек  көзі  ретінде  “Қазақ”  газеті  де  тарихи  сыннан  өткізуді  қажет  етеді. Себебі  басқа  да  тарихи  деректер  сияқты, “Қазақ”  та  әлеуметтік  сұраныстарға  сай, нақты  тарихи  жағдайда, өзін  қоршаған  қоғамдық-саяси  ортада,  белгілі  бір  субъектердің  саналы  іс-әрекеттерінің  жемісі  ретінде  пайда  болған  объективті  дүние. Сондықтан, газеттің  жарыққа  шығуының  объективті  тарихи  алғышарттарын  және  оның  шығарушыларының  қоғамдық  позициялары  мен  әлеуметтік  жағдайларын  терең  білудің  ондағы  мағлұматтардың  ғылыми  ақпараттық  және  танымдық  маңызын  ашуға  көмектесері  даусыз.

Бұл  жерде  зерттеушілердің  “Қазақ”  газетінің  мазмұнына  түбегейлі  әсер  еткен  үш  түрлі  тарихи  кезеңде  шығып  тұрғандығын  ұмытпағаны  дұрыс. Қалыпты  объективті  жағдайдың  өзгеруі  газеттің  бағыт-бағдарына  да, оның  алдына  қойған  мақсатына  да, мақалалардың  мазмұнына  да  әсер  етуі  заңдылық. Аз ғана  уақыт  аралығында  елімізде  болып  өткен  түбірлі қоғамдық  өзгерістер  “Қазақты”  да  осындай  өзгерістерге  ұшыратты. Мысалы, 1913 жылдың  ақпанында  дүниеге  келіп  патшалық  самодержавие  тұсында  4 жыл  бойы  шығып  тұрған  “Қазақ”  пен  1917 жылдың  ақпанынан  кейінгі  “Қазақтың”  арасында  үлкен  айырмашылық  бар  болса, қазан  төңкерісінен  кейінгі  “Қазақтың”  мазмұны  да, тарихы  мен  тағдыры  да  тіптен  бөлек. Демек, “Қазақты”  тарихи  дерек  көзі  ретінде  қарастырғанымызда  осы  айырмашылықтарды  ескеруге  тиіс  боламыз.

ХХ  ғасырдың  басындағы  ұлттық  бейресми  басылымдарға  деген  қоғамдық  қажеттілік  пен  олардың  пайда  болуының  тарихи  алғышарттары  туралы  жоғарыда  айтылды. “Қазақта”  солардың  бірі  ретінде  пайда  болған  еді. Дегенмен, оның  өз  тарихы, пайда  болып  өмір  сүруінің  өз  ерекшеліктері  де  жоқ  емес.

Қорытынды

Ғасырлардың талай сырын санасында сақтап, сан алуан сын белестерден өткен қазақ халқының басына тәуелсіздік бақытын сыйлаған соңғы жиырма шақты жылдың көлемінде ұлттық рухани дамуымызда бірқатар оң өзгерістер дүниеге келді. Сонау бір алмағайып замандар да  жоғалтып алған, яки жоғалта жаздап қауышқан асыл қазыналарымыздың біразын қайта таптық, өшкенімізді жандырдық. Қоғамның құрылымдық сипаты ғана емес, тұтастай ойлау жүйесі жаңарды. Соның нәтижесінде өткенімізді ой елегінен өткізіп кешегі ұлттық игілігіміз бен мұраларымызды өз қамқорлығымызға қайта алып зерттеп-зерделей келе сол мұраларымыздың қаншалықты қымбат екендігін таныдық.

Мұра деген де, әрине атадан балаға мирас болып қалатын мал-мүлік сында байлық емес, кешегі өркениетімізбен, бар-жоғымыздың қызғыштай қорғаны болып қазақ жұртын қолында бар салт-санасын сақтап қалуға шақырып, елімізді жер жаһанда болып жатқан жаңалықтармен құлақтандырып, өркениеттің соңынан қалмаудың қамын жасап, қара халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған газет-журналдарды, соларды шығару үшін шыбын жандарын беруге дейін барған авторлары жайлы мағлұмат алдық.

Бүгінгі өркениеттің қарыштап дамыған таңында соған лайық қоғамның бар саласында оң өзгерістердің толып келе жатқандығы көңілге қуаныш ұялатады. Бірақ сол қуаныштардың барлығы аспалы-төкпелі емес өз орнымен болса ғой, шіркін! Әріге бармай-ақ кез келеген кітапхана сөрелері мен кітап-журнал сату дүңгіршектерінде оқырманын күтіп сарғайып тұрған керекті-керексіз газет-журналдардан бүгінгі күні аяқ алып жүргісіз болып кеткендігі ақиқат екендігін баршамыз мойындаймыз. Әрине сол газет-журналдардан іздегеніңізді тауып жатсаңыз нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ, осынау дүниелердің көбі түкке тұрғысыз, ішінде оқырманға ой салар дәнеңесі жоқ дүниелер екендігін көріп ішің қынжылады. Газет-журнал шығару керек деп жөн-жосықсыз оларды көбейте берсек, текке шығынға батып Оралхан Бөкей айтқандай «Бардың қадірін білу үшін жоғалту керек, тоқтықтың қадірін білу үшін ашығу керектің» кебін киіп барымызды жоғалытып алмауға тырысуымыз керек. Сол газет-журналдар не жазсада халықтың мұңы мен жоғын, шырылдатар шындықты жазу керек. Сонда ғана оларды оқырман қолына алары сөзсіз. Осы тұрғыдан келгенде үстіміздегі жылы шықанына бір ғасыр толған «Айқап» қоғамдық-саяси және әдеби журналының орыны ерекше  үңірейіп тұрғандығын аңдаймыз.

«Айқап» қазақ баспасөзінің, қазақ елінің алғашқы қарлығашы, яғни алғаш шыққан журналы. Ең бірінші кезекте бұл журнал бізге осынысымен ыстық. Екіншіден, бұл журналды ашып, жариялауда қазақтың басына қара бұлтын үйілтіп тұрған әнеу бір қылышынан қан тамған шақтағы саясаттан қорықпай елді ынтымақ пен бірліккке, оқуға шақырған сол жолда аянбай тер төккен қазақтың сүт бетіндегі қаймақтары М.Сералин, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов сынды ұлттық интелегенттеріміздің қалам сиясы тамған, бұл газет бізге осынысымен де қымбат.

“Қазақ”  газетінің  өзінің  объективті  негізі – қаражат  жағынан  да, атқарған  іс-әрекеттері  жағынан  да  жалпыұлттық  газет болғандығы, оның  қалыптасқан  әрбір  нақты  тарихи  жағдайдағы, нақты  бағыт-бағдары, алдына  қойған  мақсаттары  ұлт  мүддесінен  туындағаны  анық.

Қайталанбайтын деректердің деректік  маңызы, олардан  алынатын  ақпараттың  ғылыми  құндылығы, сол  деректерді  жасаушы  субъекттерге  тікелей  байланысты. Мерзімді  басылымдарда  субъектерге  редакторлар, авторлар, тілшілер  жатады. “Қазақ”  газетінің  бетінде, бес  жылдан  астам  уақытта, жүздеген  авторлардың  мақалалары  жарияланғанымен, оның  бастан  аяқ  негізгі  шығарушылары  және  тұрақты  авторлары  Ахмет  Байтұрсынұлы, Міржақып  Дулатұлы  және  Әлихан  Бөкейхановтар  болды  және  жинаққа  енген  материалдардың  53%  жуығын  жазғандар  да  осылар.

You May Also Like

Ойын терапиясы және оның даму тарихы, реферат

Ойын терапиясы және оның даму тарихы. 1.Ойын терапиясы туралы түсінік. 2.Балалар психотерапиясы…

Еңбек физиологиясының негізі, дене еңбегі мен ой еңбегінің ерекшеліктері, реферат

РЕФЕРАТ Тақырыбы: Еңбек физиологиясының негізі, дене еңбегі мен ой еңбегінің ерекшеліктері. Жоспары: …

Философиядағы адам мәселесі, реферат

Философиядағы адам мәселесі Жоспары: I Кіріспе II Негізгі бөлім Адам мәні, адам…

Қаржылық инвестициялар Реферат

КІРІСПЕ Қазіргі таңда әлемдік шаруашылық шетелден капитал тартудың, олардың аймақтық көлемде немесе…