МАЗМҰНЫ 

КІРІСПЕ ………………………………………………………………………,…………………….

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

2.1 Абайдың шығармашылық өмір жолы ………………………………………………..

2. 2 Абай — ұлы ақын әрі ойшыл …………………………………………………………..

  1. 3 Абай шығармашылығының сан қыры ……………………………………………
  1. 4 Абайдың философиялық ойлары …………………………………………………..

ҚОРЫТЫНДЫ ………………………………………………………………………………….

АБСТРАКТ 

Зерттеудің өзектілігі:   Абай – дана, Абай – дара қазақта. Ақынның ел басқару ісіндегі дана көзқарастары мен қара сөздеріндегі ұлағатты ой түйіндері оның шығармаларының негізгі арқауы болып тарқатылады. Абайдың әрбір сөзі қиюын тауып шебер қиыса байланыса отырып, терең мағынаны білдіреді, жақсылыққа үндейді. Абайдың қазақ халқының рухани дамуына қосқан орасан зор еңбегін тереңінен танып білу – бәріміздің борышымыз.

Зерттеу жұмысының ғылыми болжамы: Егер біз Абайдың халқымыздың басынабіткен бақ ретінде даралығын, даналығын тереңінен тани алсақ, онда оның қазақ халқының дара ақыны ретінде орны айқындалып,  бабалар мұрасына деген құрметіміз артып, патриоттық сезімдеріміз күшейе түсер еді.

Ғылыми жобаның мақсаты: Абайдың тау тұлғасына үңіле отырып, оны тереңірек танып білу. Абайдың дана сөздері мен қара сөздерін насихаттау. Оның өлеңдерінің, әндерінің, поэмаларының көркемдігін ұғыну.

Зерттеу жұмысының  міндеттері:

-Абайдың шығармашылық өмір жолын айқындау;

-Абай — қазақ халқының ұлы ақыны әрі ойшылы ретінде алатын орнын таныту;

– Абай шығармашылығының сан қырын зерделеу;

– Абайдың философиялық ойларына сипаттама жасау.

Ғылыми жұмысының ғылыми жаңалығы. Абайдың халқымыздың дана білгірі, философы, дара ақыны ретінде орны айқындалды.

Зерттеудің теориялық мәнділігі: Абайдың өнегелі өмірі мен шығармашылық өмірі,даналығы мен даралығы тереңінен танытылды.

Зерттеудің практикалық мәнділігі:  Зерттеу нәтижесінде жинақталған материалдар болашақта ақын Абайдың шығармашылығын әрі қарай зерттеп, зерделеймін деушіге көмекші құрал, сондай-ақ мектептің оқу әдістемелік жұмыстарына, таримх сабақтарында, таңдау курстарында кеңінен қолдануға енгізуге болады.

 Жұмыстың орындалу әдістері. Абай туралы терең танысу, деректер жинау, ғылыми ізденіс, зерттеу,  талдау, салыстыру әдістері қолданылған.

АБСТРАКТ

Актуальность исследования: Абай-мудрый, Абай-один у казахов. Великие мысли и взгляды поэта, в деле управления страной является основным лейтмотивом его произведений. Каждый из слов Абая имеет глубокое значение, находя умелое общение, призывая к лучшему. Мы должны глубоко изучить огромный труд Абая, внесенный в духовное развитие казахского народа.

Научный прогноз исследовательской работы: если бы мы смогли глубже осознать индивидуальность, мудрость акына народа Абая, то его место определяется как личность казахского народа, повышается уважение к наследию предков, усиливаются патриотические чувства.

Цель научного проекта: углубленное изучение великое личность Абая. Пропаганда мудрых слов Абая. Понятие художественного произведения его стихов, песен, поэм.

Задачи исследовательской работы:

– Определение творческого жизненного пути Абая;

– Показать роль Абая как великого поэта и мыслителя казахского народа;

– Изучение многогранности творчества Абая;

– Описание философских мыслей Абая.

Научная новизна научной работы. Абай стал мудрым знатоком народа, философом, мудрым поэтом.

Теоретическая значимость исследования заключалась в том,что Абай имеет глубокий смысл: нравственная жизнь и творческую жизнь, мудрость и индивидуальность.

Практическая значимость исследования: материалы, собранные в результате исследования, в дальнейшем могут быть использованы для дальнейшего изучения творчества поэта Абая, а также для широкого использования в учебно-методической работе школы, на уроках таримх, на курсах по выбору.

Методы выполнения работ. Были использованы методы глубокого знакомства, сбора данных, научного поиска, исследования, анализа, сравнения.

ABSTRACT 

The relevance of the study: Abay-wise, the Abay is one of the Kazakhs. Great thoughts and views of the poet, in the management of the country is the main leitmotif of his works. Each of Abay’s words has a deep meaning, finding skillful communication, calling for the best. We must deeply study the great work of Abai, made in the spiritual development of the Kazakh people.

The scientific forecast of the research work: if we could more deeply realize the individuality, wisdom of the akyn people of Abay, its place is determined as the personality of the Kazakh people, respect for the heritage of ancestors increases, Patriotic feelings increase.

The purpose of the research project: in-depth study of the great personality of Abay. Promotion of the wise words of Abai. The concept of the artistic work of his poems, songs, poems.

Research objectives:

– Definition of Abay’s creative life path;

– To show the role of Abay as a great poet and thinker of the Kazakh people;

– Study of the versatility of Abay’s creativity;

– Description of Abay’s philosophical thoughts.

Scientific novelty of scientific work. Abay became a wise connoisseur of the people, a philosopher, a wise poet.

The theoretical significance of the study was that Abay has a deep meaning: moral life and creative life, wisdom and individuality.

Practical significance of the research: the materials collected in the study can later be used for further study of the poet Abai, and for use in educational and methodical work of the school, the lessons of Tarim courses of choice.

Methods of work. Methods of deep acquaintance, data collection, scientific search, research, analysis, comparison were used.

— «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты ғылыми жұмысына

Пікір

Оқушы Шегебаева Ұлбосынның «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты  ғылыми жұмысын  қазақтың біртуар тау тұлғалы азаматы, ұлы ойшыл ғалым Абай Құнанбаевтың өмір жолын, оның шығармашылығын кеңірек танып-білуге арналған.

Ұлы ақынның  шығармашылық өмір жолын тереңінен талдай отырып, оның өз заманынан оза туған жан екендігін терең түсінуге талпынған. Абай мұрасын сан-салаға жіктеп, олардың әрқайсысына дәлелді мысалдармен талдаулар жасаған. Ақын өлеңдерінде, қара сөздерінде, аудармаларында айтылатын терең ойды, үлгі-насихатты жеткізе білген.

Ел басқару ісіндегі оның дана саясатын айта отырып, оның қара сөздеріндегі, жалпы шығармашылығындағы философиялық ой түйіндеріне аса мән берген.

Жалпы алғанда ғылыми жоба өз дәрежесінде жасалынған деуге болады. Зерттеу жұмысының мазмұндылығы мен мәнділігін ескере отырып, жоғары дәрежеде бағалауға ұсынамын.

—ғылыми зерттеу жұмысы жайлы                   

                   К Ү Н Д Е Л І Г І

                     (2019 жыл) 

Атқаратын жұмыс тізімі Мерзімі Жетек-ші қолы Нәтижесі
1 Ғылыми жұмыстың тақырыбын айқындау мақсатында ғылыми жетекшімен кеңесу, пікірлесу Қыркүйек -желтоқсан,

2019 ж

«Абай – дана, Абай – дара қазақта» зерттеудің тақырыбы болып бекітілді.
2 Ғылыми жетекшімен үнемі кеңесе отырып, зерттеу жұмыстарын жүргізу.  Қаңтар-ақпан   2019 ж. Жұмыстың мақсатымен, міндетімен таныстым. Орындау барысы туралы мағлұмат беріп, пайдаланатын әдебиеттерді көрсетіп берді.
3   Зерттеу тақырыбы негізінде интернет, баспа материалдарымен танысып, олардың ішінен қажеттілерін іріктеу

 

Наурыз

2019 ж.

Берілген материалдармен танысып, өзіме қажетті мағлұматты алдым.
4 Ғылыми жетекшіден кеңес алу Сәуір

2019 ж.

 Қажетті материалдарды жинақтап, саралап-жүйеледім.

Кіріспе        Ұлы ақын, композитор, философ, саясаткер, ағартушы, қазақтың реалистік жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы.

Ақынның арғы тегі Орта жүз Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады. Олжайдан Айдос, Қайдос, Жігітек есімді 3 ұрпақ тарайды. Бұлардың әрқайсысы кейін бір-бір рулы ел болып кеткен. Айдостың Айпара деген әйелінен: Ырғызбай, Көтібақ, Топай.

Абай айтқанындай, шынында, бұлардың ішінде Ырғызбай ортасынан оза шауып, ел басқарған. Ырғызбайдан Үркер, Мырзатай, Жортар, Өскенбай тарайды. Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болғандықтан, «Ісің адал болса Өскенбайға бар, арам болса Ералыға бар” деген мәтел сөз қалған. Өскенбайдың әйелі Зердеден Құнанбай туады. Құнанбай 4 әйел алған адам. Оның бәйбішесі Күңкеден – Кұдайберді, інісі Құттымұхамбетке айттырылып, қалыңдық кезінде жесір қалған соң өзі алған екінші әйелі: Ұлжаннан – Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі Айғыздан – Халиулла, Ысмағұл туады. Қартайған шағында үйленген ең кіші әйелі Нұрғанымнан ұрпақ жоқ. Абайдің «Атадан алтау, анадан төртеу» едім дейтіні осыдан. Болашақ ақын сабырлы мінезімен, кең пейілімен ел анасы атанған «кәрі әжесі” Зеренің таусылмайтын мол қазынадай аңыз ертегілерін естіп, абысын-ажынға жайлы, мінезі көнтерлі, әзіл-қалжыңга шебер, жөн-жобаға жетік өз анасы Ұлжанның тәрбиесінде өсті. Абай әуелі ауылдағы Ғабитхан молдадан сауатын ашады да, 10 жасқа толған соң 3 жыл Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқиды. Бұл медреседе араб, парсы тілдерінде, негізінен, дін сабағы жүргізілетін еді. Құрбыларынан анағұрлым зейінді бала оқуға бар ықыласымен беріліп, үздік шәкірт атанады. Ол енді дін оқуын ғана місе тұтпай, білімін өз бетінше жетілдіруге ұмтылады. Сөйтіп көптеген шығыс ақындарының шығармаларымен, араб, иран, шағатай (ескі өзбек) тілінде жазылған ертегі, дастан, қиссалармен танысады, Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Хафиз, Фзули сияқты ұлы ғұлама, классик ақындарына бауыр басады. Медресенің үшінші жылында Абай Семей қаласындағы «Приходская школаға” да қосымша түсіп, орысша сауатын аша бастайды. Бірақ бұл оқуын әрі жалғастыра алмай, небәрі 3 жылдан соң оның мұсылманша да, орысша да оқуы аяқталады. Абайдың басқа балалардан алымдылығын аңғарған Құнанбай оны елге шақырып алып, өз жанына ертіп, әкімшілдік-билік жұмыстарына араластырмақ болады. Сөйтіп 13 жастағы Абай ел ісіне араласады. Абайдың қазақ халқының рухани дамуына қосқан орасан зор еңбегін тереңінен танып білу – бәріміздің борышымыз.

  “Абайды ұлықтау арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық рух дарытамыз» деген  ел президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев

Мақсаты:

Абайдың тау тұлғасына үңіле отырып, оны тереңірек танып білу. Абайдың дана сөздері мен қара сөздерін насихаттау. Оның өлеңдерінің, әндерінің, поэмаларының көркемдігін ұғыну.

Негізгі бөлім 

2.1 Абайдың шығармашылық өмір жолы

Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне.
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,
Өр Абайдың төтеген кім бетіне.

Ақын атын таратқан әрбір тұсқа,
Өлеңменен өлмейтін салған нұсқа.
Арғын, найман сөзіне таңырқаған,
Қандай арман бар дейсің бұл туыста.

Ж. Жабаев.

Абайдың шын аты Ибраһим болған. Абай деп әжесі Зере еркелетіп қойған. Бала кезінде екі ананың арасында тел өскен Абайды жеңгелері Телғара деп еркелетіпті. Тіпті М.Әуезовтың өзі Абай туралы жазбақ болған романын ең алғаш “Телғара” деп атаған екен. Сол телғараның дана Абайға айналып, ұлы ақын болу жолына көз салып көрелік.

Абайдың бар өмірі өзі   туып өскен Шыңғыс болысы, қазіргі Абай ауданы, бұрынғы Семей облысында өтті. Ұлы ақын 1845 жылы әйгілі Қасқабұлақ басында, киіз үйде дүниеге келді. Әкесі Құнанбай бүкіл Тобықты елінің қаһарлы әміршісі, қатыгез, ал шешесі Ұлжан керісінше ағайын-туысқа қайырымды, мінезі жұмсақ, тілге бай адам болған.Міне, сәби шағынан-ақ Абай от пен судай екі ұдай, кереғар мінезді адамдар ортасында өмір кешті. Аяулы әжесі Зере мен анасы Ұлжанның жас бала қиялы мен санасының, мінез-құлқының қалыптасуына әсері мол болды. Ол екеуі айтқан ертегі, аңыз-әңгіме, күлдіргі, мысқыл, ел басынан өткен тарихи оқиғалар зерделі бала-Абайдың санасына біртіндеп сіңе берді. Осылайша, бала Абай өз халқының рухани ой қазынасына қанығып өсті.

Абай бала кезінде ширақ, пысық болмағанымен, елдегі шешен, ақын, ертегішілер әңгімесін тез ұғып алатын зеректігімен, ынталылығымен ерекшеленген, Шортанбай, Дулат, Бұқар жырау, Марабай, Шөжелерді тыңдап өскен. Анасы Ұлжан да шешен болған, сөз қадірін білетін ортада өскен кісі. Оның ағасы (әкесі Тұрланның інісі) Тонтайдың өлерінде кожа-молдаларға карап: «Жазыла-жазыла қожа-молдадан да ұят болды, енді өлмесек болмас», – дегені халық аузында мәтел болып кеткен. Құнанбай кажының да кеңінен толғап сөйлер тереңдігі, өз тұстастарының ғана емес, шетелдік саяхатшылардың да назарына іліккен; Құнанбай қажы «Ескітам» деген қоныстан медресе салдырып, өзінің және туыстарының балаларын окытқан. Абай сегіз жасында әуелі сол «Ескітам» медресесінде дәріс алып, ауыл молдасы Ғабитханнан оқыған. Әкесі оның зеректігін байқағаннан кейін, 10 жасқа толған соң Семейдегі Ахмет Риза медресесіне береді. Онда 3 жыл оқыған, Медресенің үшінші жылында ол осы қаладағы «Приходская школаға» да қосымша түсіп, онда 3 ай орысша оқиды. Бұл тұста М.О.Әуезовтің «Өзі тұстас үлкен-кіші балалардың барлығынан сонығұрлым зейінді, ұғымтал және ерекше ықыласты болған. Дәрісте арабша кітапты молдасының бір оқып, бір-ақ рет түрікшеге аударып берген сөздерін кітапқа қарамай жатқа айтып шыға алатындай зерек болады. Сонымен дәріс үстінде оқылатын сабақтарды ұғып білу Абайға өзге балалардан анағұрлым оңай тиген. Көп уақытын алмаған. Сондықтан барлық артылған уақытын Абай өз бетімен өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп ізденуге салынады. Оқуға кірген соң-ақ, тез есейіп, ілім қуған кісінің калпына оңай түсіп кеткен. Оқыған кітаптың көбіне сынмен қарай білетін, сезімді оқушы бола бастаған. Өзінің әбден сүйіп, тандап оқыған ірі ақындары болады. Сол бала күнінде жаттаған кейбір өлеңдері ұлғайып, кәрілікке жеткен уақытына шейін есінен шықпаған, ұмытылмаған» деген тұжырымы болашақ ұлы ақынның қалыптасу кезеңін айғақтайды. Абай бір жағынан шығыс классиктері Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Науаи, Физули, Жәми, тағы басқаларды оқыса, екінші жағынан А.С. Пушкин, А.И. Герцен, М.Е. Салтыков-Щедрин, Н.А. Некрасов,                 М.Ю.Лермонтов, Л.Н. Толстой, И.А. Крылов, Ф.М. Достоевский, И.С.Тургенов, Н.Г.Чернышевский мұраларын оқып, терең таныс болған, Батыс әдебиетінен Гете, Дж. Байрон сияқты ақындарды оқып, түрлі ғылым салалары бойынша зертгеулер жүргізілді. Есейген шағында, осы өзі оқыған философ, ақын, ғалымдармен тең дәрежеде пікір таластырып, олардың ішінен ірі ақындардың өзіне әсері болған кесек туындыларын қазақ тіліне аударған. Аударған өлеңдері көркемдік жағынан негізгі нұсқасымен тең түсіп, кейде асып та жатады. Құнанбай Абайдың өзге балаларынан ерекше зеректігін ерте сезіп, оны әрі карай оқытпай кайтарып алып, ел ісіне араласуға баулиды. Сөйтіп 13 жастағы Абай әке ықпалымен әкімшілік-билік жұмыстарына араласады. Ол әке қасында болған жылдарда қазақ даласындағы әлеуметтік өмір қайшылықтарын жан-жақты тани түседі. Патша үкметінің отаршылдық саясаты мен парақор орыс әкімдерінің, жергілікті жарамсақ болыстар әрекеттерінің халық тағдырына кеселді, зияндылығын айқын түсініп, соған қарсы батыл қимылдар жасаған. Алайда оның тамыры тереңде жатқанын, отарлау жүйесінің бел алып, елдің кұрсауда қалғанын сезіп күйзелген. Патша үкіметінің отаршылдық саясаты мен оның аярлығын түсінбей өзара қым-қиғаш айтыс-тартысқа түскен, танымы таяз болыстар мен ел билеушілеріне қарсы күресуге бел буған Абай болыс сайлауына түсіп, жеңіп шығады. 1875-78 ж. Қоңыркекше еліне болыс болады. Бұл жылдары өз қолындағы билікті пайдаланып, әділдік таразысын тең ұстауға күш салды. Абай кейіннен, 1886 ж. Е.П. Михаэлистің ұсынысымен, Семей облыстық статистика комитетінің толық мүшесі болып сайланды. Абай 1880 ж. И.Долгополов, А. А. Леонтьевпен танысып, олармен тығыз қарым-қатынаста болған. Абай ел ісіне араласқан жылдарыңда әділеттілгімен, білімділігімен көрініп, халық арасында беделі өседі.»

1885 ж. мамыр айында Шар өзенінің бойындағы Карамола деген жерде Семей ген.-губ. Цеклинскийдің басқаруымен Семей губ.-на қарайтын                     5 уездің 100-ден астам би-болыстары бас қосқан төтенше съезі өткізілді. Осы съезде төбе би болып сайланған Абайға «Семей қазақтары үшін қылмыстық істерге карсы заң ережесін» әзірлеу тапсырылды. Абай бастаған комиссия барлығы 93-баптан тұратын ережені 3 күн, 3 түнде әзір етті. Бұл қазақ кауымындағы әдет заңдарына да, патша өкіметінің халықты канаушылыққа, зорлық-зомбылыққа негізделген заңынада ұқсамайтын, өзгеше құжат еді. Оның, әсіресе, ұрлық, қылмыс пен әйел мәселелеріне арналған баптары ерекше құнды. Бірақ Абайдың беделін өсірген Қарамола съезінен кейін оның қарсыластары көбейіп кетеді. 1890 ж. Байғұлақ, Күнту деген кісілер бастаған 16 атқамінер Жиренше қыстауының шетіндегі Ши деген жерде Абайға карсы дұшпандық әрекетке сөз байласады. 1891 ж. Оразбай бастаған дау                     1897 жылға дейін созылады. Бұл шиеленістің аяғы 1898 жылғы Мұқыр сайлауындағы жанжалға, Абай өміріне қастандық жасауға әкеп соқтырады. Ақын бұл жанжалдың барша жиренішті сырын, өзінің ақ екендігін Сенатқа жазған хатында айғақты деректермен дәлелдеп береді». [1, 49]. Ел басқару қызметінде барынша әділ болып, халық қамын ойлаған, «тура биде туған жоқ, принципті ұстанған. Ғұмырының соңына қарай пенделік шаруалардан бойын аулақ салып, уақытының көбісін шығармашылыққа арнаған.

Абай үш әйел алған. Бәйбішесі Ділдәдан – Ақылбай, Әбдірахман, Күлбадан, Әкімбай, Мағауия, Райхан; екінші әйелі Әйгерімнен – Тұрағұл, Мекайыл, Ізкайіл, Кенже, барлығы 7 ұл, 3 қыз сүйген. Келіндей алған әйелі Еркежаннан – ұрпақ, көрген жоқ.

2. 2 Абай — ұлы ақын әрі ойшыл

Абай өзінің өлеңдерін бала кезінен жаза бастады. Бірақ ол ақын ретінде алғаш рет XIX ғасырдың 80-жылдарының орта кезінен бастап таныла бастады. Бұл кезде Абай өз атынан «Жаз» («Жаздыкүн шілде болғанда…») деген өлеңін жариялаған болатын. Абай — «Ескендір», «Масғүд», «Әзім әңгімесі» поэмалары мен этикалық-философиялық еңбегі «Қара сөздерді» жазды. Ақынның 1890-1898 жылдар аралығында жазылған «Қара сөздерінде» XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының болмысы зерделенді.

Ақынды қатты алаңдатқан жағдайлар қазақтардың жаппай кедейленіп, қайыршылық халге түсе бастауы, патша үкіметі шенеуніктерінің шектен шыққан озбырлығы, жергілікті болыстардың парақорлығы мен қанағатсыз пайдакүнемдігі болды. Ол өзінің өлеңдерінде жақын туыстарына көмек қолын созбайтын сараң байларды өлтіре сынады.

Абай қазақ қоғамын ерінбей еңбек етуге шақырды. Өзінің кейбір замандастарының бойындағы жаманшылық мінездерді — жалқаулықты, еңбексіздікті, көрсеқызарлықты, алтыбақан алауыздықты, надандықты жеріне жеткізе әшкереледі. Кедейшіліктен құтылудың бір тәсілі егіншілікпен айналысу, қолөнер кәсібін және сауда-саттық жасауды үйрену екенін айтты. Ол былай деп жазды:

«Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде».

Оның басқаша ойлауы мүмкін де емес еді. Қазақ даласында жиі болып тұратын жұт қарапайым халықты ауыр қайғы-қасіретке душар ететін. Ондай кезде жылдар бойы жинаған малдан бір-ақ күнде айырылып, жұтап қалуға болатын еді. Абай 1880 жылғы алапат ауыр жұтты өз көзімен көрді. Сол жылы оның сан мыңдаған жерлестері қайыршылық халге душар болған еді. Семей облысында кедей жатақтардың саны бұрын-соңды болып көрмеген жоғары көрсеткішке жетті. Олар казак станицалары мен орыс шаруаларының деревняларына жаппай ағылып, болар-болмас тиын-тебенге жалданды, үй қызметшілері, қолбала, бақташылар болды. Қайыр сұрап, ел кезіп кеткендер де көп еді.

Абай қазақтарды мал өсірумен қоса сауда жасауды, белгілі бір кәсіп түрімен шұғылдануды үйрену қажеттігіне баса назар аударды. Орта Азия тұрғындарының кәсіп түрлеріне үлкен ілтипатпен қызыға қарады. Ол былай деп жазды: «Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, саудагердің жүрмеген жері жоқ, қылмаган шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһари Орысқа қарамай тұрганда қазақтың өлісінің ахыреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды».

Абай халыққа жаны ашымайтындарды жек көрді, байлардың қарапайым халыққа менсінбей қарауы оның ашу-ызасын келтірді. Қоғамды прогресшіл түрде дамыту жолдарын үнемі іздестіріп отырды. Абай ел басқаруға халық үшін қызмет ететін, адал адамдар сайлануы тиіс деп есептеді. Ол өз төңірегіндегі адамдардың, жақындары мен шәкірттерінің бойындағы өз халқына риясыз берілгендікті, оның мүдделерін қорғау қасиеттерін қолдап отырды. 

  1. 3 Абай шығармашылығының сан қыры

Абай өлең жазуды 10 жасында («Кім екен деп келіп ем түйе қуған…») бастаған. Одан басқа ертеректе жазылған өлеңдері — «Йузи-рәушән», екіншісі — «Физули, Шәмси». «Сап, сап, көңілім», «Шәріпке», «Абралыға», «Жақсылыққа», «Кең жайлау» өлеңдері 1870 — 80 жылдар аралығында жазылған. Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы — «Қансонарда» 1882 ж. жазылған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі — өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі — ғақлия (немесе Абайдың қара сөздері) деп аталатын прозасы; үшіншісі — өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері.

Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады. Ислам діні тараған Шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы танысу арқылы өзінің шеберлік — шалымын одан әрі шыңдайды. Шығыстың екі хикаясын «Масғұт» және «Ескендір» деген атпен өлеңге айналдырады. Ислам дініне өзінше сенген діни таным жайындағы философиялық көзқарастарын да өлеңмен жеткізеді. Абайдың дүниетанудағы көзқарасы XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақ халқының экономикасы мен ой-пікірінің алға ұмтылу бағытта даму ықпалымен қалыптасты. Дүниетану жолында сары-орыстың төңкерісшіл демократтарының шығармаларын оқып, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін қорытып, басқаларға қазақ өміріндегі аса маңызды мәселелерді түсіндіруге қолданады. Дүниетану өңірінде екі қасиеттің — сезім мен қыйсынның, түйсік пен ақылдың қатынасын таразылайды. Сондықтан да: «Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз» деп жазады.

Кез келген халықтың тарих сахнасына шығуы — жүйеге бейімделген біртектес өмір салттың ғана нәтижесі емес, сонымен бірге қасиеттік деп саналатын- арман-аңсардың (идеал) да біртұтастығына айғақ. Олай болса Абай сынының тәлкегіне түскен еріншектік, дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірікшілік, өсекшілдік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік сияқты қасиеттер қазақ баласының кейбірінің бойындағы туа біткен кемшілік емес, сол Абай өмір сүрген қоғамдағы саяси әлеуметтік қатынастардың нәтижесі екеніне ден қою қажет. Сонда, Абай бұрынғы бабаларымыздың бойынан көрген «кемшіліктерді» себеп ретінде емес, сол замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың салдары ретінде қарастыруға жол ашқан. 

  1. 4 Абайдың философиялық ойлары

Ұлы Абайды өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры, олардың заңдылықтары көп ойландырған, ол дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысқан. Мен осы кіммін? Жан иелері өмірінің түпкі мәні неде? Барлық адам баласы, жан-жануарлар да тамақтанады, ұйықтайды, қорғанады, артына ұрпақ қалдырады. Сонда адам баласының басқа жан иелерінен айырмашылығы неде? Міне, Абай әркімді де толғандыратын терең сырлы сұрақтарға жауап іздейді. Ол өзінің ілімінде, пәлсапалық шығармаларында адам баласының өмір сүру мақсатын, сол мұратына жету жолын, әлемдегі болмыстың мәні мен өзіндік ішкі байланысты, жалпы заңдылықтарын ашып көрсетеді.

Кемелдену, жетілу – адам өмірінің мақсаты екенін айтады Абай. Жетілу дегеніміз не? Түрлі жетілулер бар. Мысалы, спортпен шұғылданып өзіміздің денемізді, күш-қуатымызды жетілдірсек, ал ғылым-білім, өнерге үйрену арқылы ой-өрісімізді жетілдіреміз. Абай осыларды айта отырып, бұлардан гөрі маңыздырақ жетілу барын, ол – рухани жетілу, яғни жанды жетілдіру деп көрсетеді.

Абайдың айтуы бойынша жан жүректе орын тепкен. Жан адамның тыныс-тіршілігін, іс-әрекетін жүрек арқылы басқарады. Егер жан жетілмеген болса, онда адамның іс-әрекетінде де кемшілік болады. Ішкі дүниесі тазарып, жетілген адам ғана қателікке ұрынбай, өмірде жаңсақ баспай, дұрыс өмір сүре алады. Адам баласының бақыты оның жүрегінің тазалығымен тығыз байланысты деп үйретеді Абай. Сонымен, жетілудің негізі – женді, жүректі жетілдіру екен. Бұл – адамның ішкі нәзік болмысын тазарту деген сөз.

Абай өз шығармаларында жетілу жолдарын, олардың түрлі белестерін көрсетеді. Әрбір адам осы жетілу жолдарынан өте отырып өзінің қай деңгейде тұрғанын және өмірінің келесі белесін анықтай алады. Мәні терең ашылып, келешегі айқындалғанда ғана адам өмірі маңызды болмақ. Абай ілімі осылай әркімнің өмірінің мәнін ашып, оның келешектің жарқын жолына шығуына мүмкіндік береді.

Ақын мұрасында бір жүйеге түсірілген көзқарасын тұжырымдайтын арнайы философиялық шығармасы жоқ. Дегенмен, Абайдың көптеген өлеңдері мен прозалық шығармаларында «… адам мен адамгершілік, ар, ұждан, мораль философиясына төтелей қатынасы бар, толып жатқан бөлек-бөлек бір көлемді, әрі сапалы ойшылдық пікірлері бар екені даусыз. Абай шығармашылығын зерттеудің алғашқы кезеңінде, 1920-30 жылдарда ақынның идеялық мұрасы қызу айтыстар тақырыбына айналды, «Абай философиясын» діншілдігі басым әдеттегі буржуазиялық идеалистік философияның жамап-жасқаған біртүрі деп дәлелдемек болушылар да табылды [2, 26]. Көрнекті мәдениет қайраткерлері мен жазушылар: С.  Мұқанов, – Абай бұл сөздің ұнамды мәнінде ең озық реалист-суреткер болды және сонысы үшін де біз оны құрмет тұтамыз, сондықтан да оның әдеби мұрасы біз үшін баға жетпес байлық болып табылады, тап солай болғандықтан да қазақ халқы Абайды өзінің аса ірі ұлттық ақыны деп біледі»

Ақын шығармалары 19 ғасырда да Қазақстанда демократиялық қоғамдық ойдың қалыптасып, дамуына негіз болған басты-басты идеялық үш қайнардан нәр алды:

1) қазақтың ауыз әдебиеті мен өткен замандардағы жазба ескерткіштерінен сусындаған алдыңғы қатарлы халықтық дәстүр;

2) ежелгі және орта ғасырдағы Шығыс ойшылдарының таңдаулы шығармалары;
3) орыстың материалистік философиясы мен демократиялық мәдениеті, сол арқылы дүниежүзілік (ең алдымен Батыс Европаның) философиялық ойдың жетістіктері.

Әуезов бұл идеялық бағыттарды бір-бірімен табиғи ұштасып, жалғасып кететіндігін айта келіп, Абай дәуірі үшін осылардың ішінде үшінші қайнармен, орыс классиктерінің шығармаларымен таныстықтың маңызы аса зор болғанын, Қазақстандағы қоғамдық ойдың болашақта жандана түсуіне ықпал еткенін атап көрсетті.

Ғалым Абайдың орыс әдебиетімен және философиялық озық ойымен байланысын оның аударған шығармаларының санымен немесе оған революционер демократтар идеясы ықпал етті деген қарапайым түсініктерді еске алумен ғана дәлелдемек болған «жеңіл-желпі, қара дүрсін пікірлерге» қарсы шықты. Ол Абай шығармашылығының өткен заман ойшылдарының теориялық мұраларымен байланысын анықтайтын мәселелердің тым тапшы зерттелгеніне өкініш білдірді; Абайдың орыс әдебиетіне ғана емес, сонымен қатар адамзаттың бүкіл рухани мәдениетіне қатынасын тұтастай даму үстінде «орыс және қазақ халқының байланыстарын сол кезеңнің мазмұнын анықтайтын саяси оқиғалармен тығыз органикалық байланыста карастыратынының» методологиялық маңызы аса зор [3, 148-149 б.]

Өз заманының ғұламасы болған Абай көптеген орыс жазушылары мен философтарының, әсіресе, А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, И.А.Крыловтың, В.Г.Белинскийдің, А.И.Герценнің, Н.Г.Чернышевскийдің, Н.А.Добролюбовтың шығармаларын оқып, зерттеді, орыс революционер-демократтарының озық ойы, оның дүниетанымының қалыптасуына үлкен ықпал етті.

Ойшыл-ақын ежелгі заман философтары Сократ, Платон, Аристотель, сондай-ақ, Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби мұраларымен де жақсы таныс болды; Батыс Европа философиясын, дәлірек айтқанда Р.Декарт, Б.Спиноза, Г.Спенсер, Л.Фейербах еңбектерін оқыды: «…өзінің рационалдық философиясын Абай кездейсоқ жасай салған жоқ, алдымен осындай бай мектептердің оқуынан өтіп алып, сөйтіп, бұларды өзінің творчестволық өңдеуінен өткізген соң ғана жасай алды» [4, 141-б.]

Ол Ч. Дарвиннің даму теориясы мен анатомиялық ілім негіздерін білді. Абайдың жаратылыстану ғылымындағы білімінің кеңеюіне орыстың материалистік психологиясы, нақтырақ айтқаңда И.М.Сеченов пен К.Д.Ушинский еңбектері маңызды қызмет атқарды. Ақынның дүниетанымына сол кезеңде Семейде тұрған, саяси аударылған адамдарымен достығы игі әсерін тигізді. Олардың арасында Е.П.Михаэлис, Н.И.Долгополов т. б. демократтардың идеясында тәрбиеленген алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдері бар еді. Абайдың көптеген өлеңдерінде терең философиялық ойлары, табиғатқа, таным, ақыл жайлы толғаныстары көрініс тапқан.

«Адам өмірінің мақсаты – кемелдену мен жетілу», – дейді Абай.

Мысалы, спортпен шұғылданып өзіміздің денемізді, күш-қуатымызды жетілдірсек, ал ғылым-білім, өнерге үйрену арқылы ой-өрісімізді жетілдіреміз. Абай осыларды айта отырып, бұлардан гөрі маңыздырақ жетілу барын, ол – рухани жетілу, яғни жанды жетілдіру деп көрсетеді.

Абайдың айтуынша, жан жүректе орын тепкен. Жан адамның тыныс-тіршілігін, іс-әрекетін жүрек арқылы басқарады. Егер жан жетілмеген болса, онда адамның іс-әрекетінде де кемшілік болады. Ішкі дүниесі тазарып, жетілген адам ғана қателікке ұрынбай, өмірде жаңсақ баспай, дұрыс өмір сүре алады. Адам баласының бақыты оның жүрегінің тазалығымен тығыз байланысты деп үйретеді.

Абайды шетелде танытқандар

Қытайда Абайдың шығармаларын танытуға Ха Хуан Жан (Хабай) көп еңбек етті. Ол Шыңжан өлкесінің Шәуешек қаласына жақын Қазақтар ауылында туған. Қытай тіліндегі мектептерде оқыса да, қазақ тілін жетік меңгерген. Абайды бала күнінен жаттап өскен екен.

1950 жылы Абайдың «Ескендір» поэмасын, ал 1958 жылы «Масғұт» поэмасын ханзу тіліне аударып, Пекинде арнайы кітап етіп бастырып шығарған. Жалпы, Хабай Абайдың 167 өлеңін, 3 поэмасын, 45 ғақлия сөзін түгел аударған. «Абай және Абай шығармалары» деген үш кітабын да Пекинде бастырған.

Абайдың өлеңдері басқа тілдерге аударылды. Мәселен, Грузин тілінде – Ш.Мчедлишвили, қарақалпақ тілінде – Ш.Сеитова, қырғыз тілінде – А.Токомбаева, татар тілінде – М.Максуд және Н.Арсланов, француз тілінде – Ғалымжан Мұқанов, ағылшын тілінде – А.Самохмалов, түрікмен тілінде – А.Хайидова, Т.Қасымова, П.Искакова және М.Хамраева Абайды ұйғыр тілінде сөйлеткен.

Абайдың өміріне қатысты қызықты деректер

  • Абай Құнанбайұлының шын есімі – Ибраһим. Әжесі Зере «Абай» деп еркелеткеннен кейін «Абай» атанып кеткен;
  • Құнанбайұлы көптеген өлеңіне өзі ән жазған. Олардың ішінде кеңінен тарағаны – «Көзімнің қарасы»;
  • Абай Құнанбайұлы алғашқы өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялап жүрген;
  • Абай Құнанбайұлы 13 жасында ел басқару жұмысына араласқан;
  • Абай Құнанбайұлының алғашқы махаббаты – Тоғжан;
  • Абай Құнанбайұлы 1860 жылы Ділдәмен отау құрған. Ол кезде Абай 15 жаста болды;
  • Абай Құнанбайұлы 16 жасында әке болды;
  • Абай Құнанбайұлы 21 жасында болыс болып сайланды;
  • Абай Құнанбайұлы екінші әйелі Әйгерімге 30 жасында үйленген;
  • Еркежан – Абайдың әмеңгерлік жолмен үйленген әйелі. Ол Абайдың інісі Оспанның қалыңдығы болған. Еркежан Абайға өз қалауымен тұрмысқа шыққан;
  • Абай Құнанбайұлының 36 жасында тұңғыш немересі Әубәкір дүниеге келді.

Қорытынды

Абайдың өз өлеңдері мен қара сөзбен жазылған ғибраттарында қазақ қоғамы өмірінің барлық жақтарын ашып көрсетті. Одан ақыл-кеңес сұраған дала тұрғындары ағылып келіп жатты. Атап айтқанда, оған Баянауыл өлкесіндегі белгілі шежіресі, әрі ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы келіп тұрды. Абаймен Семейге саяси жер аударылып келгендер де санасатын. Міне, мұның бәрі патша үкіметі шенеуніктері мен олардың жергілікті кейбір итаршыларының тарапынан қызғаныш пен көре алмаушылық, тіпті саяси күдік туғызды. Ақынның үстінен өсек айту мен жала жабу әрекеттерін күшейтті. Патша үкіметінің әкімшілігі Абайдың соңына шам алып түсіп, аңду орнатты. Тіпті 1903 жылы Семей полицмейстері ақынның және оның балаларының үйіне тінту жүргізді.

Жақын туыстары мен балаларының бірінен соң бірінің қазаға ұшырауы, оның үстіне ізіне түсіп қудалауға душар болуы ақынның денсаулығына әсер етті. Абай 1891 жылы өзінің ең жақсы көретін інісі Оспаннан айырылды. 1895 жылы үлкен ұлы Әбдірахман қайтыс болды. 1904 жылғы көктемде оның тағы бір ұлы Мағауия дүниеден өтті. Бұл қайғылы оқиғалар Абайға аса ауыр тиді. Мағауияның өлімінен кейін 40 күн өткенде Абайдың өзі де қайтыс болды.

Ақын өзінің талантты шәкірттерін тәрбиелеп өсірді. Абайдың ізбасар шәкірттері Шәкәрім, Көкбай, Ақылбай, Кәкітай және Мағауия болды.

Абай көзі тірісінде өзінің өлеңдерін жинаған емес. Олардың әрқайсысын бір жапырақ қағазға жазып, жастарға таратып бере берген. Олар Абайдың өлеңдерін жаттап алып отырған. Сөйтіп Абай өлеңдері қазақ даласында ауыздан ауызға таралып кете барды. Оның өлеңдері қолдан қолға көшіріп алынды. Ондай қолжазба көшірмеге ие болу әрбір сауатты қазақ үшін зор ғанибет болатын. Кейінірек Абайдың туындыларын оның ұлы Тұрағүл жинастыра бастады. Абай өлеңдерінің ең алғашқы жинағы 1909 жылы ақын Кәкітайдын арқасында Қазан қаласында басылып шықты. Абай Құнанбаевтың өлең- дерін жинауға және бастырып шығаруға көп күш-жігер жұмсап, игі ыкпал еткен адал ақын Көкбай Жанатайұлы (1864—1927) болды. Ол өлеңдер белгілі қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың редакциясымен басылып шықты.

Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Абай есімі дүние жүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гетелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады. Қазақстанда ұлы Абайдың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге, Алматы Ұлттық университетіне, Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына берілген. Ұлы ақынның құрметіне Қазақстан мен Ресейде ескерткіштер орнатылған. Қазақстанның жоғары оқу орындарында Абай шығармашылығына арналған халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар жыл сайын өткізіліп тұрады. Жақында Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы жарлыққа қол қойған болатын. Аталған құжатқа сәйкес, келесі жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы тойланады. Осыған орай, биыл 1 шілдеге дейін мемлекеттік комиссия құрылады. Ал 1 қазанға дейін мерейтойды дайындау және өткізуге арналған  жалпыреспубликалық жоспар бекітілуі шарт.

Бұдан бөлек, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында атап өту жоспарланған.

Ұсыныстар: 

  1. Абай атамыздың шығармаларын бастауыш сыныптан бастап тереңірек оқытып, бастауыш сыныптарға арнап “Абай оқуларын” өткізсе.
  2. Абай шығармалары бастауышта таңдау курсы ретінде өтілсе.
  3. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы мектебімізде кеңінен тойланып, ауданымызда жоғары дәрежеде өтілсе;
You May Also Like

Бөлме гүлдерінің пайдасы және емдік қасиеттері, ғылыми жоба слайд

Балқарағай – адам денсаулығына қажетті құндылық, ғылыми жоба

ҒЫЛЫМИ ЖОБА Тақырыбы:   Балқарағай – адам денсаулығына қажетті құндылық. Мазмұны Абстракт Кіріспе…

Влияние промышленного предприятия “Жезкентский горно-обоготительный комбинат” на подземные воды научный проект слайд

Қарағанды-менің туған өлкем, ғылыми жоба