Рухани жаңғыру –ұлттық жаңғырудың бастауы.

Халқымыздың рухани мәдениетінің бастау бұлағы, түп тамыры көшпелі ата-бабалар өркениетінде жатыр. Рухани мәдениеттің ғұмыры материалдық мәдениеттен әлдеқайда ұзақ екені – тарих дәлелдеген  шындық. Рух болмаса, рухани мәдениет төбеден берілмейді. Қаншалықты қиын кездерді бастан кешсе де, халқымыз өзінің ұлттық мүддесін ұмытпай, рухын сақтай білген. Бір байыздап өмір сүрудің орнына күн-түн демей атамекенін қорғаумен өткен қазақ халқының басында небір ерекше қиын-қыстау кезең болды, өмір мен өлім күресі орын алды. Басынан қайғы бұлты сейілмеген халықты ағарту мәселесі туындағанда Абай атамыз бастаған зиялы қауым елінің көзін ашу үшін жан аямай еңбек етті. Абай Құнанбаевтың «біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос», «ғылым таппай мақтанба» деген секілді терең философиялық өлеңдерінен нәр  алған Алаштың ардақты ұлдары қажырлы еңбектері мен күрескерлік рухтарының арқасында елдің ұлттық сана-сезімін оятты. «Маса» болып құлақтарына ызыңдады, «Оян, қазақ!» деп ұран салды.

Кейінгі әдебиет алыптары да қазақ халқының рухани мәдениетін жаңғырту жолында зор үлес қосып, ұлттың ұлт болып қалыптасуына негіз болған келесі буын – әдебиет алыптары. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» демекші заманына бейімделіп халыққа әдебиет арқылы әсер етуді көздеген болулары керек. Кітап жазумен ғана айналыспай, айтарын ашық айтып, оны іспен дәлелдеген азаматтарымыз өте көп. М.Әуезов «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» десе, М.Мақатаев «Үш бақытын» жырлады. 1986-жылы өр рухты жастар желтоқсан алаңына шығып ұлт мүддесі үшін өз жандарын қиюға дейін барды. Ұлттың оянуы дегеніміз осы емес пе?! Бабаларымыздан қалған салт-дәстүрімізді ұмытпай, ұлт ретінде тұтасып, бір тудың астында бірлігіміз шайқалмай өмір сүру үшін өткенімізді жадымыздан шығармауымыз керек.

Еліміздің рухани өркениетін жаңғырту, өткенімізге құрметпен, келешеккке сеніммен қарайтынымыздың белгісі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы халқымызға үлкен серпін бергендей. Мақалада көтерілген мәселенің бірі-латын әліпбиіне көшу. Бұл біздің ұлт ретінде қалыптасқанымызды барша әлемге танытатын қадам.  Латын әліпбиі тіліміздің жаңа деңгейге көтерілуіне септігін тигізеді. Сондықтан өз тілімізге жанашырлықпен қарап, дамытуға үлес қосумыз керек. Тіліміз өзге тілдердің көлеңкесінде қалып қоймасын демек, бар ынтамызбен осы бастаманы қолдауымыз керек.  Қазақ халқы өз тарихында не бір қиын уақыттарда бірнеше рет әліпби ауыстырған. Қазіргі ғылым мен технология дамыған уақытта қорқуға, артқа шегінуге себеп жоқ.

Мақалада бірқатар жаңа жобалар жасалатындығы айтылады. Солардың бірі – «Туған жер» жобасы. Әр адам өз туған жерін, топырағын қастерлей білуі тиіс. Ауылының, көшесінің атауы неліктен олай қойылғанына дейін білгені дұрыс. Халыққа өз тарихын терең ұғындыру мақсатынан туындап отыр. келер ұрпақ бабалары кімдер, өзі қайдан шыққан, туған жерінің географиясы сынды тақырыпта сөз қозғай алуы қажет. «Қазақтың 100 есімі» атты жаңа жобаның берері мол. Елге еңбегі сіңген тұлғалар болашақ ұрпақтың жадында сақталуы тиіс.

Мақалада айтылған бастамалар жүзеге аса, рухани жаңғыру сөзсіз орын алады. Алдағы уақытта осындай игі істерді атқару үшін, озық өркениетке жету үшін бізге береке-бірлік, еліміздегі ұлттардың ынтымағы қажет. Онсыз біз алға жылжи алмайтынымыз анық.

Рухани жаңғыруды бүгінгі күннен, жаңаша жасау емес, өткен тарихымызбен, қазақтың барлық ұлттық салт-дәстүрлерімен, ең бастысы, ана тіліміз, әдебиетіміз, мәдениетімізбен, қазақи рухымызмен байланыстыра отырып дамимыз.

Елбасы өзінің мақаласында «Жаңа жағдайда жаңғыру деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деп көр­сеткендей, рухани жаңғыру әрбір қазақстан­дықтың өзгеруін талап ететін ұлттық жаңғырудың бастамасы.

You May Also Like

Химия пәнін оқытудың тиімді әдістері, мақала

Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті –…

Туған жерге сағыныш, мақала

Мен қазіргі заман педагогімін, мақала

Оқытудың жаңа әдіс- тәсілдерін қолдану арқылы оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігін дамыту, мақала